6.10.2026, 10:00
Оқылды: 16

Жобалар қаржысы желге ұшпауға тиіс

Биыл облыста  1 трлн 51  млрд  теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл тұрақты  экономикалық  өсімді  қамтамасыз ету, өндірістік әлеуетті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру үшін аса маңызды. Өңірлік  инвестициялық  штабтың 10-отырысында осы инвестжобалардың қазіргі  жай-жапсары талқыланды. Кейбіреуі тоқтатылып,  енді бірін жүзеге асыру мерзімі ұзартылды. 

DSC06486

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық еткен штаб отырысына облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, өңірдің кураторы Бағлан Оразалиев пен бөлім меңгерушісі, инвестициялық штаб мүшесі Эрик Жамбылов, облыс әкімдері қашықтан қатысты. «Жылдың соңы таяп қалды. Біз инвестициялық жоспарды орындауымыз керек. Жалпы өңірде инвестиция тартуға деген қызығушылық жаман емес», – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы. Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев күн тәртібінде қарастырылатын жобаларды таныстырды.

«Фридом Шапағат» корпоративтік қоры биыл Орал қаласында «Үстел теннисі орталығының құрылысы» жобасын іске қоспақ болған. Бірақ жол картасында белгіленген мерзімнен кешігуде. Жоба құны – 2 млрд теңге. 20 адамға жұмыс беретін жоба жылына 76 800 адамды қабылдамақ. Бүгіндері нысанға коммуникация желілерін тартуда қиындық бар екені белгілі болып отыр. Қала әкімі Мұрат Байменовтің айтуынша, қазан айында ЖСҚ дайындайтын мердігер анықталады. Жыл соңына дейін газ, су, жарық желілері қалалық бюджет есебінен  тартылмақ.

Инвестициялық штабтың 9-отырысында «LC Energy ltd» жеке компаниясы «Деректер орталығын энергиямен жабдықтау үшін өз генерациясының электр энергиясын пайдаланатын, қуаты 60 МВт газ электр стансасын салу» жобасын таныстырған еді. Сол кезде инвестор мен тиісті мекемелерге стансаның тұтынатын газ көлемін екі есеге қысқарту мүмкіндігін, жобаның облысқа әкелетін әлеуметтік-экономикалық тиімділігін қайтадан талдау тапсырылды. Осы басқосуда компания директоры Азамат Минуарбеков болашақта өндіріс қуатын арттыру өзекті болмай қалғанын айтты. Бұған биыл шілдеде тауарлық газдың бағасы өскені себеп болған. Сондықтан газ тұтыну мөлшерін екі есе қысқартқан. Кәсіпкердің айтуынша, біріншіден, цифрлық майнинг пен корпоративтік табыс салығынан облысқа жылына 1,1 млрд теңге салық түспек. Екіншіден, жобада іске қосылғанда шығатын артық жылуды тиімді пайдалану үшін жылыжай салуды көздеп отыр. Ол үшін голландиялық және ресейлік мамандармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жобаға кем дегенде үш кәсіпкер атсалысады. Кәсіпкер облыстың газ тұтыну және бөлу болжамды балансына кәсіпорынның 2026 жылдан 2040 жылға дейінгі кезеңде газ тұтыну кестесінің мәліметтерін енгізуі керек. Бұл деректер ҚР Энергетика министрлігінде  тағы да талқыланады. Бәйтерек ауданында 30 жұмыс орнын ашуды көздейтін жобаның құны – 34,5 млрд теңге.

Инвестициялық штаб отырысында «KOR Waste Management» ЖШС жетекшісі Джеон Джонг Ок облыс орталығында «Жылына 100 000 тонна қоқыс өңдейтін кешенін салу» жобасының жай-жапсарын баяндады. Жоба құны – 12,6 млрд теңге. Кәсіпкер 100 тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді.  Кешенді  2027 жылы іске қосуды жоспарлағанмен, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және тиісті қорытындыларды алу мерзімдері кешіктірілуде. Бұл жоба бір аптадан соң тиісті ведомство мамандарының қатысуымен қайтадан  талқыланбақ.

Штаб отырысында «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-ның «Макарон фабрикасының құрылысы» жобасы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформадағы тізімнен шығарылатыны белгілі болды. Себебі кәсіпкер қажетті  қаржатты  таппаған.

«Liberty Engineering» ЖШС Орал қаласында «Ақ Жайық сауда үйінің құрылысы» жобасын биыл іске қосу керек еді. Бірақ жыл соңына дейін үлгермейді. Сондықтан жол картасында белгіленген мерзім ұзартылды. Кәсіпкер енді  жобаны алдағы жылы қаңтар айында аяқтаймыз деп отыр. Ал өңірдегі іргелі кәсіпорынның бірі «Белес Агро» ЖШС облыс орталығында «Астықты қайта өңдеу» жобасын жүзеге асырмақ.  Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Бүгінде бұл жоба да жол картасында белгіленген мерзімнен кешігуде. Кәсіпорын басшысы Мұрат Жәкібаев жыл соңына дейін іске қосуға күш салатындарын  айтты.

Тасқала ауданында цемент зауыты салынады деп айтылғанына он жылға жуықтаған. «СпецСтрой-Сервис» ЖШС басшысы Болат Шәкімов бұл жобаны 2027 жылы іске қосуды жоспарлаған. Алайда жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге дайын емес әрі тиісті қорытындыларды алу мерзімдері ұзарыпты. Құны 70,2 млрд теңге болатын жоба жылына 1 млн тонна цемент өндіруді көздейді. Облыс прокуроры, өңірлік инвестициялық штабтың тең төрағасы Нұрбек Ұласбекұлы кәсіпкерге тиісті шешім қабылдауға  бір  ай уақыт берді.

Күн тәртібінде «GREEN ENERGY INDUSTRIAL COMPANY CENTRAL ASIA» ЖШС-ның Орал қаласындағы «Жел электр стансасын салу» жобасы да қаралды. Жоба құны – 21 млрд теңге. Кәсіпкер монтаждау жұмысын бастаған. Алдағы жылдың соңына дейін жел стансалары орнатылатынын  айтты.

Штаб отырысында «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанна Бекқалиева инвесторларға дайындалған басым бағыттармен таныстырды. Олардың қатарында сүт өңдеу зауыты, көлік-логистика орталығы, ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі, көкөніс қалбырларын шығару секілді бірнеше бағыт бар. «Барлық инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бюрократиялық кедергі болмайды.

Сондықтан жобалар созбалаңға салынбауы тиіс», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев. Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлардың жобада көрсетілген жұмыс орындарын ашып, азаматтарды орналастырғаны міндетті түрде тексерілетінін айтты.  Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы бүгіндері жүзеге асып жатқан жобалардың тыныс-тіршілігімен танысу қажет деді. Өйткені оларға үш жыл ішінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында тиісті сүйемелдеу қарастырылған. Инвесторлардың атқарып жатқан қызметімен, шығарып жатқан өнімдерімен танысу арқылы мәселелерін де анықтау қажет.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале