Бөрлі ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, комиссия төрағасы Ерік Төлепқалиевтың қатысуымен аудандағы Отбасын қолдау орталықтарының жұмысына зерделеу жүргізілді.

Жұмыс сапарына аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері де қатысты. Комиссия мүшелері Отбасын қолдау орталығы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысып, мамандармен және көмек алушылармен әңгімелесті.
Отбасын қолдау орталығы – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсететін маңызды әлеуметтік мекемелердің бірі. Мұнда азаматтарға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және өзге де қажетті бағыттар бойынша қолдау көрсетіледі.
Орталық мамандарының айтуынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте кезеңде анықтау және оларды сүйемелдеу мақсатында мобильді топтар жұмыс істейді. Оның құрамына денсаулық сақтау, ішкі істер және басқа да тиісті салалардың өкілдері енгізілген. Мобильді топтың жалпы құрамында 115 адам бар.

Сонымен қатар орталық жұмысының тиімділігін арттыру үшін түрлі мемлекеттік және жергілікті органдармен өзара байланыс жолға қойылған. Жұмыс барысында FSM Social платформасы арқылы 378 адам тіркелген. Орталық мамандары тарапынан 227 жағдай бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласынан – 5, полиция департаментінен – 35, прокуратура қызметінен – 109 және жергілікті атқарушы органнан 1 сигнал тіркелген.
Орталықтың әлеуметтік сүйемелдеу бағыты бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда. 19 отбасы сүйемелдеуге алынып, олардың әрқайсысына жеке жұмыс жоспары әзірленген. 15 отбасы бойынша жұмыс аяқталса, 4 отбасымен жұмыс жалғасуда.

Көрсетілген көмектің нәтижесінде әлеуметтік жағдайын жақсартқан отбасылар да бар. Мәселен, үш отбасы қайта қосылған. Сонымен қатар азаматтарға қажетті құжаттарын рәсімдеу, жұмыспен қамту, әлеуметтік ортаға бейімделу және түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысу бағыттарында көмек көрсетілген.
Жұмыс сапары барысында комиссия мүшелері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған арнаулы әлеуметтік орталықтың жағдайымен де танысты.
Қазіргі таңда аталған орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 4 адам уақытша паналап, тиісті көмек алуда. Жалпы орталық 15 адамға арналған. Мұнда көмек алушылардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жағдайына қажетті мүмкіндіктер жасалған.

Орталықта зардап шеккен азаматтарға тек уақытша баспана берумен шектелмей, кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, олар психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмекпен тұрақты түрде қамтылады. Мамандар әр адамның жағдайын жеке қарастырып, қалыпты өмірге қайта бейімделуіне ықпал етеді.

Комиссия мүшелері орталықтағы жағдаймен танысып қана қоймай, мамандардың күнделікті жұмыс барысын сұрап, көмек алушылармен пікір алмасты. Мұндай кездесулер әлеуметтік қызметтердің нақты нәтижесін бағалап, отбасыларға көрсетілетін көмекті одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Отбасы мәселесі – тек бір шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылардың берекесін сақтауға ықпал ету – ортақ міндет. Комиссияның жұмыс сапары барысында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанына назар аударылды.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы