20.10.2026, 11:15
Оқылды: 11

«Инклюзия FEST – 2026»

Оралдағы «Ақжайық» оңалту орталығында ерекше  қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарының басын қосқан «Инклюзия FEST – 2026» облыстық фестивалі өтті.

6ef59f17-3dac-4a20-b0a7-be89a988d99b

Жиынға өңірдің 10 ауданы мен Орал қаласынан келген отбасылар қатысты. Фестиваль аясында шығармашылық және спорттық сайыстар ұйымдастырылып, балаларды оңалтуға арналған заманауи техникалық құралдар таныстырылды.

Фестивальда  балалар мен ата-аналар түрлі спорттық, шығармашылық және танымдық бағыттағы іс-шараларға қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Спорттық жарыстар мен шығармашылық бағдарламалар қатысушылардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашты. Қолөнер көрмелері мен инклюзивті алаңдар да көпшілік назарына  ұсынылды.

– Фестивальдың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ отбасыларға қолдау көрсетіп, инклюзивті қоғам құндылықтарын дәріптеу. Мұндай шаралардың маңызы зор. Өйткені инклюзия – тек ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау ғана емес, олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өзін еркін сезінуіне мүмкіндік беріп, қабілетін шыңдап, ортаға бейімдеу. Ал ата-аналарға осындай кездесулер тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсету үшін де тиімді, – дейді «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығының директоры Арман Дәулетов.

Фестиваль аясында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтудың инновациялықтехникалық құралдар паркі де таныстырылды. Балалардың оңалту қызметтеріне қолжетімділігін арттыру үшін елімізде бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығы бірлесіп қолға алған «QH – мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы.

2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан аталмыш жоба ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен іске асуда. Оның негізгі мақсаты – балалардың оңалту шараларын өз үйінде, өзіне таныс ортада, мамандардың сүйемелдеуімен  жалғастыруына  мүмкіндік  беру.

– Жоба аясында сегіз аппарат алынды. Оның екеуін ерекше қажеттілігі бар балаларға бердік. Ата-аналармен жұмыс жүргізіп, аппаратты қалай қолдануды үйретеміз. Жоба аясында алдымен мамандар баланың денсаулық жағдайын, жеке қажеттіліктерін және отбасының тұрмыстық жағдайын бағалайды. Соның негізінде әр балаға қажетті оңалту құралдары іріктеледі. Олардың қатарында бейімделген креслолар, вертикализаторлар, жүріп-тұруға арналған арбалар мен арнайы тренажерлер бар. Құрал-жабдық отбасының тұрғылықты жеріне жеткізіліп, уақытша әрі ақысыз пайдалануға беріледі, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» БҚОФ директоры Ділдаш Ысқақова.

Қазіргі таңда жоба Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жүзеге асырылуда. Жоба деректеріне сәйкес, кешенді оңалту көмегі 642 балаға көрсетілген. Оның 500-інің саулығында оң өзгеріс байқалған.

Әр баланың қабілетін ашуға мүмкіндік беру, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау және қажетті көмекті қолжетімді ету – инклюзивті ортаны қалыптастырудың маңызды алғышарттары. Мұндай бастамалар балалардың ғана емес, олардың ата-аналарының да өмірге деген сенімін нығайтып, қоғамдағы өзара түсіністік пен жанашырлықты арттыруға  ықпал етері сөзсіз.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале