5.10.2026, 11:45
Оқылды: 11

Азия ойындары: Үміт ақталды ма, әлде өкініш көп пе?

Айчи–Нагоя төрінде өткен ХХ жазғы Азия ойындары Батыс Қазақстан облысының спортшылары үшін түрлі тағылымға толы болды. Бірі чемпион атанып, ел мерейін үстем етсе, енді бірі жүлдеге бір қадам қалғанда сүрінді. Кейбір спортшы үшін бұл дода үлкен тәжірибе жинақтайтын мүмкіндікке айналды. Ал енді бірінің өнері жанкүйер күткен нәтижеге жете алмады. Ел намысын қорғаған өңір спортшыларының нәтижесіне сараптамалық тұрғыдан үңіліп көрдік.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.15.23 (2)

Жоламанның алтыны – сенімнің ақталғаны

Азия ойындарына аттанған спортшылардың арасында Жоламан Биғабылдың міндеті айқын еді. Каратэден Азия чемпионы атанып, құрлықтағы бәсекелестерінің қарымын жақсы білетін жерлесіміз Жапонияға жоғары мақсатпен барды. Оның бапкері Ринат Мерғалиев те бұл сында алтыннан өзге нәтиженің көңіл көншітпейтінін ашық айтқан болатын.

Жоламан сөзін іспен дәлелдеді. Ол каратэнің WKF нұсқасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақта қарсыластарын жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Әрине, құрлықтық додада чемпион болу оңай емес. Әсіресе, қарсыластарыңның барлығы дерлік жүлдеден үмітті, ал әр белдесудің бағасы жоғары болғанда, спортшыдан шеберлікпен қатар психологиялық тұрақтылық та талап етіледі. Жоламан осы сыннан сүрінбей өтті.

Бұл жеңісті тек бір спортшының жетістігі деп қарастыру аздық етеді. Ол – спортшы мен бапкердің жүйелі жұмысының, алға қойған мақсатқа деген сенімнің нәтижесі. Ең бастысы, Жоламанға артылған үміт ақталды.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.15.23

Виктория Шаймарданова: тәжірибе мен нәтиженің арасы

Көгалдағы хоккейден Виктория Шаймарданова өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының нәтижесіне келгенде, мәселені бір ғана спортшының жетістігімен өлшеу қиын. Бұл – командалық ойын. Мұнда жеке шеберлікпен қатар құраманың үйлесімді әрекеті, тактикалық дайындығы және халықаралық тәжірибесі шешуші рөл атқарады.

Шыны керек, көгалдағы хоккейден Азия ойындарының жүлдесіне таласу қазақстандық команда үшін күрделі міндет. Құрлықтағы қалыптасқан хоккей мектептерімен бәсекеге түсу үшін ұзақ мерзімді дайындық, тұрақты халықаралық ойын тәжірибесі және жүйелі даму қажет.

Сондықтан бұл сында жүлде күткеннен гөрі, команданың әлеуетін бағамдау, бәсекелестермен арадағы айырмашылықты анықтау маңыздырақ болды. Виктория үшін де мұндай жарыстың тәжірибелік маңызы бар. Дегенмен, тәжірибе жинау мен жоғары нәтиже көрсету – екі бөлек міндет. Алдағы уақытта командаға осы тәжірибені нақты нәтижеге айналдыру қажет.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.20.04

Нина Старова: жолдаманың өзі – жетістік

Нысана көздеуден Нина Старованың Азия ойындарына қатысуын да осы тұрғыдан бағалаған жөн.

Батыс Қазақстан облысында ұзақ уақыт бойы кенжелеп қалған спорт түрлерінің бірі – нысана көздеу. Соңғы жылдары бұл бағытқа қайта көңіл бөлініп, спортшыларды даярлау жұмыстары қолға алына бастады. Осындай жағдайда Азия ойындары секілді ірі додаға жолдама алу – спортшының жеке еңбегімен қатар, өңірде осы спортты қайта дамытуға жасалған қадамдардың да нәтижесі.

Әрине, құрлықтық жарысқа қатысу мен жүлдегер атанудың арасы алшақ. Нысана көздеу спортында тұрақтылық, дәлдік және жарыс кезіндегі психологиялық қалыптың маңызы зор. Мұның бәрі тәжірибемен келеді.

Нина үшін Жапониядағы дода үлкен мектеп болды деуге негіз бар. Бұған дейінгі материалымызда да спортшының осы жарыстан тәжірибе жинауының маңызына тоқталған едік. Ендігі міндет – сол тәжірибені пайдаланып, спорттық нәтижесін біртіндеп жақсарту.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.20.44

Наргиза Рахметоллаева: бәсекесі бөлек бадминтон

Бадминтоннан Наргиза Рахметоллаеваға қатысты да жанкүйердің үміті мен спорттың шынайы деңгейін қатар қарастырған жөн.

Азия – бадминтонның дәстүрі терең, бәсекесі жоғары құрлық. Бұл спортта Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Индонезия секілді елдердің қалыптасқан мектептері бар. Сондықтан мұндай қарсыластармен тең дәрежеде ойнап, жүлдегерлер қатарына қосылу үшін жоғары шеберлік пен үлкен халықаралық тәжірибе қажет.

Наргизаның Азия ойындарындағы өнерін бағалағанда, оның жекелеген кездесулердегі нәтижесімен бірге, жалпы спорттық даму жолына да назар аударған дұрыс. Қазақстандық бадминтоншылар үшін мұндай жарыстар тәжірибе жинап, құрлықтағы бәсекенің деңгейін сезінуге мүмкіндік береді.

Әрине, жанкүйер үшін жүлде әрдайым маңызды. Дегенмен, бадминтон секілді бәсекесі өте жоғары спорт түрінде нәтижеге жету жүйелі дайындықты, тұрақты халықаралық жарыстарға қатысуды және ұзақ мерзімді еңбекті талап етеді.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.19.00

Георгий Шейко: тәжірибе бар, медаль бұйырмады

Спорттық жүрістен Георгий Шейко – ұлттық құраманың тәжірибесі мол өкілдерінің бірі. Мұндай спортшыларға артылатын үміт те жоғары болатыны түсінікті. Өйткені олар халықаралық жарыстарда талай сыннан өтіп, үлкен бәсекенің қыр-сырын жақсы біледі.

Алайда спорттық жүрісте тәжірибенің өзі медальға кепілдік бермейді. Қашықтықты дұрыс бөлу, қарқынды сақтау, техникалық талаптарды орындау және жарыс бойы күшті тиімді пайдалану нәтижеге тікелей әсер етеді.

Георгий бұл жолы барын салғанымен, жүлдеге жете алмады. Бұл, әрине, өкінішті. Себебі тәжірибелі спортшының әр ірі жарысы оның жеке нәтижесімен ғана емес, ел құрамасының жалпы есебіне қосар үлесімен де бағаланады.

Дегенмен, бір жарыстың нәтижесі спортшының бүкіл мансабына баға бермейді. Ең маңыздысы – осы додадан кейінгі қорытындыны дұрыс шығарып, келесі жарыстарға дайындалу.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.15.23 (8)

Өтепберген Әлиев: бүгінгі шек – ертеңгі меже

Ауыр атлетикадан Өтепберген Әлиевтің өнеріне тоқталмай кетуге болмайды. Біраз уақыт үлкен спорттан жырақтап қалған зілтемірші Азия ойындарында қолынан келгеннің бәрін жасады. Оның қазіргі дайындығы мен мүмкіндігін ескерсек, өз деңгейіндегі нәтижені көрсетті деуге болады.

Өтепбергеннің Азия ойындарында үздік бестікке енуі – оның бүгінгі мүмкіндігін аңғартатын көрсеткіш. Әрине, жанкүйер үшін медальдан асқан қуаныш жоқ. Бірақ спортшының қазіргі нәтижесі мен болашақ әлеуетін ажырата білу де маңызды.

Өтепбергеннің өзі де биік мақсатқа жету үшін әлі талай еңбек ету керектігін түсінеді. Үлкен спортқа қайта оралып, құрлықтық додада бәсекеге қабілетті екенін көрсету – оның алдағы жұмысына негіз бола алады.

Бұл ретте Батыс Қазақстан облыстық ауыр атлетика федерациясының басшысы Тілек Сапаровтың Жапонияға арнайы барып, спортшыға қолдау көрсетуін де атап өткен жөн. Мұндай қолдау спортшы үшін моральдық тұрғыдан маңызды. Сонымен қатар ол өңірдегі ауыр атлетиканың дамуына бейжай қарамайтын азаматтардың бар екенін көрсетеді.

Өтепбергеннің мысалы бір нәрсені аңғартады: үлкен спорттан қол үзгеннен кейін қайта оралу оңай емес. Ал сол жолда табандылық танытып, Азия ойындарында өз мүмкіндігін көрсету – келесі белестерге бастайтын тәжірибе.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.21.42

Мансұр Сейілханов: жеңілістің өзінде жарқыраған ойыншы

Азия ойындарында Батыс Қазақстан облысының спортшылары арасынан көпшіліктің назарын аударғандардың бірі – 3x3 баскетболда сынға түскен Мансұр Сейілханов болды.

Команданың ойыны сәтті өрбіген сәттерде де, жеңіліске ұшыраған кездесулерде де Мансұрдың белсенділігі байқалды. Ол ұпай жинап қана қоймай, әріптестеріне нәтижелі пастар беріп, алаңдағы ойынға ықпал етуге тырысты.

Спорттағы бағалау тек жеңіс пен жеңілістің арақатынасынан тұрмайды. Әсіресе, 3x3 баскетбол секілді қарқыны жоғары ойында әр шабуыл, допты тартып алу, дәл пас пен шешуші сәтте қабылданған шешімнің маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, Мансұрдың өнері назар аударуға тұрарлық.

Оның ойын соңындағы сараптамалық бағалары мен жеке статистикасы да жанкүйердің қызығушылығын тудырды. Команда жеңілген кездесудің өзінде Мансұрдың белсенділігі мен күрескерлік қасиетін жоққа шығаруға болмайды.

Егер Азия ойындарындағы өнеріне қарап, жеңіс тұғырына көтерілмесе де өзін жақсы қырынан танытқан спортшыны атау қажет болса, Мансұр Сейілхановты бөле-жара айтуға болады. Оның көрсеткен ойыны алдағы уақытта одан да жоғары нәтижелер күтуге негіз береді.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.15.23 (7)

Мария Бровкова: жүлдеге жақын болғанымен...

Ескек есуден Мария Бровкованың нәтижесі жанкүйер үшін өкінішті болғаны анық. Өткен Азия ойындарында екі жүлде иеленген спортшымыз бұл жолы бір жарыста төртінші орынмен шектелді.

Әрине, Азия ойындарының төртінші орны да оңайлықпен келмейді. Мұндай деңгейдегі жарыста финалдық кезеңге дейін жетудің өзі үлкен дайындықты қажет етеді. Дегенмен, бұған дейін жүлде алып жүрген спортшыдан жанкүйердің үміті жоғары болатыны заңды.

Марияның әлеуетін ескерсек, бұл нәтиже оның мүмкіндігінің шегін білдірмейді. Ескек есуде қарсыластар арасындағы айырмашылық кейде өте аз болады. Жарыс күні спортшының бабына, күшті дұрыс бөлуіне, ауа райы мен су жағдайы да әсер етуі мүмкін.

Сондықтан Бровкованың өнерін бір ғана төртінші орынмен бағалау дұрыс емес. Оның бұған дейінгі жетістіктері бар, халықаралық тәжірибесі мол. Ендігі міндет – осы жарыстың нәтижесін талдап, алдағы бәсекелерге тыңғылықты дайындалу.

Бірде бап, бірде бақ шабады. Спортта мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Бірақ жоғары деңгейдегі спортшының міндеті – сәтсіздіктен кейін қайта күш жинап, келесі жарыста мүмкіндігін пайдалану.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.15.23 (6)

Ирина Бакалдина: бір қадам жетпеген финал

Семсерлесуден Ирина Бакалдинаға да жанкүйердің үміті аз болған жоқ. Биыл Азия чемпионы атанған спортшының Азия ойындарындағы өнеріне ерекше назар аударылды. Сондықтан оның кем дегенде финалға дейін жетуін күткендер көп болды.

Алайда жеке сындағы бәсеке Ирина үшін күткендей аяқталған жоқ. Жүлдеге бір қадам қалғанда сүріну кез келген спортшыға оңай соқпайды. Әсіресе, құрлық чемпионы ретінде келгенде, жауапкершілік те, сыртқы үміт те жоғары болады.

Дегенмен, Иринаның командалық сында қола медаль иеленуі оның Азия ойындарын жүлдесіз аяқтамағанын көрсетті. Командалық семсерлесуде әр спортшының нәтижесі ортақ есепке әсер етеді. Сондықтан бұл медальдің өзіндік маңызы бар.

Соған қарамастан, жеке сындағы мүмкіндік қолдан шығып кеткені көңілде өкініш қалдырады. Өйткені Азия чемпионының әлеуеті бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік беретіндей көрінген еді. Енді алдағы жарыстарда Ирина осы тәжірибесін пайдаланып, жеке сында да жоғары нәтижеге ұмтылуы қажет.

WhatsApp Image 2026-10-05 at 12.41.28

Зейнеп Баянова: қола да – үлкен жетістік

Азия ойындарының аяқталуына аз уақыт қалғанда боз кілемге шыққан Зейнеп Баянова жанкүйерге қуаныш сыйлады. Әйелдер күресінен 50 келіге дейінгі салмақта белдескен ақжайықтық спортшы жарысты сәтті бастап, жартылай финалға дейін жетті.

Алғашқы кездесулерінде Моңғолия өкілі Мөнхнар Бямбасүрэнді, одан кейін Оңтүстік Корея балуаны Миран Чонды жеңген Зейнеп финалға шығуға мүмкіндік алды. Алайда шешуші белдесудің алдында оны жапониялық Юи Сусаки күтіп тұрды.

Юи Сусаки – әлемдік күрестегі тәжірибесі мол, халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген палуан. Мұндай қарсыласпен белдесу кез келген спортшы үшін үлкен сынақ. Жеребенің осылай түсуі Зейнептің финалға шығу жолын қиындатты.

Әрине, спортта қарсыластың атағына қарап нәтиже шығаруға болмайды. Бірақ жоғары деңгейдегі тәжірибелі палуанмен күресудің өзіндік қиындығы бар. Зейнеп жартылай финалда жеңілгенімен, жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.

Қола медаль үшін өткен белдесуде Үндістан өкілі Дипаншимен кездескен жерлесіміз қарсыласын туше әдісімен жеңіп, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Бұл – бағалауға тұрарлық нәтиже. Өйткені Азия ойындарында медаль алу үшін бірнеше белдесуде қатарынан жоғары деңгей көрсету қажет. Зейнеп осы міндеттің басым бөлігін орындап, ел қоржынына тағы бір жүлде қосты.

Жапониялық Юи Сусакимен финалда кездескенде қандай нәтиже болар еді деген ойдың қалуы түсінікті. Бірақ қоланы төмен бағалауға болмайды. Бұл – халықаралық деңгейдегі бәсекеде дәлелденген шеберліктің, табандылықтың нәтижесі.

Үміт пен нәтиженің арасы

Айчи–Нагоядағы Азия ойындары Батыс Қазақстан облысының спортшылары үшін біркелкі өткен жоқ. Жоламан Биғабыл алтын медаль алып, өзіне артылған сенімді ақтады. Зейнеп Баянова қола жүлде иеленіп, әйелдер күресіндегі мүмкіндігін көрсетті. Ирина Бакалдина командалық сында жүлдегер атанды. Мансұр Сейілханов жеңіске жете алмаған ойындардың өзінде жеке шеберлігімен көзге түсті.

Ал кейбір спортшылар үшін бұл дода күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған жарыс ретінде есте қалуы мүмкін. Мария Бровкованың төртінші орны, Георгий Шейконың жүлдеге жете алмауы, өзге спортшылардың нәтижелері алдағы дайындыққа қатысты сұрақтарды да алға тартады.

Дегенмен, спортты бір ғана жарыстың нәтижесімен өлшеу дұрыс емес. Әр спортшының дайындығы, халықаралық тәжірибесі, спорт түрінің даму деңгейі мен қарсыластарының қарымы әртүрлі. Сондықтан біріне чемпиондық міндет жүктелсе, енді бірі үшін құрлықтық додаға қатысудың өзі үлкен белес болуы мүмкін.

Азия ойындары тағы бір шындықты көрсетті: жоғары нәтиже кездейсоқ келмейді. Оның артында ұзақ жылғы еңбек, бапкерлік жұмыс, спорттық инфрақұрылым, қолдау және жүйелі дайындық тұрады. Ал жүлдеге бір қадам жетпеген спортшылар үшін бұл жарыс келесі белестерге бастайтын тәжірибе болуы тиіс.

Ең бастысы, Жапония төріндегі бәсекелер өңір спортының қазіргі деңгейін бағамдауға мүмкіндік берді. Ендігі міндет – жетістікті жалғастырып, кемшілікті түзеп, жас спортшыларға жол ашу. Сонда ғана бүгінгі тәжірибе ертеңгі жеңістерге ұласады.

Жеңіс – еңбектің жемісі, ал жеңіліс – келесі белеске бастайтын сабақ. Спортшының шынайы бағасы да осы екі жағдайда өзін қалай көрсете алғанынан аңғарылады.

Материалды дайындау барысында өңір спортшылардың Азия ойындарындағы өнеріне қатысты пікір білдіру үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовке хабарластық. Оның айтуынша, Азиада өсім бар екенін көрсеткен. Дегенмен бұл арқаны кеңге жаюға себеп емес.

- Осыдан төрт жыл бұрыңғы Азия ойындарына қарағанда өсім бар. Бірақ бұнымен тоқтауға еш болмайды. Басты мақсат олимпиада. Бірақ одан бұрын биыл өтетін жасөспірімдер арасындағы олимпиада, Сауд Арабиясында өтетін жабық кешендегі Азия ойындары бар. Ол жарысқа Азиадада ел намысын қорғаған біраз спортшымыз қатысады. Жағдай тамаша деуге болмайды. Бірақ тіптен жаман деуге де ауыз бармайды. Бұл жетістіктер оңайлықпен келмеді. Барынша жағдай жасап, қатысушыларды жарыстарға жіберіп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бергеннен болды. Сондай-ақ жергілікті федерациялар да барынша қолдау білдірді. Спортшылар қажетті дәруменнен бастап көлік, пәтерге дейін алды. Азиададағы көрсеткіш жан-жақты кешенді қолдаудың көрсеткіші, – деді Бақдәулет Маратұлы.

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале