Облыстық халық шығармашылығы орталығында «Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл» тақырыбында пікірсайыс оздырылды. Пікірталас облыстық басқармалар мен қалалық әкім аппаратының мемлекеттік қызметшілер арасында өтті. Іс-шараны облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі кеңесі ұйымдастырды.

Аталған кеңестің уәкілі Айман Хайруллинаның сөзінше, тартысты сөзжарыстың мақсаты – Конституцияда бекітілген «Адал азамат» қағидатын қоғамда дәріптеу, алға қарай ілгерілету, мемлекеттік қызметшінің отансүйгіштік, жауапкершілік, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған төзбеу сынды қасиетін арттыру. Дебат облыстың барлық ауданында өткізілуде. Жалпы өңірде 3000-нан аса мемлекеттік қызметші бар.
Әділін айтып, ақ шешім қабылдаған қазылар қатарына «Қызмет» мемлекеттік банк қызметкерлері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Серік Сүлеймен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хайыров, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры Сабыр Түменбаев, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының басшысы Гүлнәр Қабылова, республикалық дебат турнирлерінің жеңімпазы және төрешісі Темірлан Кенжеғалиев енді. Қазылар атынан Дәурен Ерікұлы мен Серік Кенжебекұлы сөз алды. Олар пікірталас атауын Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымы бойынша ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақылдың мемлекеттік қызметшінің бойында болуы керек қасиеттермен ұштасатыны жөнінде қысқаша айтып өтті.
13 құрама 16 қарар бойынша пікірлерін ортаға салып, тартысты пікірталас өткізді. Алдымен командалар жеребе арқылы қарсыластарын анықтады. Қазылар алқасы суырып берген билетте жазылған қарарды екі тараптың бірі – «келісемін» деп үкіметтің сөзін қостаса, оған қарсылас құрама – «келіспеймін» деп оппозицияның идеясын жақтайды. Пікірталаста қызыл тілмен көсіліп қана қоймай, нақты қарардың қоғамға пайдасы мен залалы жөнінде тарқатып айту міндеттелген. Тақырып алуан түрлі болды. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заң мен нормативті реттеу тетігін күшейтуден гөрі, адамгершілік тәрбиеге, яғни қоғамның этикасына мән берілуі керек деген қарар ортаға тасталды. Тақырып аясында үкімет спикері: «Адамгершілік – ең басты асыл қасиет. Әр адамның бойында мұндай қасиет болмаса, ешқандай қатал заң көмектесе алмайды», – деп қарарды қолдаса, оппозиция: «Адам бойындағы адамгершілік сынды моральдық құндылықтар – жеке адамның таңдауы. Ал заң қағидатын білмеген адам өмірдегі кездейсоқ жағдайға байланысты шешімі құбыла береді. Сол себепті қоғамға ортақ нақты шешім, заңды әмбе нормативті реттеу тетіктері болуы керек. Тұрғыны Қазақстанның халқынан екі есе көп елдердің экономикасы мен мәдениеті заңның үстем болуынан дамыды», – деп қарардың тиімсіздігін категориялар бойынша дәлелдейді.

Екі кезеңнен құрылған сөзжарыстыруда қазылар шешімі бойынша жүлделі I орынды облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының құрамасы қанжығасына байласа, Орал қаласы әкімі аппаратының екінші командасы – ІІ, ал облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы III орындарды иеленді. Ортаға ой тастап, шешендігімен көзге түскен спикерлерге демеушілер атынан ынталандыру сыйлығы – кітаптар табысталды.
Перизат Сариева,
«Орал өңірі»