Ресей Федерациясының Саратов облысында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында «Волжские дали» атты IV ашық республикалық турнир өтті.

Халықаралық деңгейдегі дүбірлі додада Шыңғырлау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас балуандары бақ сынап, жоғары нәтиже көрсетті.
Турнир барысында бозкілемге шыққан жас спортшылар қарсыластарына лайықты қарсылық танытып, жеңіске деген жігері мен табандылығын дәлелдеді. Атап айтқанда, 2017-2018 жылы туған жасөспірімдер арасында 23 келі салмақ дәрежесінде Төлеген Батыр және 33 келіде Бауыржан Әлижан қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың алтын медалін иеленді.
Ал 2015-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында 29 келі салмақта Жолдасбаев Нұрислам мен 32 келіде Темірболат Бейбарыс күміс жүлдеге қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Осылайша, Шыңғырлау БЖСМ спортшылары халықаралық турнирде екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алып, өздерінің шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жас балуандардың бұл жетістігінде олардың жаттықтырушысы Манас Темірболатовтың еңбегі зор. Жүйелі жаттығу мен тынымсыз ізденістің нәтижесінде жас спортшылардың шеберлігі шыңдалып, үлкен додаларда топ жаруға деген сенімі артып келеді.

Жас балуандардың жеңісі қажырлы еңбектің, табанды дайындықтың және спортқа деген сүйіспеншіліктің жемісі. Алдағы уақытта да аудан намысын абыроймен қорғап, биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз.
С. Тыныс
Шыңғырлау ауданы