22.09.2026, 23:50
Оқылды: 4

Шыңғырлаулық байланысшы «Үздік тәлімгер» атанды

Бір мамандықты таңдап, сол саланың қыр-сырын жылдар бойы меңгеріп, кейінгі буынға білгенін үйрету – үлкен жауапкершілік. Ал қызмет пен отбасы міндетін қатар алып, әулеттің берекесін сақтап, өз ортасына сыйлы болу әйел адамға тән сабыр мен табандылықты талап етеді.

image-22-09-26-11-48_edit_151640622708506

Осындай ғибратты ғұмыр иесінің бірі – байланыс саласында 39 жылға жуық уақыт табан аудармай еңбек етіп келе жатқан, жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, кәсіби жолына бағыт-бағдар беріп жүрген Ақкүн Оразалина. Биыл Еңбек күні қарсаңында оның көп жылғы маңдай тері мен тәлімгерлік еңбегі еленіп, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Бұл марапат бір күндік еңбектің емес, жылдар бойы қалыптасқан кәсіби шеберлік пен адамдық жауапкершіліктің жемісі.

Ақкүн Исақызы 1967 жылғы 1 тамызда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Разъезд-77 Чағар ауылында дүниеге келген. 1974-1984 жылдары орта мектепте білім алып, одан кейін Ақтөбе байланыс техникумында оқып, мамандықтың қыр-сырын меңгерді.

1987 жылы Шыңғырлау аудандық байланыс бөлімшесіне электромонтер болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастады. Сол жылдың 24 тамызынан бастап Ақбұлақ ауылында электромонтер қызметін атқарды. Жас маман үшін бұл кезең кәсіби тұрғыдан шыңдалудың, тәжірибе жинақтаудың маңызды мектебіне айналды.

Содан бері байланыс саласы Ақкүн Исақызының өмірімен біте қайнасып келеді. Әр жыл, әр кезең оның кәсіби тәжірибесін байытып, жауапкершілігін арттырды. Қазіргі таңда ол желілік байланыс бөлімінде станса (АТС) инженері қызметін абыроймен атқарып келеді.

Байланыс саласында ондаған жыл еңбек ету техниканың тілін білумен ғана шектелмейді. Мұнда ұқыптылық, тиянақтылық, жылдам шешім қабылдау, жауапкершілік пен үнемі ізденіс қажет. Ақкүннің осы қасиеттері оны әріптестері арасында беделді маман ретінде қалыптастырды.

"Қазақтелеком" АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Әділбек Нұрғазиев әріптесінің еңбек жолын кейінгі буынға үлгі боларлықтай деп бағалайды.

– Ақкүн Исақызы — өз ісін жақсы білетін, жауапкершілігі жоғары, тәжірибесі мол маман. Оның басты ерекшелігі — көп жылғы кәсіби тәжірибесін жастармен бөлісе білуі. Жаңа келген мамандарға жұмыстың қыр-сырын түсіндіріп, қиындық кездессе қолдау көрсетіп, әріптестеріне үнемі бағыт береді. Осындай мамандардың арқасында ұжымдағы кәсіби сабақтастық қалыптасады. Оның «Үздік тәлімгер» атануы — өз еңбегінің ғана емес, жастарға жасаған қамқорлығының да бағалануы, – дейді.

Ақкүн Исақызының өмір жолын еңбекпен ғана байланыстыру аздық етеді. Оның тағдырында отбасы, әулет, келіндік парыздың да өзіндік орны бар.

Шыңғырлаулық Мұхтар Оразалинмен  шаңырақ көтерді. Оразалиндер әулетінің қарашаңырағына келін болған Ақкүн  ата-енесінің алдынан өтпей, олардың көңілінен шығып, үлкен әулеттің берекесін сақтаған ибалы келін атанды.

Қазақ қоғамында келіннің орны қашанда ерекше бағаланған. Ата-енені сыйлау, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, үйдің тіршілігін ұршықша иіру сырт көзге қарапайым көрінгенімен, күнделікті үлкен еңбекті талап ететін міндеттер. Ақкүн бұл жауапкершілікті қызметімен қатар алып жүрді.

Бір жағында  байланыс саласындағы жауапты жұмыс, екінші жағында отбасының тірлігі. Таңертең жұмысқа асығып, кешке үйдің шаруасына кірісу, бала тәрбиесі, ата-ене алдындағы міндет, ағайынмен аралас-құралас болу мұның бәрі  айналасы Ақкүн мама деп сыйласқан тірліктер еді.

Жолдасы Мұхтармен бірге отбасылық қиындықтарды да, қуанышты сәттерді де еңсеріп, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларының қызығын көріп, немере сүйген ардақты ата-әже.

Оның өмір жолына қарасаңыз, еңбек ұғымының тек қызмет орнымен шектелмейтінін аңғаруға болады. Еңбек – жұмыстағы жауапкершілік болса, отбасыдағы еңбек – шаңырақтың берекесін сақтау. Ақкүн осы екеуін бір-бірінен бөліп қарамай, өмір бойы қатар алып келеді.

Көп жылдық тәжірибенің ең үлкен мәні одан кейінгі буынның игілігіне айналуында. Ақкүн Исақызы осы қағиданы берік ұстанады.

Ол қызметке жаңадан келген жастарға тек кәсіби міндеттерді түсіндіріп қана қоймай, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды, әр істің нәтижесіне мән беруді, әріптестермен тіл табыса білуді үйретіп келеді.

Тәлімгер болу жас маманға жұмысты көрсетіп қою емес. Оның бойына мамандыққа деген сүйіспеншілікті, еңбекке деген құрметті қалыптастыру. Ақкүннің тәлімгерлік жолының ерекшелігі де осында.

"Жастардың бойына еңбек мәдениетін сіңіру үшін алдымен өзің үлгі болуың керек" деген ұстаным оның қызметінен анық байқалады. Өйткені жас маман көп жағдайда айтылған сөзден гөрі, күнделікті көрген іс-әрекеттен көбірек үйренеді.

Ақкүн Оразалинаның кәсіби жолы түрлі марапаттармен де бағаланған. 2009 жылы Құрмет грамотасымен, 2010 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 25 жылдық мерейтойлық медалімен, 2012 жылы «Үздік маман» дипломымен марапатталды.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысхатын алып, сол жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды. 2022 жылы тағы да Құрмет грамотасына ие болды.

Ал биылғы Еңбек күні қарсаңында облыс әкімінің алғысхатымен марапатталуы — оның еңбек жолындағы тағы бір маңызды белес.

Бұл марапатты Ақкүннің өзі ғана емес, оның отбасы мен әріптестері де зор қуанышпен қабылдады. Өйткені адал еңбектің бағалануы кейінгі ұрпаққа да үлкен өнеге.

Ақкүн  Оразалинаның өмір жолына зер салсақ, еңбекпен келген абыройдың мәнін аңғарамыз.

Еңбек жолын қарапайым электр монтерінен бастап, бүгінде тәжірибелі инженер дәрежесіне жетуі табандылықтың айқын көрінісі. Ал артынан ерген жастарға білгенін үйретуі оның еңбегінің жалғастығы.

Еңбек күні – осындай еңбек адамдарына тағзым ететін, маңдай тердің қадірін бағалайтын мереке.Елімізде  адал еңбекті, кәсіби шеберлікті дәріптеу және әрбір сала қызметкерінің ел дамуына қосқан үлесін бағалау арқылы  жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Сара Шакрат, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале