Казталов ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында терек көшеттері отырғызылды. Ағаш отырғызу шарасына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, ардагерлер, жастар, бөлімдер мен мекемелердің басшылары және қызметкерлері қатысты. Қатысушылар ортақ іске атсалысып, туған жердің табиғатын түлетуге өз үлестерін қосты.

Шара барысында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қоршаған ортаны қорғаудың маңызына тоқталып, тазалық пен табиғатқа қамқорлық әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы қажеттігін атап өтті.

— «Таза Қазақстан» туған жерге деген сүйіспеншілік пен ел алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Табиғатты қорғау, айналамызды таза ұстау, ауылдарымызды көркейту – баршамызға ортақ міндет. Бүгін отырғызылған әрбір терек ертең саялы ағашқа айналып, ауданымыздың ажарын ашады. Ең бастысы, біз кейінгі ұрпаққа табиғатты аялаудың үлгісін көрсетуіміз керек. Өйткені туған жердің тазалығы мен көркеюі әрқайсымыздың оған деген жанашырлығымыздан басталады, – деді аудан әкімі.

Аға буын мен жастардың бірлесе атсалысуы шараның тағылымдық мәнін арттыра түсті. Өйткені табиғатты қорғау ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын ортақ құндылық. Бүгінгі отырғызылған көшеттердің жайқалып өсуі оларды күтіп-баптауға да байланысты. Сондықтан ағаш отырғызумен қатар, оның өсуіне жағдай жасау, жасыл желекті сақтау маңызды.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы