Соңғы уақытта Жаңақала ауданында өрт оқиғалары жиілеп кетті. Тәулік тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін күзету жолында еңбек етіп жүрген аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №16 өрт сөндіру бекетінде 20 қызметкер мен 4 арнайы техника бар.

Төтеншеліктердің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы қазіргі уақытқа дейін аудан көлемінде 15 өрт оқиғасы орын алған. Оның 1 гараж, 4 тұрғын үй, 9 шаруашылық құрылыс, 1 аумағы 600 гектарлық дала өрті. Сондай-ақ 44 жану оқиғалары тіркелген. Оның ішінде 20 оқиға жалпы аумағы 300 гектар далалық құрғақ шөптің жануы болып табылады. 2 рет адам іздестіру жұмыстары мен авариялық құтқару жұмыстары жүргізілген. Өткен оқу жылының соңында Жаңақазан ауылындағы қабырға қайыстырарлық жағдайды да жоққа шығара алмаймыз. Суға бату фактісі бойынша 1 жағдай орын алып, 3 оқушы сол сәтте қаза тапқан болатын. Бұлардың барлығы тек 8 айда болған жағдай.
- Қауіпсіздік шараларын ұстану барлық адамға міндеттелген. Өрттің шығуы ұмытшақтық пен бейқамдықтан туындайтыны таңғаларлық жәйт емес. Әр тұрғын от көздерінен, ұшқын мен алаудан сақтанып, электр құрылғыларын үнемі тексеруі тиіс. Ошақ жағатын тұрғын үйлерде пештің температурасы 600-800 градусқа дейін жетіп, одан пеш қабырғалары мен түтіндік қызады. Бұндай жағдайларда газға улану оқиғасы жиі кездеседі. Үй ауласында да қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызы зор. Қоқыс пен құрғақ шөпті бейберекет жағу, отты қараусыз қалдыру – үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар бөлімі халықпен етене байланыс жүргізіп, тұрақты түрде ауыл-аймақ пен елді-мекендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Үй-үйді аралау барысында азаматтарға өртке әкелуі мүмкін жолдарды болдырмау туралы айтылады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды әуреге салу емес, ең бастысы, адам өмірін сақтау және төтенше жағдайдың алдын-алу. Сондай-ақ, келеңсіз жәйт орын алғанда түрлі айыппұлдар заң аясында қарастырылғанын да ескереміз. Мәселен, 336-бап – қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін жеке тұлғаға – 20 АЕК, лауазымды тұлғаға – 50 АЕК, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымға – 200 АЕК, орта бизнеске – 300 АЕК, ірі бизнеске – 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. ҚР ӘҚБтК-нің өрт қауіпсідігі талаптарын бұзу немесе орындамау туралы 410-бабында – жеке тұлғаға 5 АЕК ескерту немесе әкімшілік жаза тағайындалады. Лауазымды тұлғаға және шағын бизнеске – 15 АЕК, орта бизнеске – 50 АЕК, ірі бизнеске – 150 АЕК. Егер жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса – тиісінше 10,20,100 және 250 АЕК есепбінде айыппұл салынады. Бұзушылық салдарынан адам денсаулығына айтарлықтан зиян келтірсе – 10-300 АЕК аралығында айыппұл қарастырылған. Сондықтан әр тұрғын «өрт бізге келмейді» деген қате түсініктен арылып, қаупсіздікке жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені өрттің алдын алу – оның зардабын жоюдан әлдеқайда тиімді. Әр отбасы өз үйіндегі қауіпсіздікке бүгіннен бастап көңіл бөлсе, талай келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Нұрлыбек Сәрсенов.

Қауіп төнген сәтте көмекке асығып, ел игілігі үшін маңдай терін төгіп жүрген сала қызметкерлері мен өрт сөндіруші мамандардың еңбегіне елдің бағасы әрқалай. Кейде тілсіз жаумен арпалысқан мамандарға «кешігіп келді», «суы таусылып қалды» деген сын-пікірлер айтылып жатады. Әрине, қиын кезде қолдау күткен тұрғынның да уәжін түсінуге болады. Көптің көңілінен шығып, ризашылығына бөлену де оңай емес. Десе де, күн сайын қауіппен бетпе-бет келіп, өзгенің өмірі мен мүлкін қорғау үшін басын бәйгеге тігетін ержүрек жандарға алғыс айтып, еңбегін бағалайтын жандар да баршылық. Осындай азаматтардың бірі – өз басынан өткен жағдайды айтып, өрт сөндірушілерге ризашылығын жеткізді.

- Отбасымызға оқыстан төнген қауіпке дер кезінде келіп көмек көрсеткен Жаңақала ауданының төтенше жағдайлар бөлімі және өрт сөндіруші жігіттерге алғыс айтамын. Келеңсіз жағдайда отбасы мүшелерін түгелдей аман алып қалып, үйімді шарпыған өртке қарамастан бастарын қауіпке тіккен мамандарға өз ризашылығымды білдіремін. Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін, - дейді Бабажанов көшесі 33 үйдің тұрғыны Ақжол Дәулетов.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы