Маусым айында Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда 5 сағат 30 минуттай уақыт жанды дауыста үзіліссіз ән шырқаған рекордшы Қайрат Қабышев Ақ Жайыққа арнайы келді.

Қайрат Қабышев — бес жарым сағат бойы қазақтың 100-ден астам дәстүрлі әнін домбырамен тоқтаусыз, жатқа орындап әлемдік рекорд орнатқан семейлік танымал дәстүрлі әнші, педагог және Шәкәрім университетінің құрметті профессоры.
Қадірлі мейманды филармония директорының орынбасары Мәди Сабырұлы бастаған ұжым ақ дәммен, құрмет көрсетіп қарсы алды.

Айта кетейік, 29-30 қыркүйек күндері Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының әртістері, дәстүрлі әншілер «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімовтің қатысуымен өтетін дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартуға арналған жоба өтеді.
Айжан Амангельдина,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
