Кеше, 13 қазан күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы елімізде мерзімінен бұрын өтетін мәслихат сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға белгілегенін хабарлады. Айта кетейік, мәслихаттар тиісті әкімшілік аумақтық бөліністің жалпыға бірдей тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.

Ұсыну және өзін өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі.
Осыған орай Орал қаласының аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Жиында 2026 жылдың 29 қарашасына тағайындалған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын облыс орталығы бойынша ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралды.

Комиссия төрағасы Мұхтар Давлетжановтың айтуынша, Орал қаласы бойынша 120 мүшеден құралған 24 қалалық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі бірмандаттық округтік комиссия жұмыс жасайтын болады. Бүгінгі таңда аталған комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинарлары басталып та кеткен. Сонымен қатар олардың арнайы орынмен, қажетті құрал-жабдықтармен, кеңсе тауарларымен қамтылуы да жоспарлы түрде жүргізілген. Оның сыртында саяси науқан кезінде облыс орталығы бойынша 1054 мүшеден құралатын 136 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс жасайтын болады.

Басқосу барысында мәслихат депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын жасақтау, комиссиялардың құрамдарын нақтылау, округтер, олардың тізімдерін жариялау, сондай-ақ сайлаушыларды сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы хабардар ету, округтік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін бекіту туралы айтылды.
Орал қаласының аумақтық сайлау комиссиясы