Сырым ауданында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның төрағалығымен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту шеңберіндегі төртінші деңгейдегі бюджетті енгізуге әзірлік шаралары туралы мәселені талқылаған мәжіліс өтті.
Жиналысқа облыс басындағы уәкілетті облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, мемлекеттік сатып алу басқармаларының және ішкі мемлекеттік аудит, мемлекеттік кірістер департаменттерінің мамандары, сонымен бірге Сырым және Қаратөбе аудандарының әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, ауыл әкімдері мен мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша қарапайым әрі түсінікті қылып айтқанда, бізге осы кезге дейін республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің бар екені белгілі болып келді. Бұлар – үш деңгейлі қаржыландыру жүйесінің құрылымдары. Енді төртінші деңгей арқылы тұрғын саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтердің де дербес бюджеті болады. Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін – өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетіндігі жайлы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамында нақты көрсетілді. Айтылған мәселе айтылған жерде қалмай, жүзеге асқалы жатыр. Бұл туралы Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков кеңірек айтты.
Жаңағы бюджет ауылдық округтер үшін 2018 жылдан бастап енгізіледі. Сырым ауданы бойынша Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтері төртінші деңгейдегі бюджеттің игілігін көретін округтердің қатарына кіріп отыр. Қаратөбе ауданындағы төртінші деңгейдегі бюджеттің игілігіне іліккен округтердің саны да біздің ауданмен бірдей. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның сөзіне қарағанда, жалпы облыс бойынша 45 ауылдық округ келер жылы дербес бюджетке ие болатын көрінеді.
Жаңа бюджет өзімен бірге жаңа жұмыстарды жүктеп отырғаны тағы рас. 2018 жылға дейін жергілікті билік төртінші деңгейдегі бюджет енгізілетін селолық округтер әкімдері аппараттарының материалдық – техникалық қамтамасыз етілуінің шараларын бірінші кезекте жолға қоймақ. Осы сияқты округтерді сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету, кадрлардың сапалық құрамын қайта қарап, білікті мамандармен толықтыру, соның ішінде жергілікті өзін өзі басқарудың бюджет процестеріне және коммуналдық меншікті басқару бойынша білімі жетілген мамандарды шоғырландыру мәселелерді шешуді де кейінге қалдырмаған дұрыс. Жиынға қатысушылардың пікір алысы осындай түйінге тірелді. Айтылған мәселелер жөнінде тиісті тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Түстен кейін Сырым ауданында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева қатысуымен мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша тағы бір жиынның өткенін айтып кетейік.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
zhaikpress.kz