20.10.2026, 11:00
Оқылды: 13

Балуандарды баптаған Батыр бапкер

Ақ Жайық өңірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған спортшылар жетерлік. Белгілі самбошы, ҚР Құрметті спорт қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы және халықаралық дәрежедегі төреші Батыр Қуанышевтың есімі спорт саңлақтары тізімінің көш алдында тұр. 

Суреттің сол жағынан бастағанда үшінші тұрған азамат Батыр Қуанышев. Құшағындағы кішкентай ұлы Ербол. Оралдағы спорт саңлақтарымен түскен сурет.

Батыр Әбілұлы 1954 жылы 9 наурызда қазіргі Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында дүниеге келген. Ол 1961 жылы Каратөбе ауданындағы Аққозы кеңшарының 2-бөлімшесіндегі бастауыш мектептің 1-сыныбына қабылданып, кейін оқуын сол кездегі Тайпақ ауданының Калмыков орта мектебінде және Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы №11 мектепте жалғастырды. Мектепті аяқтаған соң 1971 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсті. Институтты тәмамдағаннан кейін 1975-1976 жылдары Кеңес әскері қатарына шақырылып, Қырғызстан республикасында әскери борышын өтеді.

Алғаш еңбек жолын 1976 жылы Орал шаһарындағы жастар спорт мектебінде самбо күресінің жаттықтырушысы ретінде бастады. 1978 жылы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінде
нұсқаушы, кейін облыстық ерікті «Қайрат» спорт қоғамында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Батыр Қуанышев саналы ғұмырын самбо күресінің бапкері қызметімен ұш-
тастырып, бұқаралық спортты дамытуға, соның ішінде самбо күресін кеңінен таратуға, ауылдық жердегі ұлттық күрестің өрісін кеңейтуге өзіндік  үлесін  қосты.

Б. Қуанышев 15 жылдан аса облыс жаттықтырушылары арасында өткізілген байқау-конкурс жеңімпаздарының қатарында болды. 1989 жылы ҚР Спорт комитетінің шешімімен ең үздік
жаттықтырушы деп танылып, «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Жоғары санатты жаттықтырушы» атақтары берілді. Кейіпкеріміз көзі тірісінде облыста халықаралық жарыстар өткізу жөнінде бастама көтеріп, соның нәтижесінде Орал қаласында алғаш рет самбо күресінен Азия біріншілігі өтті. 2002-2004 жылдары Б. Қуанышев Олимпиада резервтерін даярлау орталығының директоры қызметін атқарды. 2004 жылы спортты дамытудағы қажырлы еңбегі үшін ҚР Дене шынықтыру және спорт комитетінің бұйрығымен «ҚР Құрметті спорт қайраткері» атағы берілді.

Бүгінде Батыр Әбілұлы – өз  қолтаңбасын қалдырған шебер ұстаз, өнегелі өмір иесі ретінде облыс спортының тарихында, жұрт жадында қалды. Олай деуімізге де себеп жоқ емес. Ол әлем кубогының иегері, КСРО және әлем шемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері А. Шайхиев,
Ш. Иғылман, Б. Жұмағалиев, Б. Жағыпаров, С. Қажғалиев, Б. Елубаев, Мағауия және Қаймен Есендияровтар, Т. Кәкенов секілді есімдері елге танымал шәкірттер тәрбиеледі. Сондай-ақ Ә. Қайыров, Б. Нұрмаханов, Т. Хасанғалиев, И. Ерешев, Т. Қазиев, Ә. Хайров, Е. Ибрашев, А. Хайрекев, М. Жұмағалиев, Ж. Құспанов, М. Сағындықов, Т. Қазмағанбетов сынды республикалық, бүкілодақтық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлады. Осылайша еліміздегі спортты дамытуға үлкен үлес қосқан ардақты азаматты туған елі ешуақытта ұмытқан емес. Біз осы мақалаға ақпарат жинау барысында Батыр Қуанышевтың төл шәкірті Иғылман Шағуан ағамен пікірлестік. Ол кейіпкеріміз жөнінде жазылған газет беттеріндегі материалдарды, тарихи фотосуреттерді көзінің қарашығындай сақтап жүр екен.

– Марқұм Батыр ағамыз турашыл әрі талапшыл азамат еді. Әлі есімде, 1976-1977 жылдар шамасында шәкірт тәрбиелеумен шұғылданып бастады. Біз ағайдың балуандыққа баулып, тәлімін көрген азаматтардың алғашқысы едік. Әр шәкіртін өз баласындай көретін. Ішімдік ішу, темекі шегу секілді жаман әдеттерден бойымызды алыс ұстадық. Жаттығуға уақтылы келіп, тәртіпке машықтандық. Батыр Әбілұлының кәсіби шеберлігі бір төбе болса, кісілік болмысы да ауызтолтырып айтарлықтай еді. Сол жылдары оның Орал қаласындағы «Ремзавод» деп аталған ауданда екі бөлмелі үйі бар-тұғын. Бұл біздің екінші үйіміздей болып кетті. Зайыбы Бәтима апа – азаматын сыйлап, оның әр бастамасына қолдау білдіретін шаңырақ шамшырағы. Бізді құрсағынан шыққан ұл-қызынан кем көрмейтін. Заманның  қиын кезеңі-тұғын. Батыр аға үйінің табалдырығын қымсыла-қымсынып аттаған шәкірттерін төрге шығарып, алдымен соларға ас-ауқат беріп, сосын ғана өздері тамақтанатын. Осыдан шығар, қатарласа жаттыққан жігіттермен бір үйдің баласындай өсіп-өндік. Қазірдің өзінде байланысымызды үзбейміз әрі ұрпақтарымыз да жақын құрбы-досқа айналды. Батыр аға мен Бәтима апамыз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Ұлы Ерболдың қызығына бөленіп, немерелер сүйді. Амал нешік, атқамінері осыдан 3-4 жыл ілгеріде бақиға бет түзеді. Бүгінде Бәтима анамыз қызы Динарамен бірге Астана қаласында тұрып жатыр, – деп бапкерін есіне алды Шағуан аға.

Иә, Батыр Қуанышев Ақ Жайық өңірінің атын асқақтатқан талай түйе балуанды түлетті. Соның бірі саңлақ спортшы Асқар Шайхиев еді. Самбо спортының бастауында тұрған бапкер Батыр Қуанышев бозбалалардың бойынан күреске деген махаббатты, жеңіске деген жігерді жазбай танитын. Бозкілемдегі белдесулерге шыққан балуан шәкірттері бірінен соң бірі бәйгелі болып жатты. Шәкірті А. Шайхиев 1988 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен әлем кубогында қарсылас шақ келтірмеді. Кейін жыл өте батысқазақстандық балуандардың арасында ең алғашқы болып әлем шемпионы атанды. Тұтас ұлттың мерейін үстем еткен осы жеңіс жолындағы Батыр Қуанышевтың да жемісті еңбегін атап өтпеске болмас. Батыр ағамыз Асқар шәкіртін жан-жақты шыңдау үшін небір мықтылардың қасына қосып, белдестіріпті. Кеңес одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Урожай» ерікті спорт қоғамы одақтық құрамасының бас бапкері болған Марат Жахит Батыр бапкердің еңбегін жоғары бағалап, оның тік мінезді, ылғи да шындықты сүйетін азаматтығын есіне алады. «Асқардың шеберлігін ұштай түсу үшін Жамбылдағы жаттығу жиынына екеуі жиі келетін. Ол кезде Жамбылдың самбо мектебі дүркіреп тұрды. Жеңіл салмақта әлем шемпионы Қанат Байшолақов, Еуропа және одақ шемпионы Алмас Мұсабеков, Кеңес одағы шемпионатының жүлдегері Айбатыр Махмұтов және жастар арасында одақ біріншілігінің жүлдесін олжалаған Берік Жирентаев, Олег Ли және тағы басқа білекті балуандармен тартысқа түсу Шайхиевтің кемеліне жетуіне көп ықпал етті», – деп естелік қалдырыпты  М. Жахит.

Батыр Қуанышевтің тұлғалық болмысы, бапкерлік қыры туралы егжей-тегжейлі мәлімет жинап жүргенімізде оның өнерге де қызығушылығы болғанын білдік. Мұны тұлғаның өмірлік серігі Бәтима Қуанышева сөзіне өзек етті. Жұрт бозкілем шебері деп танитын азаматтың жары оның биік парасатын, кең дүниетанымын жадынан мүлде шығармайтынын айтты телефонмен тілдескенімізде.

– Мен үшін Батыр – ерекше тұлға, өз есіміне толық сай келетін және ойын ашық айтуға жетерлік батылдығы бар нағыз қаһарман. Негізінен, жаны қазақ әдебиетіне жақын, өлеңдер жазады. Әдебиетке, спортқа және өнерге құмар жан-жақты тұлға, домбырада ойнайды және сурет салады. Қандай жағдай болмасын, ол – Ақ Жайық өңірінде елеулі орын алатын жаттықтырушы. Мейірімді әрі қамқор әке, сондай-ақ достардың, сыныптастардың арасында әрдайым әзіл-қалжың айтып  жүретін.

Батыр екеуміз 1971 жылы сол кездегі С. Сейфуллин атындағы № 11 қазақ орта мектебін бітірдік. Ол жаратылыстану және география факультетінің спорт бағытында, ал мен сол факультеттің география және биология бағытында оқыдық. Студенттік жылдарымызда да дос әрі сыныптас болып, кейінірек шаңырақ көтеріп, отбасын құрдық. Ұлымыз Ербол 1980, ал қызымыз Динара 1983 жылы дүниеге келді.

Ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болуының нәтижесінде ол сынып ішіндегі
іс-шаралар мен спорттық жарыстарға арналған сценарийлерді үнемі өзі жазатын, – деді Бәтима әже.

Б. Қуанышев шәкірттері М. Есендияров, А. Шайхиев, С. Қажғалиев, Ш. Иғылмановпен бірге

Самбо күресінен әлем шемпионы атанған Асқар Шайхиев 2000 жылдың мамыр айында кісі қолынан қаза тапқаны белгілі. Тапаншадан атылған төрт оқ та спортшыға тиіп, жантәсілім етті. Өкініштісі, сайыпқыран самбошының ұстазы Батыр Қуанышев та сол оқиғадан кейін көп ұзамай қаскөйлер қолынан  қаза  тапты.

Батыр Әбілұлы – еліміздің жас спортшыларының бағын жандырып, даңқын шығарған, өзі-нің талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында талантты спортшыларды жеңіс тұғырына көтере білген дарынды бапкер. Еңбегі еленіп, «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «ҚР Құрметті спорт қайраткері» атақтарына ие болды. Оның есімі қазақ спорты тарихында үлкен әріптермен мәңгілік жазылып қалды.

Нұр-Ғұмыр Жанқожа,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале