16.09.2026, 17:10
Оқылды: 10

БҚО-да еріктілер «Тақсай ханшайымы» кешенінің аумағын абаттандырды

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында экологиялық бастама тарихи мұраны сақтауға бағытталған жұмыстармен ұштасты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тұрғындар мен еріктілер «Тақсай ханшайымы» тарихи-археологиялық кешенінің аумағын тазалап, ретке келтірді.

InShot_20260916_170116851

«Тарихқа тағзым» акциясына жергілікті тұрғындар, жастар, еріктілер және қоғам өкілдері қатысты. Қатысушылар кешен аумағын қоқыстан тазартып, айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Акцияны өткізу орнының таңдалуының өзіндік мәні бар. «Тақсай ханшайымы» тарихи-археологиялық кешені – Батыс Қазақстан облысының маңызды тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі. Сондықтан аумақты тазарту тек экологиялық бастама ғана емес, тұрғындардың назарын туған өлкенің тарихи мұрасын сақтауға аударудың бір жолы болды.

InShot_20260916_170317382

Теректі ауданы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы әрі акцияға қатысушы Дастан Төлеген тарихи нысандарға ұқыпты қарау әр адамның жеке жауапкершілігінен басталуы керектігін атап өтті.

«Туған жерге деген сүйіспеншілік туралы айтқанда, ол ең алдымен біздің іс-әрекетімізден көрінуі керек. Тарихи орындар – кейінгі ұрпаққа аманат етуге тиіс ортақ жадымыздың бір бөлігі. Осындай акциялар жастарға мұраға қамқорлық қарапайым нәрселерден басталатынын көрсетеді: қоқыс қалдырмау, тазалықты сақтау және тарихи аумақтарға ұқыпты қарау. Мұның бір күнмен немесе бір акциямен шектелмей, әрқайсымыздың күнделікті әдетімізге айналғаны маңызды», – деді Дастан Төлеген.

InShot_20260916_170429143

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи нысандардың тазалығын сақтау – тек абаттандыру мәселесі емес. Мұндай орындарға ұқыпты қарау ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын келешек ұрпаққа лайықты күйде жеткізуге мүмкіндік береді.

 

 

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале