13.10.2026, 18:00
Оқылды: 7

Оралда жазушы, журналист Мира Шүйіншәлиева оқырмандармен кездесті

Х.  Есенжанов  атындағы  облыстық  балалар  және  жасөспірімдер  кітапханасында  оқырмандар  жазушы,  журналист,  халықаралық  «Алаш»  әдеби  сыйлығының  лауреаты,  «Құрмет»  орденінің  иегері  Мира  Шүйіншәлиевамен  кездесу  өтті. 

ae06965c-e1dc-4406-b989-20b6b9e9923c

Бұл іс-шара аталмыш кітапхананың «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Сырлы сөздің көркем әлемі» деген тақырыппен өрбіді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы – өлке қаламгерлерінің шығармашылығын жастарға насихаттап, аутормен еркін сұхбаттасуға мүм-кіндік беретін кітапхана қолға алған бірегей бастама. Кездесуге жергілікті ақын, журналист Мұнайдар Балмолда, әнші-композитор Ербол Ақбасов және студенттер мен оқушылар, кітапхана оқырмандары қатысты. Алдымен бейнероликтен Мира Хамзақызының өмірбаяны мен шығармашылық жетістіктері көпке көрсетілді.

Мира Шүйіншәлиева 1967 жылы 11 қарашада Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында дүниеге келген. А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын
тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын 1985 жылы аудандық «Орда жұлдызы» газетінен бастап, кейін облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінде еңбек етті. Бүгінде Орал қаласының қоғамдық-саяси «Жайық үні» газетінің бас редакторы. Қазіргі таңда қаламгердің шығармашылық қоржынында «Өкініш» повесі, «Сабаз» деректі драмасы, «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия», «Ар азабы» кітаптары мен осы жылы жарық көрген «Судағы сағым» повесі бар. Сондай-ақ аутордың «Үш төмпешік», «Қауырсын гүл», «Адасқан ару», «Сәби мен сорпа» әңгімелері ойлы оқырманның жоғары бағасын алып үлгерді. Мира Шүйіншәлиеваның «Сабаз» деректі драмасы Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында 2024 жылдың мамыр айында сахналанды.

Кездесу барысында кейіпкердің «AbaiTV» телеарнасындағы «Сарасөз» бағдарламасына берген сұхбатынан үзінділер оқырман назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған аутордың кітаптары мен шуақты сәттегі суреттері оның әдебиеттегі орнын айшықтап тұрды. Тағылымды іс-шараның тізгінін ұстаған Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Гүлназ Хамзина Мира Хамзақызы бүгін шымылдығы түрілген жобаның алғашқы қонағы екенін айт-
ты. Бұл кітапхана – кеш кейіпкерінің студент кезінен бері аялдап, жан сергітер рухани ордасы. Тұрмыс құрған жылдары да осы кітапхананың тыныс-тіршілігін тереңнен түсініп, байланысын мүлде үзбеген. Мира Хамзақызының марқұм қайын енесі Мақпал Шүйіншәлиева бір кездері қаламгер Хамзаның есіміне берілген кітапханада еңбек етіпті.

Мира ханымның шығармалары оқырман сұранысына ие. Сөрелерден де кітаптары көзге жиі ұшырасады. Орта буындағы қаламгер алдыңғы қатардан көрінуді көкөрім кезінен мақсат тұтады екен. Сөмкесінде пән оқулықтарынан бөлек, әрдайым сан түрлі әдеби кітаптарды арқалап жүріпті. Қолы қалт етсе, көркем шығармаларды парақтауды оқушы кезінен әдетке айналдырған. Оған әкесі Хамзаның кітапқұмарлығы, үнемі газет-жорналдарды оқитыны себеп болса керек. Бала күнінде «Мен мектеп бітіргенде Алматыдағы ҚазҰУ-ға оқуға түсемін. Журналист боламын» деген арманы мол ізденіп, көп оқуға құлшынысын оятқан.

e9c8064d-3ba0-43fd-ae06-dcbb8571740d

– 1985 жылы мектепті тәмамдадым. Кішкентай кезімнен аудандық «Орда жұлдызы» газетіне жарияланған мақалаларды ден қойып оқитын едім. Бір кезде біздің Бисен ауылына «УАЗ» ныспылы көлік келді. Оның ішінен екі ағай түсті. Олар «Орда жұлдызының» тілшісі және фотографы екен. Бұған дейін журналист боламын деп аудандық редакцияға жиі хат жазатынмын. Сөйтіп, ауданнан келген Молдағалиев Мақсот ағай мені арнайы іздеп келгенін жеткізді.  Ол «Мира Ілиясова деген кім?» деп аты-жөнімді атап, кейін директордың кабинетіне ілестіріп әкетті. Мақсот ағай мұнда аудандық  газеттің бас редакторы Балмолда Тоқсановтың тапсырмасы негізінде келгенін айтып, мені «Орда жұлдызына» тілшілік қызметке алу жөнінде ұсынысын білдірді. Себебі ҚазҰУ-дың журфагына оқуға түсу үшін үміткердің екі жылдық еңбек өтілі қажет екен. Бұл жағымды жаңалықты үйдегі ата-анама айтқанда, олар аттай тулап, бұған қарсы болды. «Жұмыс істеп қатарластарыңнан қалып қоясың, одан да Оралдағы пед-
институтқа оқуға түс» деген кеңесін алға тартады. Бірақ мен дегенімнен қайтпай, әке мен анамды көндірдім. Осылайша құрбы-құрдастарым мектепті аяқтап қалаға оқуға кеткенде, мен аудандық газетте алғашқы еңбек жолымды бастадым, – деді кейіпкер.

Мира Хамзақызы көкөрім шағында көрнекті ақын Тайыр Жароковты еске алуға арналған кеште аутордың өлеңін мақамына келтіріп оқиды. Сол кешке арнайы қатысқан қос қонақ Мираның өнеріне қошемет білдіреді. Сөйтсек, бұл тұлғалар қазақтың біртуар әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланова мен ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиев екен. «Әлі есімде. Жәнібек ауданына қаз-қатар тізіліп «Волга» көліктері келді. Біз Бисен ауылынан аутобоспен барған едік. Роза Бағланованың қолын алып, оны көрген әсерімді жеткізе алмай тұрып қалдым...» дейді ол.

Іс-шара барысында оқырмандар жазушыға сұрақтар қойды. «Шығармаларыңыздағы қай кейіпкермен өмірде жолыққыңыз келеді?» деген сұраққа Мира Шүйіншәлиева «Шүберек қуыршақ» повесіндегі басты кейіпкер Аягүлді еске алды. Бұл шынайы өмірдегі оқиғаға негізделген. Шығармадағы Аягүл анасынан жастай айырылған – шынайы өмірдегі Райгүл Шүкірова екен. «Марқұм Базарғаным анам мен мектептен келгенде бір әдемі көйлекті үтіктеп, дайындап қойыпты. Дәл осы күні мектепте кеш өтпекші болған. Қуанып, әлгі көйлекті кигелі жатырған едім, сонда анам: «Мен бұл көйлекті Райгүлге дайындап қойдым. Сенің көйлегің көп қой. Соның бірін киерсің. Ал ол қыздың анасы жоқ. Сағат төртте ауданнан аутобоспен келеді. Кешке бірге барып, жақын құрбы болыңдар» деген еді. Райгүл менің досым да, сырласым да болды. Өкініштісі, 20 жасында дүниеге перзентін өмірге әкеліп, ерте бақиға бет бұрды. Қазір оның қызы Көкшетауда тұрады деп естідім. Шығармама арқау болған Райгүлмен қайта қауышсам ғой деп армандаймын», – деді жазушы балалық кезін еске алып.

Ақын, журналист Мұнайдар Балмолда қаламгер досына ақжарма лебізін айтса, Ербол Ақбасов ән шырқады. Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева іс-шара соңында Мира Шүйіншәлиеваға сыр-сұхбат үшін алғысын жаудырып, гүл шоқтарын сыйлады.

Нұрым  Ғұмар,

«Жайық Пресс»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале