21.10.2026, 15:15
Оқылды: 16

Депутат асыл тұқымды ірі қара мал санын арттыру мәселесін көтерді

Бүгін Құрылтай отырысында депутат Серік Егізбаев Ауыл шаруашылығы министріне мал шаруашылығын дамыту туралы депутаттық сауал жолдады.

Егізбаев сурет (1)

Ол алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасын еске салды. Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары ірі қара мал басын қазіргі 8,2 млн бастан 12 млн басқа дейін арттыруды көздейді Айта кетейік, бұл – 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша статистика. Ал жыл басындағы асыл тұқымды ірі қара малының саны 994 мың бас болған, яғни барлық ірі қара малының – 12%-ы.

Депутаттың сөзінше, Үкімет жыл сайын қомақты қаражат бөлсе де, соңғы 5 жылда асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі осы 12% деңгейінен көтерілмей отыр. Сол себепті, ол мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларға қосымша тетіктер мен талаптар енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, шаруаларды мал басын асылдандыруға ынталандыру қажет. Сонымен бірге, Серік Егізбаев қазіргі жағдайға қатысты нақты мысалдар келтірді.

– Мәселен, Ұлытау облысында «Жайлау» бағдарламасын іске асыруға 3,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінде жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 6 жоба мақұлданған. Алайда бұл жобалар іске аспай қалуы мүмкін. Негізгі мәселе – асыл тұқымды малдың бағдарламадағы есептік бағасы мен нарықтағы нақты бағасының арасындағы айырмашылық. Асыл тұқымды мал шаруашылықтары қолда бар артық мал басын нарықтағы бағадан төмен сатуға ынтасы жоқ болса, бұл айырмашылықты фермер өз қалтасынан төлеу үшін қосымша қаражат іздеуге мәжбүр. Нәтижесінде фермерге белгілі бір мал басын сатып алуға несие мақұлданғанымен, бөлінген қаражат нақты нарықтағы сол көлемдегі малды сатып алуға жетпей отыр. Бұндай ұқсас мәселе «Игілік» және «Береке» бағдарламаларында да бар, – деді ол.

Бұл мәселені шешу үшін депутат нақты ұсыныстарын жеткізді:

  • Біріншіден, бағдарламаларға мал бағасын бекітуде оның құнын есептеу механизмін қайта қарау;
  • Екіншіден, мал басын жаппай асылдандыру жұмыстарына «Асыл Түлік» ұйымының әлеуетін пайдалана отырып, арнайы бағдарлама әзірлеп, оның ішінде малды қолдан ұрықтандыру технологиясын жаңғырту;
  • Үшіншіден, асыл тұқымды малға (өнімге) мәртебе мен асыл тұқымдық куәлікті беру үдерісін цифрландыру арқылы автоматтандыру және осыған байланысты республикалық палаталардың жұмысын тауарлы шаруашылықтардың өнімділігін көтеруге бағыттап, қайта заңдастыру;
  • Төртіншіден, асыл тұқымды репродукторларды саланың тағы бір жеке субъектісі ретінде заңдастыру және олардың жұмысын мал басының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында селекциялық жұмысты оңтайландыру үшін ғылыми институттармен үйлестіру қажет.

Серік Егізбаев бұл ұсыныстар сарапшылардың жан-жақты талдау жасауы нәтижесінде дайындалғанын атап өтті.

 

                                                                                     Алпамыс Файзолла

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале