6.10.2026, 9:15
Оқылды: 15

Ауыл өніміне тұрақты нарық қалыптасып келеді

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін «ҚПО б.в.» компаниясына және оның мердігер ұйымдарына өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған «ҚПО б.в.» компаниясының басшылығы мен мердігер ұйымдар, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші және қайта өңдеуші кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

DSC06245

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл тұрғындарының табысын арттырудағы маңызын атап өтті. 2023-2026 жылдары бағдарлама аясында өңірге 16,6 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 1746 шағын несие берілді және 2537 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 1535 жоба жеке кәсіпкерлерге, 211 жоба ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне  тиесілі.

– «ҚПО б.в.» компаниясымен нәтижелі жұмыс істеп, өзара ынтымақтастықты жолға қойып келеміз. Бұл серіктестік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде меморандум аясында компанияға жалпы құны 1 млрд 270 млн теңгенің өнімі жеткізілді. Ендігі міндет – осы жұмысты одан әрі жалғастырып, жаңа келісімшарттар жасасу және өндіріс көлемін арттыру, – деді Қалияр Айтмұхамбетов.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында қаржының басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл сала бойынша 1187 жобаға 8,6 млрд теңге бөлінген. Оның 6,2 млрд теңгесі сүтті мал шаруашылығын дамытуға жұмсалып, 850 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығына, құс шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, техника мен жабдық сатып алуға қомақты қаражат қарастырылды.

Бағдарлама нәтижесінде өңір шаруашылықтарында мал мен құс саны да артып келеді. Несие қаражаты есебінен 8291 бас сүтті бағыттағы ірі қара, 1961 бас етті бағыттағы ірі қара, 22 128 қой және 127 673 құс сатып алынған.

Кеңесте ауылдағы шаруашылықтарды қолдаудың келесі маңызды қадамы – өндірілген өнімді өткізу мәселесі сөз болды.  Осы бағытта 2024 жылы облыс әкімдігі мен «ҚПО б.в.» компаниясы арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге бағытталған меморандумға қол қойылған. Оның басты мақсаты – «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар өндірген ет, сүт, жұмыртқа және көкөніс өнімдерін ірі компания мен оның мердігер ұйымдарына жеткізу арқылы тұрақты нарық қалыптастыру. Бұл жұмыс бүгінгі күні  нақты нәтижесін беруде. Меморандум аясында «ҚПО б.в.» компаниясына жалпы құны 1 млрд 270 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. Оның ішінде 213 тонна ет,  48,5 тонна сүт өнімдері, 6 млн 567 мың дана жұмыртқа және 677 тонна көкөніс бар. Осылайша, ауылдағы өндіруші үшін «өндіру – өткізу» тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда бұл бағытта өндірушілер, ауыл шаруашылығы кооперативтері, кәсіпорындар мен «ҚПО б.в.» мен оның ұйымдары арасында өзара байланыс  жолға  қойылған.

Кооперация – тиімді  тетік

Жиында «Ауыл аманатының» маңызды бағыттарының бірі – жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру тәсілінің оң нәтиже беріп жатқаны да назардан тыс қалмады. Мұндай тәсіл ауыл тұрғындарына тек қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, өнім өндіруден бастап оны өңдеу мен сатуға дейінгі толық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кооператив құрамынабіріккен ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтуге, құс шаруашылығын және басқа да бағыттарды дамытуға мүмкіндік алады. Ал кооператив өнімді орталықтандырылған түрде жинап, қажетті техникамен, жем-шөппен, ветеринариялық және селекциялық қызметпен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Мәселен, ет бағытында мал жеке қосалқы шаруашылықтардан кооперативке өткізіліп, одан әрі бордақылау алаңдарына жіберіледі. Кейін дайын мал өңдеу кәсіпорындарына өткізіледі. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылық – кооператив – бордақылау алаңы – өңдеу кәсіпорны – тұтынушы атты біртұтас өндірістік тізбек қалыптасады. Мұндай жүйе өнім көлемін арттырып қана қоймай, әрбір қатысушының табысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ал өнімді алдын ала өткізу нарығының болуы шаруалардың өндіріс көлемін ұлғайтуға деген қызығушылығын арттырады.

Жаңа өндірістерге жол ашылады

Өңірде кооперацияны дамыту бағытында жаңа жобалар да қолға алынуда. 2026 жылы сүт өнімдері бағытындағы 23 кооперативті қаржыландыру, оларды сүт салқындатқыш құрылғылармен және арнайы көлікпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бұл сүтті орталықтандырылған түрде жинауға, сақтауға және өңдеуге мүмкіндік береді. Құс шаруашылығында да жаңа жобалар жүзеге асуда. Бірқатар ауданда жұмыртқа өндіру  бағытында шағын құс фермаларын іске қосу көзделген. Теректі ауданындағы Подстепный ауылында көкөніс қоймасының құрылысы жүргізілуде. Кооператив аудан шаруашылықтарынанөнім жинап, оны кейін ірі кәсіпорындарға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге өңірде құс етін арттыру және қайта өңдеу, сүт өңдеу бағыттарындағы өндірістерді іске қосу  жұмыстары  жүргізілуде.

Ынтымақтастықты кеңейту көзделген

«ҚПО б.в.» компаниясымен қалыптасқан серіктестік алдағы уақытта да жалғаспақ. Облыс әкімдігі мен компания өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте бұрын жасалған меморандумдарды ұзарту, жаңа өндірістік нысандармен келісімшарттар жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін арттыру мәселелері талқыланды.

Бұл – ауылдағы шағын шаруашылықтарды ірі нарықпен байланыстырудың нақты тетігі. Ең бастысы, ауыл тұрғыны өндірген өнімінің қайда өткізілетінін алдын ала біледі. Ал ірі кәсіпорындар үшін жергілікті жерде өндірілетін сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізу мүмкіндігі артады. Осылайша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыс ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартумен шектелмей, өндіріс, кооперация, қайта өңдеу және өткізу мәселелерін бір жүйеге біріктіруге бағыт алып отыр. Бұл өз кезегінде ауылдағы жаңа өндірістердің дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне және тұрғындар табысының артуына  мүмкіндік  береді.

Жиын соңында «ҚПО б.в.» бизнес-серіктестері  тамақ өнімдерін жеткізушілер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері және «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ  өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол  қойды.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале