Оқырман мақаламның тақырыбын оқып, «Шотландияда қайдағы айтыс?!» деп елең етуі кәдік. Иә, Абердин университетінің оқытушысы, зерттеуші Елизабет Еллиоттың дәрісіне дейін мен де солай ойлағанмын. «Айтыс – тек қазақтар мен қырғыздарда, жалпы, түркі халықтарында ғана бар өнер» – деген түсінік бәрімізге ортақ. Алайда, негізінде, олай емес екен.

Сурет: entertainment
Шотландтарда V-XVI ғасырларда «флитиң» (flyting) деген көңіл көтеру, ойын-сауық бағытындағы іс-шара болған. Тіпті, шотланд патшалары мұны кезінде сарайында ұйымдастырып, тамашалаған. Этимологиясына тоқталсақ, көне ағылшын тілінің «flītan» сөзінен шыққан. Яғни, тікелей аудармасы – «ұрыс», «жанжал». Флитиңнің айтыспен ұқсас тұсы – мұнда да ақындар көпшілік алдында суырып-салма өлең шығарып, сайысқа түседі. Бірақ бір-бірін қорлап, тіл тигізіп, неше түрлі ар-намысты таптайтын сөздер айтады. Түсінікті тілмен жеткізсек, флитиң – ұйқасқа түскен ұрыс. Әдебиеттанушылар флитиңге әрқилы сипаттама береді: сөз соғысы, ақындық ұрыс, әдеби әртістік, байырғы театр өнері, қазіргі рэп-батлдардың алғашқы түрі т.б. Бірақ флитиң поэзияның бір жанры ретінде қарастырылады екен.
Жазбаша нұсқасы бүгінге жеткен флитиңдердің ішіндегі ең көнесі – ақындар Уиллиям Данбар (1459-1530) мен Уолтер Кеннеди (1455-1508) арасындағы сөз тартысы. Олар шамамен 1500 жылдары Шотландия патшасы IV Джеймстің алдында айтысқан. Бір-бірін сұмдық мазақтап, тіл тигізген. Оқып отырып, кей жерлерінде қарқылдап күліп алдым. Екеуі бірін-бірі кісі өлтіргіш, ұры, шаян, Құдайдан безген, тозақта туған, оңбаған деп айыптайды. Тіпті, бір-бірінің ата-бабаларына тіл тигізіп, «Шотландияға опасыздық жасаған сатқындардың ұрпағы, ағылшындардың құйыршығы» – деп сөгеді. Данбар Кеннедиге: «Гэл тілінде сөйлейтін азып-тозған, аш-жалаңаш, бейшара ирландиялық. Сен малмен қосылып, нәпсіңді қанағаттандыратын азғынсың» – деп шүйлігеді. Кеннеди де есесін жібермейді: «Сен тышқақсың. Тышқақтығың сондай – нәжісіңнің салмағын көтере алмай, сен жүзіп келе жатқан кеме суға батып кеткен. Мен Парнас тауына шығып, шешендіктің мөлдір бұлағын ішіп, сусындағанмын. Ал сен бақаның уылдырығын ішкенсің» – деп әжуалайды.
Осы үзінділерден-ақ қос ақын арасындағы флитиңде бірін-бірі қалай қорлап, тілдегенін түсінуге болады деп ойлаймын. Бұл сайыста көрермендер кімді қатты қолдап-қолпаштаса, сол жеңімпаз саналады. Яғни, көрермендердің дауысы, айғай-шуы шешеді. Ал антологияларда Данбар мен Кеннеди тең түскені жазылыпты. Яғни, қарсыласын найзадай тілімен аямай түйреуде екеуі бірінен-бірі қалыспаған.
Бір қызығы, олар флитиңде ата жаудай жан аямай «шайқасқанымен», шынайы өмірде бір-бірінің ақындық дарынын мойындаған. Данбардың 1505 жылы жазған «I that in heill wes and gladnes» деген өлеңінен Кеннедидің ақындық даралығын құрметтегенін көруге болады. Ол кезде Кеннеди төсек тартып, қатты ауырып жатыпты. Сонда Данбар былай жырлайды: «Уолтер Кеннеди поэзияның шебері, Қазір өлім аузында жатыр, Бұл не деген өкініш, қасірет» («Gud maister Walter Kennedy, In poynt of dede lyis veraly, Gret reuth it were that so suld be»).
«Ақындардың бүйтіп бір-бірін қорлап, өлең шығаруы да өнер ме?! Ол не керек?!» – деп ойлайтындар болуы мүмкін. Флитиңнің мәнісі мен пайдасын зерттеушілер әртүрлі түсіндіреді. Мәселен, Марго Тодд «флитиңнің мақсаты – татуластыру» – деп жазады. Яғни, бір-бірін жақтырмайтын, ашу-реніші бар кісілер ойындағысын бетке айтып-айтып тастайды да, ішіндегісін шығарып, жүрегін ыза-кектен тазартады. Ары қарай жақсы араласып, дос-жолдас болып кетеді. Ал Елизабет Еллиоттың пікірінше, «флитиң жұрттың ынтымағын нығайтады». Себебі ақындардың «сөз соғысын» көруге бір орынға жиналған көрермендер өздерінің бір қауым, бір қоғам екенін ұғынып, бірлігі күшейеді. Дегенмен, Том Скотт Данбар мен Кеннеди арасындағы флитиңге мүлде басқаша баға берген. Оның ойынша, «Бұл – дөрекі, намысты қорлайтын сөздер. Кәсіби сын айтуға татымайтын жұмыс».
Уақыт өте келе, бұл өнер жойылып, тек тарихта, жазба деректерде ғана қалды. Яғни, қазір шотландтар айтыспайды, флитиң ешбір жерде ұйымдастырылмайды. Мұның себебін анықтауға тырысып көрдім. Бізге Абердин университетінде дәріс оқыған ғалым Елизабет Еллиоттан сұрағанымда, былай түсіндірді: «Флитиң патша сарайында өткізілген. Шотландия патшасы Джеймс Чарльз Стюарт 1603 жылы Англияның да тағына отырды. Яғни, ол Британия аралындағы қос елді қатар басқарған алғашқы билеуші атанды. Содан соң, Лондонға көшіп, біріккен державаны сонда отырып, биледі. Жоғарыда айтқанымдай, флитиң патша сарайында ұйымдастырылатын. Билеуші Лондонға кеткен соң, сарай да сонда ауысты. Шотландияда патша сарайы болмағандықтан, флитиң өзінен-өзі тоқтап қалды».
Бұл мақаламда шотландтың флитиңі жайлы қысқаша мәлімет бердім. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, флитиңді біздің сөгуіміз дұрыс болмас. Өйткені, біз үшін біртүрлі көрінуі мүмкін, ал шотландтар үшін бұл – ұлттық өнер. Әркімнің салт-дәстүрі – өзі үшін асыл қазына. Өзгенің әдет-ғұрпын ұқпасақ та, құрметтеу кісілік болмақ.
Алайда қазақ үшін, әрине, айтыстың орны ерекше. Себебі айтыс көңіл көтеретін, ойын-сауық құратын өнер ғана емес, онда, ең бастысы, елдік мәселелер айтылады. Мысалы, Жамбыл Құлмамбетті жеңгендегі, мына жалғыз шумағына мол мағына сыйдырған:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап, әуре болмай, жөніңе қайт!
Ал заңғар жазушы, сұңғыла ғалым Мұхтар Әуезов айтыс жөнінде «Халық театрының анық, дәл ұрығы бар» – деген. Шотланд зерттеушілері де флитиңге «байырғы театр өнері» – деп баға бергенін жоғарыда жаздық. Әдебиеттанушылардың пікірін негізге ала отырып, «айтыс – театр өнерінің бастауы» деген тұжырым жасауға болады. Ұлтымыздың шотландтардан айырмашылығы – көп қырлы, сан салалы айтыс өнерін сақтап, бүгінге дейін жеткізді. Айтыс ұйымдастырылса, әлі күнге дейін қарақұрым жұрт, қалың көрермен жиналатынына куә болып жүрміз. Бұл – елдің төл дәстүрімізге деген сүйіспеншілігі мен құрметінің көрінісі. Демек, айтыс қазақпен бірге жасап, келер ғасырларға да көше бермек.
Алпамыс Файзолла