22.09.2026, 16:50
Оқылды: 6

Ақжайық ауданы: Қабыршақтыдағы «Жас сақшылар» сыныбы

Отансүйгіштік, елжандылық – осының бәріне бүгінде жас ұрпақты мектеп қабырғасынан тәрбиелеу ерекше маңызға ие. Әрине, мұндағы басты мақсат – көкөрімдердің бойына жауапкершілік пен елдік сананы сіңіру. Заңды құрметтейтін, тәртіпті төрге оздырған ұл мен қыз Отаны алдындағы міндетін де терең ұғынбақ. Осы ақиқатты Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да жастарға арнаған сөзінде әрдайым атап өтеді. Аталмыш бағыттағы тәрбиелік жұмыстың үлгісі ретінде бүгін Қабыршақты орта жалпы білім беретін мектепте Ұлы Отан соғысы және ішкі істер саласының ардагері Хасан Сұлтанғалиев атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.

IMG_7857 

Ашылу салтанатына облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Сағын, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ақылбек Елекешев, Х.Сұлтанғалиевтің ұлы Болат және немересі Диас Сұлтанғалиевтар қатысты.

Қатысушылар алдымен ел қорғаған және қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

– «Заң және тәртіп» идеологемасы аясындағы бұл жобаның мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, патриоттық рухын көтеру. Облысымыздың мектептерінде осындай сыныптар ашып, жасөспірімдерді құқық қорғау саласының жұмысына ерте жастан бейімдеуді қолға алдық. Бұл – Ақжайық ауданында ашылған алғашқы сынып, облыста сегізінші. Осы сыныпта дәріс алатын шәкірттер полиция қызметімен етене танысып, бірлескен шаралар өткізіп, мектеп қабырғасынан бастап, қоғам тыныштығын сақтауға тәрбиеленеді, – деді шарада сөз алған Қадыржан Сағын.

Сонымен қатар ашылу салтанатында Зәйлім Мәжитова, Болат Сұлтанғалиев, аудандық полиция бөлімінің тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Ахметов сөз сөйледі. «Жас сақшы» сыныбының шәкіттері «Жас сақшылар» туын қабылдап, Отанына адал болуға уәде берді.

Полиция сыныбының лентасын С.Қадыржан мен Б.Сұлтанғалиев қиды.

«Жас сақшылар» полиция сыныбының негізінде мектепте арнайы үйірме құрылған. Мектеп директоры Айша Қайсақованың айтуынша, осы бағыттағы жұмыс білім ордасында мамыр айында басталған. Лайықты кабинет таңдап алынып, қажет құрал-жабдықтармен жасақталды. Қабырғада Ұлы Отан соғысының ардагері Хасан Сұлтанғалиевтің ерлік жолы мен қызметін баяндайтын стендтер, әскери, полиция саласының қызметін кеңінен әйгілейтін көрнекті құралдар, «Бейбіт күннің батырлары» стенді ілініп тұр.

– Мұнда 7-11 сыныптардан іріктілеп алынған 18 ұл мен қыз патриоттық білім алады. Оқушылар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жетекшілігімен кешенді дайындықтан өтеді. Бағдарлама аясында олар дене дайындығы мен өзін-өзі қорғау дағдыларын меңгереді, құқықтық қызмет негіздеріне үйренеді. Бұл оқу үрдісі жалпы білім беру бағдарламасымен қатар жүзеге асып, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді, – дейді мектеп директоры А.Қайсақова.

Әлия ШАРАПИЕВА

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале