ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматы онкология орталығында елімізде тұңғыш рет үлкен хирургиялық тілік жасамай, роботтандырылған жүйенің көмегімен асқазанның бір бөлігін алып тастау бойынша күрделі операция орындалды.

Фото: DenMinPR
Мамандар бұл ота барысында анатомиялық құрылымдарды дәл көруге мүмкіндік беретін ICG-навигациясын қолданып, онкологиялық талаптарға сай D2 лимфодиссекциясын жүргізді.
Орталықтың онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаевтың айтуынша, роботтандырылған жүйе хирургқа операциялық алаңды үш өлшемді кеңейтілген кескін арқылы көруге, қолжетімділігі қиын аймақтарда нақты манипуляция жасауға және қолдың табиғи дірілін сүзгіден өткізуге жағдай жасайды. Пациент үшін бұл әдіс жарақатты едәуір азайтып, қалпына келтіру кезеңін жылдамдатады.

Айта кетсек, бұл Алматы онкология орталығында орындалған 15-ші роботтандырылған операция. Жалпы орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам ота жасалса, соның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен атқарылады.