Баланың дүниеге келуі – әр отбасы үшін жүректі толқытып, жанды тебірентетін ерекше сәт. Бір сәт бұрын ғана алаңдап, толқып тұрған ана сәбиінің алғашқы үнін естігенде, дүниедегі бар уайымын ұмытып, оны бауырына басады. Сол сәтте перзентханадағы әрбір шам, әрбір дыбыс, әрбір қадам бір ғана мақсатқа – ана мен баланың амандығына қызмет етеді. Перзентхананың есігін ашып кірген әр әйелдің жүрегінде – үміт. Ал сол үміттің ақталуы үшін босандыру бөлімшесінің ақ халатты жандары тәулік бойы қырағы еңбек етеді. Бір жерде қуаныштың күлкісі естілсе, енді бір жерде үнсіз алаңдаған жақындардың жүрегі бірге соғып жатады. Бұл – өмір мен жауапкершілік қатар тоғысатын қасиетті мекен.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Бөрлі аудандық ауруханасының босандыру бөлімшесінде 325 сәби дүниеге келген.
- Әрбір дүниеге келген сәби – бір отбасының қуанышы. Бір үйге тұңғыш болып келсе, енді бірі көпбалалы шаңырақтың шаттығын еселей түседі. Кей отбасыларға егіздер келіп, қуаныштарын еселеді. Біз үшін осы сәбилердің әрқайсысының өмірге аман келуі – үлкен жауапкершілік әрі зор қуаныш, – дейді Бөрлі аудандық ауруханасы директорының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Снежана Үсенова.
Аудандық аурухана перинаталдық көмекті өңірлендірудің II деңгейлі стационары ретінде жұмыс істейді. Мұнда жүктілігі қалыпты өтіп жатқан әйелдермен қатар, әртүрлі қауіп тобына жататын жүкті әйелдер де қабылданады. Сондықтан босандыру бөлімшесінің жұмысы медицина қызметкерлерінен жоғары біліктілікті, шұғыл әрі жедел әрекет етуді және заманауи босандыру әдістерін меңгеруді талап етеді.
- Босану – табиғи үдеріс болғанымен, оның әр сәті әртүрлі өтуі мүмкін. Бір жағдайда анаға тек бақылау мен қолдау қажет болса, енді бір сәтте шұғыл медициналық көмек көрсетуге тура келеді. Сондықтан дәрігерлердің, акушерлердің, мейіргерлердің және басқа да мамандардың үйлесімді жұмысы аса маңызды. Біздің басты ұстанымымыз – ана мен баланың денсаулығы, – дейді Снежана Бауыржанқызы.
Бір есіктің ар жағында – 325 тағдыр
Биыл ана мен бала денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштердің бірқатарында оң динамика қалыптасқан. Снежана Бауыржанқызының айтуынша, перинаталдық өлім-жітім көрсеткіші үш есеге төмендеген. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 6 жағдай тіркелсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 2 жағдайға дейін азайған. Босанудан кейінгі қан кету жағдайлары да екі есеге, яғни 50 пайызға төмендеген. Өткен жылы 22 жағдай болса, биыл 11 жағдай тіркелген.
- Бұл көрсеткіштерге қан кетудің алдын алудың заманауи алгоритмдерін енгізу, босандыруды ұқыпты жүргізу және халықаралық стандарттарды қатаң сақтау арқылы қол жеткіздік. Мұның артында медицина қызметкерлерінің күнделікті еңбегі, әрбір ана мен балаға деген жауапкершілігі тұр, – дейді ол.
Босандыру бөлімшесінде күрделі жағдайдағы әйелдерге де медициналық көмек көрсетіледі. Жүктілік пен босанудың түрлі патологияларына байланысты биыл шұғыл және жоспарлы операциялық белсенділік 52 жағдайды, яғни 16 пайызды құраған.
- Кейбір жағдайларда ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін кесарь тілігін уақытылы жасау қажет болады. Биыл осындай 52 операция жасалып, олардың әрқайсысы дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілікпен қабылданған шешім болды. Уақытылы жасалған операциялар асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді, – дейді Снежана Бауыржанқызы.
Биыл бөлімше мамандары мерзімінен бұрын дүниеге келген 7 сәбиге қажетті медициналық көмек көрсеткен. Мұндай сәттерде дәрігердің тәжірибесімен бірге оның сабыры мен жылдам шешім қабылдай білуі де сыналады. Өмірге асығып келген әрбір шарананың жағдайын бақылау – ұжым үшін үлкен жауапкершілік.
Бөрлідегі кішкентай батырлар
Биылғы тоғыз айдың қуанышты көрсеткіштерінің қатарында ірі салмақта дүниеге келген сәбилер де бар.
55 нәресте 4 келі және одан да жоғары салмақпен дүниеге келген.
- Ірі салмақтағы сәбилердің дүниеге келуі де босандыру кезінде ерекше бақылауды қажет етеді. Әрбір босану – өзінше бөлек жағдай. Сондықтан ана мен баланың жағдайын алдын ала бағалап, қажет кезде дұрыс тактика таңдау маңызды, – дейді сала маманы. Сондай-ақ, осы күнге дейін Бөрлі ауданындағы екі отбасына егіздер келіп, шаңырақтарына қос қуаныш сыйлаған.
Перзентхана дегенде көпшіліктің көз алдына сәби үні, ана қуанышы, гүл мен ақжолтай тілектер елестейді. Ал сол перденің ар жағында тәулік бойы көзге көрінбейтін үлкен еңбек жүріп жатады. Акушер-гинеколог дәрігерлер, неонатологтар, анестезиологтар, акушерлер мен мейіргерлер – барлығы бір мақсатқа жұмылады. Бірі ананың жағдайын бақыласа, бірі сәбидің алғашқы тынысын қадағалайды. Бірі қажет болған жағдайда шұғыл шешім қабылдайды, енді бірі анаға жылы сөз айтып, бойына сенім ұялатады.
- Біздің жұмысымыздағы ең маңызды сәт – ана мен баланың амандығы. Әрбір әйелдің перзентханаға қандай көңіл күймен келгенін түсінуге тырысамыз. Өйткені бұл – оның өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Ана баласын аман-есен бауырына басып, үйіне бақытпен қайтса, біз үшін ең үлкен марапат – сол, – дейді Снежана Бауыржанқызы.
«Алғысымыз шексіз...»
Перзентханадағы ақ халатты жандардың еңбегіне баға беретін – сол жерде көмек алған аналар. Олардың жүрекжарды алғысы кейде ұзақ сөзден де әсерлі.
Бесінші сәбиін дүниеге әкелген Жанар есімді келіншек босану кезінде қиын жағдайға тап болғанын айтады. Сол сәтте аудандық аурухананың маман гинекологтары дер кезінде көмек көрсетіп, ана мен баланың амандығын қамтамасыз еткен.
- Бесінші перзентімді қиын жағдайда босандым. Сондай сәтте аудандық аурухананың маман гинекологтары бар күш-жігерін салып, маған көмектесті. Аман-есен босандырып алды. Сол кісілерге алғысым шексіз. Ана үшін ең маңыздысы – қиын сәтте қасыңнан білікті маманның табылып, жағдайыңды түсініп, дер кезінде көмек көрсетуі, – дейді Жанар.
Ал Айман есімді келіншек үшін аудандық перзентхананың тағы бір ерекшелігі – әр анаға жеке көңіл бөлінуі.
- Мені де аман-есен босандырып алды. Шынымды айтсам, облысқа барғым келмейді. Ауданда босанғанды жақсы көремін. Мұнда адам көп емес, дәрігерлер мен акушерлер әр әйелге көңіл бөліп, жағдайына қарайды. Асықпай, түсіністікпен қарап, босану кезінде жаныңнан табылады. Маған осысы ұнайды, – дейді ол.
Бұл – бір ғана екі ананың пікірі емес. Әлеуметтік желідегі пікірлерден де Бөрлі аудандық ауруханасының босандыру бөлімшесіне ризашылығын білдірген әйелдерді кездестіруге болады. Олар дәрігерлермен қатар, акушерлер мен мейіргерлердің де еңбегін атап өтіп, Назгүл, Аяжан, Гүлжанар сынды мамандарға алғыстарын жеткізген.
Ананың алғысы – ақ халатты жандар үшін үлкен марапат. Себебі босану сәтінде әйелге медициналық көмекпен бірге сенім, сабыр және адамдық жылу да қажет. Бәлкім, дәл осы себептен де перзентханадағы әр маманның жылы сөзі мен әрбір дер кезінде жасаған әрекеті ананың есінде ұзақ сақталады.
Шын мәнінде, перзентханадағы әрбір күн – бір-біріне ұқсамайтын жүздеген тағдырдың тоғысқан мекені. Бір ана тұңғышын күтеді. Бір отбасы көптен күткен сәбиіне зар болып келеді. Бір шаңыраққа егіздер енеді. Ал кейде өмір үшін күрескен кішкентай сәби дәрігерлердің бақылауымен алғашқы қадамын жасайды. Олардың әрқайсысының артында – ана жүрегінің толқынысы, отбасының үміті және ақ халатты жандардың маңдай тері бар.
2026 жылдың тоғыз айында дүниеге келген 325 сәби – Бөрлідегі 325 қуаныш, 325 үміт, 325 жаңа өмір. Ал сол өмірдің алғашқы сәттерінде жанында болған медицина қызметкерлері үшін әрбір сәби – ерекше. Перзентхана пердесінен түскен күншуақ секілді, әрбір дүниеге келген сәби бір шаңыраққа жарық, жылу, жаңа үміт алып келеді. Сондықтан босандыру бөлімшесінің басты мақсаты да айқын. Ондағысы әрбір ананың сәбиімен бірге дені сау, бақытты болып үйіне оралуын қамтамасыз ету.
Иә, ана үшін сәбиінің алғашқы үні,- өмірдің ең әдемі әуені, ал құндағына алған сәті – дүниедегі ең жылы көрініс. Перзентханадағы осындай күншуақ ешқашан үзілмесін
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы