13.10.2026, 18:00
Оқылды: 6

Құмдауыт жердің құтын арттырған Тайпақтың Тамашеві

Тайпақ  өңірінің  табиғаты еңбек адамын сынап  қана  қоймайды,  маңдай  терін  төккен  жанға  өз  несібесін  де  береді. Жердің бабын, судың жайын білетін  адам  мол  өнім  алудың  жолын  табары  хақ.  Тайпақтың Бағырлай арнасы  бойында  қауын-қарбызын  жайқалтып,  картобын  көктетіп  өсірген Аманжол Тамашев сондай  шаруагер. 

Аманжол аға

Ол  елі  қадірлеген  еңбекторысы.  Оның  ауыл  шаруашылығына  араласқанына  жарты  ғасырға жуық  уақыт  болды.  1974  жылы  Калмыков  орта  мектебін  бітірген  соң,  «Краснояр»  кеңшарына  жұмысшы  болып  кірді.  Жоғары  сыныптарда  оқып  жүргенінде-ақ  трактор жүргізушісі  мамандығын  меңгеріп,  куәлік  алды.  Бірақ  кеңшар  басшылығы  бозбалаға  темір  тұлпарды  бірден сеніп  тапсырмады.  Сол  жылдың  күзінде  «Беларусь»  тракторына  отырды.  1975  жылы  әскер  қатарына  алынып,  Отан алдындағы  борышын  екі  жылда  өтеп  келді.  Ауылға  келіп  бұрынғы  жұмысына  қайта  кірісті.

Әкесі марқұм Төлеген де ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған жан еді. Шөпшілер бригадасында қайрақшы болып жүргенінде, есін біліп қалған ұлын қасынан тастамайтын. Содан ба, әйтеуір перзенті техникаға бала кезінен үйір болды. Осылайша Аманжолдың еңбек жолы ауыл шаруашылығымен біте қайнасты.  Тапсырылған жұмысты тақадай қылып атқаратын жасты  партия өзіне тартты. 1981 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. 1986 жылы аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланып, Алматыға партия мектебіне оқуға жолдама алды. Оқуға баруын барғанмен ауылын аңсап кері қайтты. Өйткені Аманжолға  кабинеттегі қызметтен гөрі даладағы қарапайым еңбек жақын еді. Төрт жыл бригадир болды. 1994-1997 жылдары  №1 ферманы, Томпақ ауылындағы шаруашылықты басқарды. 1997 жылы кеңшар тарады. Шаруашылықтан өз еншілерін алған 40 шақты азамат бірігіп, өз алдарына  шаруашылық құрды. Бұл кезең ауылдағы ағайын үшін оңай болған жоқ. Мал өсірді, шөп шапты, бақша екті, өнімін сатып, әйтеуір күнкөріс қамын жасады. 2003 жылы кейіпкеріміз жеке шаруашылық  құрып, бау-бақша өсіруге ден қойды. 2014 жылы шаруа қожалығын таратқанымен, жерден қол үзген жоқ.

Кеңестік кезеңнің өзінде Бағырлай арнасының бойына суданка, жоңышқа секілді екпе шөптер егілетін. Жердің мүмкіндігін жақсы білетін ауыл адамдары бұл алқаптың егінге қолайлы екенін бұрыннан бағамдаған. 2023 жылы Аманжол Тамашев отбасы болып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрды.  Содан бері егістік көлемі де ұлғайды. Қауын-қарбыз өсіріп, өнімді Орал қаласындағы орталық базарға шығарады. Сонымен қатар Орал қаласы әкімдігі бөлген арнайы орындарда    бақша өнімдерін халыққа ұсынады.  Қазір бес-алты жерде қауын-қарбызды өз балалары мен немерелері саудаға шығарады.

Кооператив құрылғаннан кейін картоп өсіруге де ерекше көңіл бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында лизинг арқылы картоп егуге қажетті техника алынды. Оның ішінде төрт қатарлы және екі қатарлы жер өңдеу құрылғылары, культиватор, тырма, сондай-ақ екі трактор бар. Тракторлардың бірі картоптың түбін көмуге пайдаланылса, екіншісі жер жыртуға, шөп шабуға жарайды. Техниканы отбасы мүшелерінің өздері жүргізеді.

– Картопты кооператив құрғаннан бері қолға алдық. Екі гектарға бес тоннадай тұқым егеміз. Бір алқабымыз Бағырлай арнасының жағасында болса, екіншісі Томпақ пен Шабдаржап ауылдарының арасындағы тоғайда. Ал тоғайдың құмдауыт жеріне картоп жақсы өседі. Бұл жерді орман шаруашылығы мекемесінен жалға алдық, – дейді Аманжол Тамашев.

Ауылдағылар Қарт Жайық деп атап кеткен  қара судың жағасы бақша дақылын өсіруге қолайлы. Бұрын да жергілікті тұрғындар бұл аумаққа картоп егетін. Әр гектарына шамамен үш тонна тұқым себілсе, 25-30 тоннадай өнім алуға болады. Алынған картоп алдымен жергілікті халыққа ұсынылады. Облыс орталығына жан-жақтан картоп көп жеткізіледі. Сондықтан  өнімді аудан орталығына және бұқар беттегі елді мекендерге апарып өткізеді.

– Былтыр картоп уақтау болды. Бірақ дәмі жақсы болғандықтан, тұрақты тұтынушыларымыз алып тұрды. Сегіз тонна картобымыз өтіп кетті. Тұқымдық картоптың «Гала» сұрпын Барбастаудан аламыз, – дейді Аманжол Төлегенұлы. Оның айтуынша, картоп – суды да, күнді де жақсы көретін дақыл. Сондықтан оны күтіп-баптаудың өзіндік тәсілі бар. «Картоптың түбін көміп отырған дұрыс. Қазір бұл жұмысты трактормен атқарамыз. Арамшөбін  жұламыз. Бұрын колорада қоңызынан арылу қиын еді. Он бес жылдай болды, бұл жақта ол қоңыз жоғалып кетті. Суды тамшылатып суару әдісімен береміз. Лентаны жерге көміп тастаймыз. Сонда су күн мен желге кеуіп кетпей, бірден өсімдік тамырына барады», – деп түсіндірді бақша өсіруші ағамыз.

Шаруа картоп егудің уақытын да табиғаттың ерекшелігіне қарай белгілейді. Оның айтуынша, аптап ыстық басталғанға дейін немесе ыстық қайтқаннан кейін еккен тиімді. Көбіне маусым айының басында немесе ортасында отырғызылады. Ал биыл картопты мамырдың 25-інде еккен. «Картоп гүлдеген кезде қатты ыстыққа ұрынбағаны дұрыс. Әдетте маусымның 15-20-сынан кейін ексек, өнім жинауды қарашаның суығына қалатынбыз. Биыл жауын-шашын аз болған жоқ. Қазір жаңбырдың жиілеуі егінге айтарлықтай әсер етпейді. Бұйырса, картопты қазан айында орамыз», – деп айнала ойлана көз тастады Аманжол Тамашев.

Тайпақтың жері шөлейт болғандықтан, «Мұнда картоп өсуші ме еді?» деп күмән келтіретіндер де бар. Алайда тәжірибелі диқан жердің бабын тапса, өнім алуға болатынын өз еңбегімен дәлелдеуге бекінген. «Дақылды егетін уақытты табиғат тамыршысындай дөп бассаңыз, ұтылмайсыз. Жерді өңдеудің де өз тәртібі бар. Бұл алқапта жерді әрі кеткенде 15 сантиметр тереңдікте жыртады. Одан асырып жіберсе, ақсор шығуы мүмкін», – дейді Аманжол Төлегенұлы.

Қазіргі кезде кооператив қарамағында жалпы 109 гектар жер бар. Оның ішінде Томпақ ауылындағы питомникке тиесілі тоғыз гектар алқап та бар. Шабдаржапта «Сақи» шаруашылығымен бірлесіп бақша екті. Алмалыда бұрын Нұрлан Жұмашев картоп өсіретін болса, қазір бұл дақылды өсірушілердің қатары көбейіп келеді.

– Қазір ауылда картоп өсіру-ге маңдай түзегендер көбейді. Қауын-қарбыз егушілер де бар. Бірақ бақша өнімдері бір мезгілде пісетіндіктен, өткізу қиындау. Облысқа басқа өңірлерден де қарбыз көп келеді. Біз жақта Болат Ғабдуалиев, Сисенбай Серғазиев екеуі де картоп егіп, өсіріп отыр. Жергілікті картоп өте дәмді. Былтыр уақтау болғанына қарамастан, өніміміз жақсы өтті, – деді әр сөзін салмақтай сөйлейтін кейіпкеріміз.

Бақша өнімдерін өткізу мәселесін шаруалар өздері де шешуге тырысады. Тайпақтық кәсіпкерлер бірігіп, картоп сақтайтын қойма салуға ниетті. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Бағырлай жағасындағы кооперативке тиесілі алқаптың бір бөлігіне қауын-қарбыз егілген. Биыл қарбыз тоғыз гектарға дейін орналастырылған. Ерте пісетін «Капкан», «Продюссер» сұрыптарымен бірге қауынның «Колхозный», «Десертный» түрлері өсіріледі. «Мына алқапта қауын-қарбыз енді пісіп жатыр. Кейде күзде де сұраныс болады. Соған қарай өсіріп жатырмыз. Қарбызды қоспасыз, өз ретімен пісіреміз. Орташа салмағы 8-9 келі болады. Қарбыздарды көріп жүрміз, кейбірі 13-18 келіге дейін жетеді. Химиялық қоспамен дәу етіп өсіре беруге болады. Бірақ біз ештеңе қоспай өнім жолмен өсіргенді қолдаймыз», – деді алқапты аралатып жүрген Аманжол Тамашев.

Бағырлайдың суы да шаруаның берекесін арттырады. Жазғытұрым арнаға су молынан келді. Біраз уақыттан кейін жағадан алыстағанымен, қайтадан су жіберіліп, жайылмаға су шыққан. Каналдың арғы бетіндегі Қырмызы қыстағында кеңестік кезеңдегі «Краснояр» совхозының Социалистік Еңбек Ері, марқұм Демеу Жауымбаевтың ұрпақтары мал өсіруде. Қырмызының өткелі тұсында бақша жайқалып тұр.  Одан әрі кезінде Тайпақта хирург болған Шемякиннің атымен аталған затон бар. Жайылмадағы бұл орынның кезінде балықшылардың сүйікті мекені  болғаны  айтылады.

Айналада қоңырбас, жусан, итсигек қаулап өсті. Келешекте кооператив екпе шөп өсіруді де қолға алмақ. Ол үшін жаңбырлатып суаратын жабдық алуды жоспарлап отыр.  «Жаңбырлатқыш жабдығын орнатсақ, жақсы болар еді. Тамшылатып суаруда жерге көмілген лентаны тышқан кеміріп, тыным бермейді. Ал жаңбырлатып суару мұндай мәселені азайтады. Үш гектардай жерге екпе шөп өсіргіміз келеді», – дейді шаруа.

Кооператив техникалық базасын да біртіндеп нығайтып келеді. Екі трактор, шөп шабатын құрал, соқа және басқа да қажетті техниканы жеті жылға шамамен 29 миллион теңгеге лизингке алды. Мемлекеттік қолдау аясында лизинг құнының 50 пайызын мемлекет өтейді. Мұндай қолдау-көмек елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосамын деген еңбек адамына үлкен демеу.

Аманжол Тамашев егістік алқаптарын кезектестіріп пайдаланудың маңызын жақсы біледі. «Жерді демалту керек. Демалған жерге жусан шықса, жердің тыңайғаны. Кейде бір қылтанақ шықпайды. Ондайда жердің күйі әлі қалпына келмегені. Ақ жусан шыққан кезде дақыл егуді бастаймыз. Бірақ ондай жерде арамшөп басып кетуі мүмкін. Соған қарамастан өнім береді», – дейді әр сөзін салмақпен, баппен айтатын ол. Биыл да бақшашы мол өнімнен үмітті. Әлі алқаптағы өнімді жинауға уақыт бар.

– Бұрын ауылда құмға егіп жүргенде, күтіп-баптамағанның өзінде бір қап картоптан 8-9 қап өнім алушы едік. Биыл да өнім жаман болмас деп отырмын, – дейді ол.

Аманжол Төлегенұлының бар ғұмыры еңбекпен өрілген. Зайыбы Гүлсара  екеуінің үш ұл, қызы бар. Перзенттері бала кездерінен бақша жұмысына араласып өсті. Қазір олар да отбасылы, бала-шағалы. Немерелері мен жиендері де алқап басындағы тірлікке қолғабыс етеді: бірі өнім жинаса, бірі көлікке тиеуге көмектеседі. Тұңғыш ұлы өрт сөндіру қызметінде еңбек етсе, ортаншысы қалада бақша өнімде-рін өткізумен айналысады. Кенже ұлы Азамат Төлегенов – кооперативтің ресми басшысы. Осылайша бір әулеттің бірнеше буынының еңбегі бір арнаға тоғысып отыр.

Аманжол Тамашев үшін жер тек кәсіп көзі емес, атадан балаға жалғасқан еңбек мектебі. Ол сонау кеңшар кезінен бастап бүгінгі кооперативтік шаруашылыққа дейінгі талай өзгерісті басынан өткерді. Бұл күндері Бағырлай жағасында жайқалған бақша – сол талай жылғы тәжірибе мен еңбектің жемісі. Құмдауыт жерден картоп өсіріп, шөлейт өңірде қауын-қарбыз баптап отырған шаруа табиғаттың өз заңдылығын жақсы түсінеді. Ең бастысы – осы еңбектің өнегесі ұрпаққа жалғасып келеді. Сол  қуантады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале