Бүгін Астана қаласында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Батыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынды.

«Қазанат» ипподромы маңында өткен «Дала дәмі» жәрмеңкесіне Шыңғырлау ауданының шаруа қожалықтары да қатысып, жергілікті өнімдердің сапасын танытты.
Ауданнан жәрмеңкеге барлығы 1,5 тонна ет жеткізілді. Бұл ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен мал шаруашылығы саласындағы әлеуетінің көрінісі. Даланың төсінде өсірілген төрт түлік өнімдері елорда тұрғындарына ұсынылып, табиғи өнімге сұраныс танытқан тұтынушыларға жол тартты.

Шыңғырлау ауданы атынан Ақбұлақ ауылдық округінен «Орынбасар» шаруа қожалығы, Ащысай ауылдық округінен «Надир» ӘКК мен «Ғайни» шаруа қожалығының ет өнімдері саудаға шығарылды.
Жәрмеңкеге аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, сондай-ақ ауыл әкімдері Мерлан Хамиев пен Жарас Юмабаев қатысуда. Олар жергілікті тауар өндірушілердің жұмысына қолдау білдіріп, аудан шаруаларының өнімдерін таныстыруға атсалысуда.
Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өндірушілері мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтып, отандық өнімнің саудасын дамытуға мүмкіндік береді. Шаруалар үшін өнімін тиімді өткізуге жол ашса, қала тұрғындарына сапалы азық-түлік сатып алуға қолайлы жағдай жасайды.
- «Дала дәмі» жәрмеңкесі ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға, жергілікті өнімдерді кеңінен танытуға және қала тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Шыңғырлау ауданының шаруа қожалықтары да бұл шараға белсенді қатысып отыр. Бұл ауылдағы еңбек адамдарының маңдай терімен келген несібе. Осындай жәрмеңкелер шаруаларға өз өнімдерін тұтынушыға тікелей ұсынуға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді. Алдағы уақытта да жергілікті өндірушілерді қолдап, ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерін кеңінен танытатын боламыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек.
Ауданнан барған ауыл дәмін, дала өнімдеріне астаналықтар аса разылық білдіруде. Бұл игі шараға бас қалада тұратын жерлестеріміз де қатысып, бір ауданнан өскен жандар бір-бірімен қуана қауышуда.

Батыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері ұсынған ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы ертең де жалғасады.
С. Тыныс,
Шыңғырлау ауданы