6.10.2026, 12:45
Оқылды: 5

Уәдеге тойдырып болды...

Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының назарына!

Құрметті редакция, осы жылдың 8 қыркүйегі күні «Орал өңірі» газетінің №73 санында менің «Сыртымнан сотқа бергендері қалай?..» атты мақалам жарияланды. Онда негізгі әңгіме мені сыртымнан сотқа бергендер жайлы өрілді. Сондай-ақ кейбір мекемелердің қызметкерлерінің алыс ауылдардағы тұрғындардың өтініш-сұраныстарына жүрдім-бардым қарайтыны жайлы баяндалды. Солардың арасында облыстық жол мекемесі, оларға қарайтын бөлімшелері туралы жасырмай шындықты жаздым.

жол (1)

Негізі, біздің Орда өңіріне қарай келетін жолды Жаңақаланың ДЭУ-і қарайды. Олар жолды уақытында қарап, тексеріп, қырып, тегістеп, жаңбырдан жырылады-ау деген тұстарын нығайтып отырулары керек. Оны дер кезінде істемейді. Кейде қатты жаңбыр жауғанда жол тесіліп, ойылып, су аққаннан кесіліп қалады. Оны сол бойда жолшылар қарамайды, жөндемейді, тегістемейді, шұңқырларды нығыздап, бітемейді. Апан-шұңқыр болып жата береді. Жолшылардың тікелей міндеті болса да, қауіпті жерлерге апаттық белгілер қойылмайды тіпті... Қайта ерсілі-қарсылы кетіп бара жатқан шопырлардың өздері әлгі қауіпті-апатты жерлерден сақтандырып, болса, ескі резеңке дөңгелектер немесе ағаш шаншып, шүберек байлап кетіп жатады. Орал қаласына жиі сапарлайтын біздер шаруалар да Сайқын мен екі ортаны жалғайтын жолдың әлгідей тұстарын жылда өзіміз тегістеп, көміп, рулон шөп төсеп, амалдаймыз.

жол (2)

Мұны сол жолдың ең жоғарғы тұрған облыстық мекемесіне дейін айтып, шағымданып бармасаң, істелмей жата береді. Мысал керек пе? Мархаббат, осы күні кеше – 28 тамызда, ақшам жамыраған, жарық уақытта Ұялы ауылының (Искра) тұсында жолдың жазғытұрым су жырып кеткен жеріне жеңіл көлік келіп соғылған. Алдыңғы орында отырған Қисметова Ұлжан атты жолаушы келіншектің он екінші беломыртқасы сынып, ауыр жарақат алды. Әйтеуір, аман. Бірақ әлі қанша емделетіні белгісіз, дәрігерлер тұруға, отыруға, жүруге болмайды деген. Міне, осы апан-шұңқыр сәуір айынан бері жатыр. Ешкім оған басын ауыртқан жоқ. Қайта анау көліктегі жолаушылардың көрер жарықтары бар екен, аман қалғандарына шүкіршілік айтуда.

Біз сол бойда жолға жауапты «С.С.Стройтельный» ЖШС-ның басшысы Саламат Сертековке хабарластық. Облыстық жол мекемесіне де шағымдандық. Анау көлік соғылатын шұңқыр сәуір айынан бері жатыр дедім ғой, сол кезден бері жолшылардың құлағын сарсытып, айтып келе жатқанмен олардың тым-тырыс отырғандарын беттеріне бастық. Енді, міне, сол жерде, тамыздың 28-і күні жол апаты болды дедік. Жолшылар шауып келген шығар дейсіз ғой. Қайда?.. Облыстық жол мекемесіне қоңыраулаттық. Ондағылар: «Сертековке айттық, барады, істейді» деді. Сертеков: «Техниканың дөңгелегін істеп жатырмыз, барады» деді. Келмеді. Тағы хабарластық, «Экскаваторды трейлерге тиеп жатырмыз, жібереміз» деді. Жібермеді. Тағы хабарластық, Сертеков сабазыңыз «Экскаваторымыз кішкентай екен, Орал қаласынан үлкенін жібереміз» деді. Жіберген жоқ. Енді осы күндерде қырық рет хабарластық.

жол (4)

Сертеков телефонын көтермейді. Оған және облыстық жол мекемесіне Ұялы ауылдық округінің әкімі де, мен де кезек-кезек хабарласамыз, құлаққа ұрған тыныштық, тым-тырыс. Сонда бұлар алыс ауданның мұқтажына құлақ түрмесе, не үшін отыр? Мемлекеттен не үшін айлық алады?

Сөзімнің тоқетері, өтірік сөйлейтін жолшылар уәдеге тойдырып болды... Бұларды тыңдата алатын біреу бар ма?..

Нағым Тәжімұратов,

«Нарын» шаруа қожалығының  жетекшісі,

Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы,

«Еңбек даңқы» орденінің,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале