Қазақстанда 25 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланды
25.09.2026, 16:00
Оқылды: 10

Оралдағы Қыркүйек оқиғасы жадымызда

«Қайта өрлеу комитеті» дегеннің қызметіне дер кезінде баға бермей, оны бақыламай отырған Орал қалалық атқару комитеті мен құқық қорғау құрылымдары тарапынан байқалып отырған жайбарақаттылықпен де келісуге болмайды... Қалыптасып отырған жағдайға байланысты облыстың барлық тұрғынына арандатушылық әрекеттерге қарсы қоғамдық наразылықты білдіретін үндеу қабылдау қажет деп есептеймін.

azattyqasia.org

Орал қаласындағы митингі алдын ала жасалған сценарий бойынша өтті. Мәскеуден келген азамат бұрыннан да белгілі арзан әдістерді пайдаланып, тарихи фактілерді бұрмалады...» (Т. Рысбеков, Тарихи тұлғалар: уақыт және өмір жолдары. Алматы: «Абзал-ай»,  2014, 399-400-беттер).

Сол жылы Алматыда тамыз айында Ресей (А. Руцкой бастаған) және Қазақстан (Н. Назарбаев) делегацияларының жұмысшы кездесуі өтті. Басқа мәселелердің ішінде делегация көңілін аударған казактар және олардың позициясы жөніндегі мәселе болды. Мазмұндамада «Азаматтардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың ұлтаралық келісімді бұзуға бағытталған әрекеттері заңсыз деп танылсын» деп мәлімденді (К. Фокин, Финал трагедии. Уральские Казаки в XX в. М.: Аким.  1996 – с.372). Бірақ бұл мазмұндама да казактарды тыныштандырмады. Шиеленіскен жағдайды шешу барысындағы күрделі жағдайлардың қатарына казактардың атаманы А. Качалиннің Мемлекеттік қауіпсіздік бойынша облыстық комитеттің басқарма басшысы В. Червяков пен облыстық әскери комиссариаттың басшысы Д. Кравченкомен астыртын байланысының болуы еді.

Облыстық штаб мәжілісіне қатысқан МҚК басқармасының басшысы В. Червяковтан «Казактардың мына қауіпті іс-әрекеті неге сізді алаңдатпайды?» деп сұрады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының «Казактарды экстремизм мен қарулы отрядтар құрып жатыр деп қауіптенуге ешқандай негіз жоқ» деген жауабы қатысушылардың наразылығын туғызды. Ол «Бейбіт тұрғындар арасында үрей туғызбаңдар» деп ақыл айтты. Жағдай белгілі болды. Казактардың мұндай қауіпті қимылдары Алматыдағы басшылықты да алаңдатпаған сияқты. Өйткені төніп келе жатқан қауіп туралы облыс басшылығының жіберген ақпаратына ешқандай жауап ала алмаған соң, солай ойлауға тура келді.

nic-pnb.ru

Осыдан кейін Мәскеудегі жоғары қауіпсіздік құрылымдарына ресми хабарласуға шешім қабылданды. Ол үшін қолда В. Червяковтың ұлтаралық араздықты қоздыруға кінәлі екеніне бұлтартпас дәлел болуы тиіс еді. Ал бұл оңай емес. Оның казактар басшыларымен жасырын түрде жиі кездесетіні туралы хабарлады. Бұл істе ардагер барлаушы Ақас Аманғалиев, облыстық МҚК басқармасы басшысының орынбасарлары Т. Дәулетов пен Т. Темешевтің берген кеңестері мен көрсеткен көмектері айтарлықтай болды. Олар чекист ретінде Отанға адал қызмет етумен қатар, туған халқының және ұлтының алдында борыштар екеніне түсіністікпен қарады. Бір аптадан соң В. Червяковтың атаман А. Качалинмен болған әңгімесінің жазбасы белгілі болды. Онда облыстық МҚК басқармасы, оның басшысы жаулық бағыттағы Орал казактарына «мерекелік шаралар» өткізуге дайындалуына жан-жақты көмектесіп жүргені белгілі болды. В. Червяковпен болған әңгімеде ол мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының қызметіне обкомның араласуға құқы жоқ екенін қайта-қайта ескертіп, ақтала қоймады.

Президенттің ұсынысымен облыс басшысы Н. Есқалиев КСРО МҚБ-ның төрағасы
В. Крючковтың қабылдауына қол жеткізді. Оған В. Червяковтың казак атаманымен әңгімесінің жазбасын көрсетті. Төраға тәжірибелі кәсіби маман болғанымен, таңданысын жасыра алмады. Ол ештеңені уәде етпестен, «өзім анықтаймын» деді. Бір аптадан соң Мәскеуден МҚК басқармасының жұмысын тексеруге комиссия келді. Тексеру нәтижесінде мынадай шаралар алынды. В. Червяковты Саратов облысына МҚК басқармасына орынбасар етіп жіберді. Бір айдан соң облыстық МҚК басқармасының жаңа басшысы
А. Дружинин келді. Ол – шешесі жағынан татар, қазақ тілін, қазақтың мәдениеті мен дәстүрін жақсы білетін. Оның орынбасары жерлесіміз Т. Темешев болды.

Екінші мәселе облыстық әскери комиссариат басшысы Д. Кравченкомен байланысты еді. Облыстық әскери комиссариаттың басшысы  казактардың жиналыстарына өзі қатысатыны туралы хабар жетті. Ол Қорғаныс министрі Д. Язовтың қолдауына ие екен-дігін жасырмады. Бірінші хатшыға Ресей газетінде Дон казактары туралы жазылған бір мақаланы көрсетті. Онда Ростов казак округінің атаманы В. Попов «маршал Язов – дон казактарының ұрпағы. Ол Кеңес әскерінде казак бөлімдерін құру идеясын құптайды» дейді. Бұл енді шектен шыққандық еді. Сондықтан алдын алып, ең алдымен, әскери комиссардан құтылу қажет болды. 1991 жылы шілдеде бірінші хатшыға Қадыр Мұқатаев ақсақал келіп, 1991 жылы қаңтарда Вильнюсте телеорталықты қоршаған танк бөліміндегі Кеңес әскерінің полковнигі,  өзінің ұлы Геннадийді Оралға қайтаруды сұрады. Литвалықтарды жуасыту үшін күш қолдану сәтсіздікке ұшыраған соң, Геннадий бөлімнен кетіп қалып, біраз уақыт жасырын жағдайда жүр
екен. Кеңес Одағының Батыры, ардагер С. Нұрмағамбетовке және басқа әскери басшыларға айтып, Геннадий Кадырұлын тауып, облыстық әскери комиссариаттың орынбасары қызметіне орналастыруға жәрдемдесулерін өтінді. Бұл ГКЧП-дан тура бір апта бұрын болды. Өзінің еңбек демалысын сұрап жүрген Кравченко үшін бұл күтпеген жағдай болды. Ол демалуға кетті. Ал қыркүйек оқиғасының ең қиын күндерінде Геннадий өзін қабілетті, батыл және тез шешім қабылдайтын командир екенін көрсетті. Ол резервтегілерден (1800 адам) сенімді әскери мобильді отряд құрып, милицияға белсенді көмек көрсетті. «Казактар бүлігі» басылып, билік толық қолымызда болған соң, облыс басшылығы Геннадий (Құспан) Мұкатаевты облыстық әскери комиссар етіп тағайындатты. Ал Кравченко орынбасар болды. Кейін ол өзінің Отаны Украинаға кетті. Өлкеміздің патриоты Құспан Қадырұлы  республика Қарулы күштерінің құрылуына белсене қатысты әрі Батыс Қазақстаннан шыққан әскери басшылар мен хандар туралы тарихи мәліметтерді іздеп, жинап, жариялаумен айналысты. Үлкен азамат!.. (Т. Рысбеков, Тағдыр соқпақтары. Орал: Полиграфсервис. - 2021..260-261-беттер).

Жұмысшылардың пәс көңіл күйін ақ казактардың жаңадан бас көтере бастаған ұрпақтары пайдаланып қалуға ұмтылды. Бірақ қиын кезде адамдар түсіністік пен ұйымшылдық танытты. Халықты азық-түлікпен, газбен, электр жарығымен жабдықтауда, қаланы жұмыспен қамтамасыз етуде ешқандай жолсыздыққа жол берілмеді. Осы кезеңде облыстың партия және кеңес ұйымдарының халықты біріктіруші рөлі ерекше байқалды. Ауыл еңбеккерлері және Қазақстан басшылығы мен оның шетелдің кеңесшілерінің араласуымен Қарашығанақ оған бағынудан кетеді деп қорыққан В. Черномырдиннің көмегімен құрылған республикалық ұйым – «Қазақгаз» концерні көп көмек көрсетті. Орынборда Қарашығанақ шикізатына есептелген газ өңдейтін зауыт салынып жатты. Концерн басшысы етіп  Ливиядан оралған тәжірибелі ұйымдастырушы Есет Әзербаевты тағайындады.

Қалада құқық қорғау құрылымдарына жәрдем беру үшін халық жасақшылары атымен қалада және аудандарда жастардан арнайы топтар дайындалды. Милиция басшысы
В. Шумовқа маңызды мемлекеттік нысандарды күзету қажет болған жағдайда кемі бір батальон ішкі әскерді алуға қол жеткізу тапсырылды. А. Дружининнен осы кезде облыстық МҚК басқармасы қызметкерлерінің қатарын доғарыстағы чекистермен толықтыру сұралды. Адамдарды шұғыл тасымалдау үшін әрбір көлік кәсіпорындарына қосымша аутобостар, жүк және жолаушы көліктерін әзірлеу тапсырылды. Облыстық әскери комиссар Г. Мұқатаевқа бұрын әскерде болған сенімді адамдардан екі мың резерв әзірлеп, оларды қаруландыру тапсырылды. Медицина, тамақтану нысандарын және басқасын дайындау қажет болды. Облыс басшысы Н. Есқалиев республикалық, одақтық құрылымдардан жәрдем
болмайтынын, тек өз күшімізге сену қажет екенін айтты. Сөзінің дәлелі ретінде олар-
ға республикалық соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры
С. Нұрмағамбетовпен болған әңгімені айтты. Генерал Орал қаласына төтенше қауіпті жағдайға байланысты әскер құрамын енгізуге Қазақстанда ешкімнің құқы жоқ екенін ашық айтты. Ақсақал: «Бұл – тек Мәскеудің құзырында», – деп өзінің шынымен жәрдемдесе алмайтынын мойындады. Бұл жағдай оған ауыр тигені сезілді. Мұндай қиын кезде милиция, қауіпсіздік мекемелерінің қызметкерлерін, жалпы, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын асқан қырағылық пен сақтыққа дайындау және облыс пен қала аймағына шақырылмаған «қонақтар» келген болса, жағдайды шиеленістірмеу өте маңызды болды. Ал ондай шақырылмаған «қонақтар» келуі мүмкін. Ол кез Кеңес одағының тарар алдындағы соңғы кезеңі болғанымен, барлық республикалық мекеме Мәскеуге бағынатын. Сондықтан Қазақстанда ешкім де кеңес елі азаматтарының қандай оймен болсын жасаған жоспарларына кедергі келтіре алмайтын. Сол себепті де Оралда казактардың іс-шара өткізуін тоқтата алмайтын еді.

12 қыркүйекте текетірес шарықтау шегіне жетіп, манифестациялар мен митингілерге ұласты. 13 қыркүйекте Оралда жағдай күрт шиеленісіп кетті. «Невада-Семей» қозғалысының көсемдері А. Адылов пен А. Асылбеков бастаған «Азаттың» өкілдері қатарынан шұғыл үш митинг-манифистация ұйымдастырып, билік құрылымдарынан казактар мерекесін болдырмауды талап етті. Бұл көсемдер олардың талаптары немен аяқталатындықтарын ешқандай түсінбеді. Жағдайды одан әрі шиеленістіру казактардың ашық шабуылына ұласатынын түсіндіруге тырысқанына қарамастан, олар ентелеп алға ұмтылды. «Азаттықтар» казак формасын киюге тыйым салуды талап етіп, жергілікті лауазымды тұлғаларды балағаттады, қорқытпақ болды, митингке шыққандарды қолдау үшін республиканың өзге облыстарынан «Азат» қозғалысының мүшелерін шақырмаққа жиналды. Осы күндері КСРО-ның 14 өлкесінен казак әскерінің 3 мыңдай өкілдері жиналған болса, екінші жақтан «Азат» азаматтық қозғалысы мен «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесі бастауымен Орал қаласының прогрессивті студент жастары, Орал, Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Қызылорда, Жезқазған және т. б. облыстар мен Түркімен-стан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан республикаларының демократиялық күштері өкілдері Орал казактарының «мерекесіне» Ресейдің барлық облысынан келген казак атамандарына наразылық ретінде жиналған халық митингтер, пикеттер ұйымдастырды. Ресми деректерге қарағанда «мерекеге» наразылық шараларына 3 мыңнан 10 мыңға жуық адам қатысты. Оған қоса А. Дружинин мен В. Шумов Ішкі істер министрлігінің арнайы отрядтары мінген ұшақтар Ақтөбеден, Гурьевтен ұшуға бұйрық күтіп отырғанын хабарлады. Қызылорда мен Ақтауда да дайындалып жатты.
Н. Есқалиевтің ауызша үкімімен Орал қаласынан қашықтығына байланысты аудандар 200-ден 500-ге дейін қарулы жігіттерден отрядтар ұйымдастырып, қалаға жеткізуі тиіс болды. (Т. Рысбеков. Тағдыр соқпақтары, б.286; О. Жәкібаев. Азаттық. Қоғамдық-тарихи тақырыпқа үш кітап. Орал: «Полиграфсервис» – 2007, 1 кітап, 277-б.)

Қыркүйек оқиғасының соңы 15-і күніндегі «Зенит» зауытының мәдениет үйінің алдындағы батыр 113-азаттықтың қол ұстасқан сесті әрекетімен, казактардың мәдениет үйіндегі қысқа басқосуымен және шыққаннан кейінгі қашуымен аяқталды.

Қыркүйек оқиғасындағы «азаттықтардың» жанқиярлық батылдығын өткен жылғы мақалаларымызда атап өткен болатынбыз. Бұл арада сол қозғалыстың басы-қасында ұйымдастырушылық әрі басшылық қызметімен көрінген кадрларды білетін саяси көреген дипломат адам – Михаил Иванович Есеналиев жөнінде қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік. М. Есеналиев Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысын ұйымдастырудың бастамашысы болып қана қойған жоқ, ол Батыс Қазақстан облысының басшысы Н. Есқалиевке Қыркүйек оқиғасы барысында ақыл-кеңес  беріп отырды.

Ол казактардың қазақтар үшін қандай қауіпті екенін білетін республика басшыларының бірі еді.  Саратов облысында туған, ұзақ жыл Қазақстан КП ОК-да басшы қызметінде болған ол өзгелер секілді емес, бас көтере бастаған казактар тарапынан төнер қауіпті шын сезіп, «казактар оты қауіпті» деп ескерткен. Баспасөздегі мақалаларында Михаил Иванович орыс шовинистерінің қолшоқпары казактардың іс-әрекеттерінің шын мәнін ашып берді. Ол «Бірнеше ғасыр бұрын Ресей империясының оңтүстік өлкесінде пайда болған казактардың тарихын білетін әрбір қарапайым адам Дон мен Кубаньға аштықтан, жоқтықтан, құлдықтан қашып барған орыс және украин шаруаларынан құралған Дон және Запорожье казактары мен патша үкіметі ұйымдасқан әскери-саяси құрылым ретінде әрдайым қолдап-қолпаштап отырған Орал, Орынбор, Сібір, Жетісу казактары арасындағы айырмашылықты ажырата алады. Олар елдің оңтүстік шекарасын күзету үшін ғана емес, сондай-ақ Сібірге, Орта Азияға, Қазақстанға дендеп кіру үшін, империя шекарасын ұлғайту үшін, көрші халықтарды бағындырып, жаңа жерлерді жаулап алу үшін құрылғаны баршаға белгілі. Казактар Ресейде самодержавиеге қарсы бүлік шығарумен қатар, сондай-ақ патшаның адал құлы да бола білді. Патша билігі бұл әскери-ұйымдасқан күшті Сібірде, Орта Азияда және Кавказда өзінің империялық-басқыншылық мақсатына тиімді пайдаланды» деп жазды.

Нәжімеден Ықсанұлы М. Есеналиевтің ұсынысымен казактар тарихымен танысуды бастады. Біраз тарихи әдебиеттерді, соның ішінде, А. Гордеевтің төрт томдық «Казактар тарихы» еңбегін оқып шықты. Онда «Казактар көшпелі халықтарға жатпайды, бірақ олардың тұрмысына көшпенділердің үлкен әсері болған» деп жазылған екен. Қазақтарды жартылай жабайы ретінде сипаттайтын Жайық казагы, жазушы Иосиф Железновтың еңбегін де оқыды.

1991 жылы маусымның соңында Михаил Иванович телефон соғып, «Нәжімеден, сен де Ресейденсің ғой, сондықтан еріккен казактар нені де бүлдіре алатынын білесің. Егер олар бүлікке бастаса, оларды сөзбен, үгіт-нсихатпен тоқтату қиын. Оралда ақ казактардың ұрпақтары бас көтере бастағанын білемін. Ал Жайық казактары революцияға дейін қазақтарды аямаған. Саған көмектесіп, сендерде «Азат» ҚАҚ бөлімін ұйымдастыру керек. Сіздерге белсенді саяси қарсы күш қажет. Сондықтан оны ұйымдастыруға қол ұшын бер» – деді. Оның қамқорлығына алғыс білдіріп, бірден облыстық парткомиссияның төрағасы, өзіне жақын адам Шынбай Шарафетдиновке осы шараны өзінің жеке бақылауына алуды сұрады. Сол кезде ол ауыр науқас еді. Бірақ соған қарамастан ол саясаткер, патриот ретінде тапсырманы орындауға құлшына кірісті. 1991 жылы 6 шілдеде ол «Азат» ҚАҚ-ның ұйымдастыру мәжілісіне қатысушылардың алдында жалынды сөз сөйлеп, қозғалыстың жұмысына сәттілік тіледі. Өкінішке орай, ол үйіне қайтар жолда аяқ астынан қайтыс болды. (Т. Рысбеков. Тағдыр соқпақтары, 267-б).

Сол қиын жылдардан біраз кейін Нәжімеден Ықсанұлы Р. Сүйербаев екеуі Михаил Ивановичті 70 жасымен құттықтауға барды. Ол қонақтарын Кеңес одағы елшісінің әдемі, ашық түсті генерал формасын киіп, қуанышпен қарсы алды. Майя Ивановна жеңгейдің бай дастарқаны үстінде үш сағаттан астам қызықты, әсерлі әңгіме болды. Ағаның өткен күндердегі жақсы қарым-қатынасын, ел алдындағы әсерлі әңгімелерін сағынышпен еске алғанын көрді. Еліміз бен халқымыз үшін көп іс тындырған адамды қоғамдық-саяси өмірден алыстатып жібергенін білді. Әңгіме 1991 жылғы Орал оқиғаларына ойысқанда, Михаил Иванович «Мен оралдық бауырларым үшін қуаныштымын. Сіздер ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқының иығына түскен тағдырдың ауыр жүгін еңсере алдыңыздар. Ешқандай артық айтқаным емес, сіздер Қазақстанымыздың еге-мендігін сақтап қалдыңыздар. Қазірге дейін мұны көп адам түсінбейді. Жағдай өте жаман болуы мүмкін еді. Мен өзім оптимист адаммын, алайда сол кезде көңілімде біздің жолдастар шыдай алар ма екен деген үлкен қауіп тұрды. Қарсылықты бастап, соңына дейін сіздермен бірге болуы тиіс Алматыдағы идеологияға жауап беретін кейбір республикалық ұйымдардың қайраткерлері «кемеден қашқан тышқандар» тәрізді қалай жан-жаққа қашып кеткенін көрдім. Әйтеуір, бәрі жақсы аяқталды. Құдай бар және оның қазақты қолдайтынына сендім» деді. Оның соңғы сөзі қонақтарға қатты әсер етті, өйткені бұрынғы коммунист, идеолог, атеист адамнан бұрын мұндай сөзді естиміз деп ойламап еді. Ақсақал сол кезде оралдықтардың жағдайын шынымен қатты уайымдағаны көрініп тұрды. (Т. Рысбеков. Тағдыр соқпақтары, 271-б).

Қорыта айтар болсақ, 1991 жылдың қыркүйектің 13-15-і күндері аралығында Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында болған бұл тарихи оқиға елдің есінде. Ол тарихи жадыдан жойылуы мүмкін емес. 1990 жылдың 25 қазанында егемендік декларациясын жариялағанымен, тәуелсіздігін алып болмаған Қазақстан 1991 жылы, осы «Қыркүйек Орал оқиғасынан кейін, араға үш ай уақыт салып, төрткүл дүниеге өзін тәуелсіз елміз деп жар салды. Тәуелсіздікке барар жолда «Желтоқсан көтерілісі» мен Оралдағы «Қыркүйек оқиғасы» тарихи маңызға ие болды. Бұл оқиға – тәуелсіздікті аңсаған, оны баянды етіп орнатуға тырысқан қазақ халқы мен өздерінің патша заманынан мемлекетін құруға әрекет жасаған казактардың өзара текетіресі. Оны көтеріліс деп айтуға болмайды. Көтеріліс – бұл билік жүйесін түбегейлі өзгертпей, қолданылып жатқан саясатқа немесе әділетсіз шешімдерге қарсы бағытталған бұқаралық халық қарсылығы. Осы сөздің сипаттамасын белгілі, әрдайым басшылыққа алатын сөздіктерден қарастырсақ: «Восстание вооруженное выступление против существующей власти» (С.Ожегов. Словарь русского языка, М., 1989, с. 103); «Восстание – массовое вооруженное выступление угнетенных слоев общества против существующей власти» (большой толковый словарь русского языка. С-П., 1998, с. 152); «Көтеріліс – халық бұқарасының, яки белгілі бір көпшілік топтың саяси, әлеуметтік мәні бар құрамды күресі, қарулы ереуілі» (қазақ тілінің сөздігі. Алматы, 1999, б. 331). Дәл осындай сипаттаманы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» кездестіреміз (420-б). Бұл оқиғаға белгілі ақын, жазушы Мұнайдар Балмолданың «Қыркүйек бұлқынысы» деген сипаттамасы көңілге қонымды (М. Балмолда., Көкбөрі. Өлеңдер мен әңгімелер. Орал: Ағартушы, 2006,  247-б).

Екіншіден, осы мәселеге байланысты әдебиетті пайдаланғанда зерттеу жұмыстарының нысаны мен мәнін, тарихи маңыздылығын ашып берудің тәсілдері айқындалып, теориялық және эмпирикалық танымдық деңгейі бөліп қарастырылады. Зерттеу әдістерінің маңыздылығының ерекше болатын себебі оны қабылдаудың біркелкі және ыңғайлы формасына келтіру қажет. Қазіргі ғылыми зерттеу жұмыстарында көптеген тиянақты әдістер қолданылады. Біздің басшылыққа алғанымыз талдау, синтез, жалпы қорытындылау және дедукциялау әдістері болып табылады.

Оқырман назарына ұсынып отырған мақалада бұл оқиғаның себептерін ашып қарау үшін Ресей империясының бодан халықтарға деген шовинистік, ұдайы отарлаушылық қыспағында ұстап отыру және «бөліп ал да билей бер» саясатының қалай іске асырғанына мұқият зер сала қарауымыз керек. Ол үшін тек оқиға басталған кездегі Одақ басшыларының ұстаған саясаты мен соны бүркемелеп, территориялық армандарын іске асыруға тырысқан теріс пиғылдағы күштердің көздеген мақсаттарын жан-жақты сипаттайтын зерттеулер мен баспа бетінде жарық көрген мақалаларға сүйену өте орынды.

Орал оқиғасы кезіндегі жағдайдан мынандай қорытындылар  жасауға  болады:

.Облыс және қала басшылығының жіберген қателіктері мен қабылдаған шешімдерінің солқылдақтығы. Мәселен, Орал казактарының тарихи-мәдени қоғамының құрылуы; Орал қаласы үшін ресми тіл орыс тілі деп жариялануы;

.Атаман Качалин басқарған Орал казактарының саяси кеудемсоқтығы: жергілікті басшылықтың қойған талабы мен рұқсат етпеуіне қарамастан «мерекені» тойлауға әрекет жасап, оған «әскериленген» топтарды шақырып, қала көшесінде «казак киімдерінің» белгілерімен can түзеп жүру арқылы сұс көрсетуге тырысты және тәуелсіз мемлекетті құрметтемеу сезі-мін білдірді.

.1991 жылы жазда казактардың тарихи-мәдени қоғамымен қатар олардың Одағы құрылды. Қыркүйек оқиғасынан кейін Оралдағы казактар қозғалысы шынайы, объективті және субъективті жағдайлармен, тұлғааралық қателіктер мен қайшылықтарға тап болды; одақтың қызметінің болашағы мен қорытындылары бұлыңғыр, белгісіз болып көрінді; оның қала тұрғындарының ортасында беделі төмендеп кетті. Бұрын оралдықтар мақтан тұтатын казактар бірлігі бұзылды. Жекелеген басшылардың өркөкірек талаптары үстем бола бастады. Мәселен, А. Качалин өзінің Одақ атаманы лауазымын атаққұмар мансаптық мақсатта пайдалануға тырысты. Ол облыстық деңгейдегі «саяси фигура» болуға, депутат болуға әрекет жасады.

.Облыс халқының қиын кезең алғанда халықты ұйымдастыру, орыс казактарының ойлағанын іске асырмауда «Азаттықтардың» атқарған жұмысы айтарлықтай. Студент жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі «Желтоқсан» көтерілісіндегідей жоғары деңгейде болды. Ақиқатын айту керек, екпіндеп келген ашулы жастарды шын мәнінде тоқтатқан милиция емес, өзінің сабырлылығымен, шыдамдылығымен және оқиғаны қантөгіске жеткізбей басқара білген облыс басшысы Н. Есқалиев пен «Азат» өкілдерінің үлкен үлесі болды. Халықты тыңдата білді. Ұйымдастырушылардың бекер жүрмегендіктері осындайда байқалып тұрды.

. Қыркүйек оқиғасына қатысқан белсенділер де халық арасында өз бағасын алды.

Қазақ – казак текетіресінің Оралдағы негізгі көріністері осындай еді. Олар XX ғасырдың аяғындағы Кеңестер одағы деп аталатын бір кездегі дүниежүзілік державаның жа-
һандық саяси мүдделер қақтығысының ортасында елеусіз қалды.

Біз неғұрлым ол күндерден алыстаған сайын алдымызға бір қорытынды шыға береді. 1991 жылдың сол қауіпті күзді күнінде тек Батыс Қазақстан ғана емес, бүкіл республика «тәуелсіз Қазақстанның болу-болмау» дилеммасының (екі-нің бірін алу) алдында тұруы мүмкін еді. Әрине, әділдік қай кезде де үстем болып шығады.

Тұяқбай  Рысбеков,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген  қайраткері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале