22.09.2026, 23:55
Оқылды: 0

​Қазталов ауданы: «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Қазталов ауданында аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік, кәмелетке толмағандарды қорғау, интернет-алаяқтықпен күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысына арналған ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

image-22-09-26-11-51-2

Ағымдағы жылдың 18 тамызындағы №289 қаулыға сәйкес «Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның» атауы «Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия» болып өзгертілген еді. Басқосуда баяндама жасаған аудан әкімі аппаратының бас инспекторы – заңгерінің міндетін атқарушы Назерке Гайсина жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқықбұзушылықтар 45,5 пайызға төмендеп, 6 қылмыстық теріс қылық тіркелгенін, 31 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 53 қорғау нұсқамасы шығарылғанын жеткізді.

Сонымен қатар мүліктік қылмыстардың, әсіресе мал ұрлығы мен қараусыз жүрген малдың кесірінен орын алған 23 жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын таңбалау мен рейдтік шаралар күшейтіліп, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша 189 факті анықталып, 1,3 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны, айыппұл тұрағына 502 мал қамалғаны мәлімделді.

image-22-09-26-11-51-6

Бұдан бөлек, Казталов пен Жалпақтал ауылдарындағы бейнебақылау жүйелерінің жұмысы қаралып, Жалпақталдағы уақытша істемей тұрған 4 камераны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

​Жиында аудан прокуроры Ерлан Гайпов «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидасы аясында жұмыстарды күшейтіп, нақты іс-шараларды қолға алу қажеттігін ұсынды.

Өз кезегінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева аудандағы 35 мектептің 25-і терроризм тұрғысынан осал объектілер санатына жататынын, тек төрт мектепте турникет орнатылып, лицензияланған күзет қызметі жолға қойылғанын, ал бейнебақылау мен дабыл жүйелерінде техникалық мәселелер бар екенін баяндады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық бойынша биыл 3 ұрлық фактісі тіркеліп, түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерге қатысты 290 әкімшілік хаттама толтырылған, сондай-ақ ата-аналық міндеттерін орындамайтын 5 отбасы профилактикалық есепте тұр. Цифрлық қауіпсіздік бағытында 3 алаяқтық дерегі тіркеліп, 12 мыңнан астам тұрғынды қамтыған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 13 нысан бойынша сотқа материалдар жолданып, заңды тұлғаларға жалпы 3,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

image-22-09-26-11-51-3

Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов балалардың қауіпсіздігін күшейту, қолайсыз отбасыларға бақылауды арттыру, есептегі балаларды үйірмелермен қамту және интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық жұмысты жандандыру бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы, 

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале