Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналға «Ұстазға тағзым» атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты кешке білім беру саласының ардагерлері мен педагогтер, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Кеш басталар алдында қонақтарға ерекше сипаттағы арт-инсталляциялық экспозиция ұсынылды. «Мұғалімнің сөмкесі», «Айсберг», «Болашақ терезесі» секілді шығармашылық жұмыстар арқылы ұстаздың көпшілікке көріне бермейтін күнделікті еңбегі бейнеленді. Сабаққа дейінгі дайындық, шәкіртпен жұмыс, ізденіс пен жауапкершілік – мұның бәрі мұғалім мамандығының сырт көзге байқала бермейтін қырлары. Экспозицияда сол еңбекті көрерменге өзгеше қырынан танытты. Салтанатты кештің мәні де осында еді.
Өңір педагогтерін құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға» деген сөзін негізге алып, ұстаз еңбегінің ел болашағындағы орнына тоқталды.
– Цифрлы технологиялар мен жасанды интеллект қанша дамығанымен, олар педагогті алмастыра алмайды. Технологиялар балаға мүмкіндік береді, ал мұғалім сол мүмкіндіктерді дұрыс арнаға бағыттайды. Бүгінде өңірдің білім беру ұйымдарында 23 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Соңғы үш жылда облыста 38 мектеп салынды, оның ішінде сегізі ауылдық жерлерде бой көтерді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғаса береді. Сырым ауданындағы жұмыс сапарым аясында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесімен танысу кезінде игі бастаманың куәсі болдым. Ауданда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Бір мектеп – бір бақ» жобасы қолға алынған. Оған 14 мектеп пен 2 балабақша белсенді атсалысып, 0,2 гектар жерге бау-бақша дақылдары егілген. Одан 1200 келіден астам өнім алынған. Жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыру, оларды еңбекке баулуға бағытталған бұл тәжірибені барлық білім ошағына кеңінен таратуды тапсырамын. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Барша педагогке кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және болашақ ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын! – деді облыс әкімі.
«Ұстазға тағзым» іс-шарасында еңбегімен ерекшеленген педагогтер мен білім саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, бірқатар мұғалімге мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар табысталды. Оларға ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Батыс Қазақстан облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, сондай-ақ облыс әкімінің алғысхаты берілді. Ал Х. Доспанова атындағы №30 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жеміс Қайрова «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және 1 297 500 теңге сыйақымен марапатталды.
Марапатқа ие болғандардың бірі – ҚР«Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне қадаған эстетикалық бағыттағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Ольга Казанцева. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 31 жыл. Соның 24 жылын осы гимназияда өткізген. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың талай мәрте жеңімпазы атанып, мектеп мерейін асырған. Ольга Михайловна үшін бұл марапат, ең алдымен, мұғалімнің күнделікті еңбегіне берілген баға. Өйткені педагог жұмысының шынайы нәтижесі тек мақтау қағаздардан көрінбейді. Тәрбиелеген шәкірттерінің тұлға болып қалыптасып, қоғамға өз үлесін қосуы да ұстаз үшін үлкен мәртебе.
Білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бірі – Рая Молдашева. Оның жалпы еңбек өтілі 40 жылды құрайды. Ол алғаш еңбек жолын 1986 жылы Казталов ауданының Қараоба ауылындағы Ғ. Қараш атындағы мектеп-гимназияда география пәнінің мұғалімі болып бастаған. Жылдар бойы Рая Ғабдрахимқызы оқыту әдістемесін жетілдіріп, заманауи педагогикалық тәсілдерді енгізді. Ұлттық құндылықтар мен халықтық педагогика элементтеріне де ерекше көңіл бөлді.
– Білім беру саласында мұғалімнің өзі де білім алуды тоқтатпауы керек. Заман өзгереді, технологиялар, тіпті баланың психологиясы да өзгереді. Сондықтан мұғалім үнемі өзін-өзі дамытып, ізденіс үстінде болуы қажет, – дейді ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген ардагер-педагог.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Жүз домбырашы «Бір әуен – мың жүрек» композициясын орындаса, өнерпаздар көрермендерге музыкалық-поэтикалық және хореографиялық қойылымдар, театрландырылған шоу ұсынды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»