22.10.2026, 0:00
Оқылды: 2

Сулыкөл ауылдық округінде инфрақұрылым жаңартылып, жол жөнделді

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Сулыкөл ауылдық округінің халқымен жүздесті.

1001039794

Жиында ауылдық округ әкімі Асланбек Бисембай жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жаңа жобалар бойынша есеп берді. Ағымдағы жылы округ орталығы Сулыкөл ауылында жеке кәсіпкер Ж. Елеуова «Жеңісбек» азық-түлік дүкенін ашса, мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған Қалдығайты мектебінің 2006 жылғы түлектері құны 9 миллион теңге тұратын ашық волейбол алаңын ауылға сыйға тартты. Сонымен қатар «Нұртөре» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Қуанышкереев қоғамдық монша құрылысын аяқтап, пайдалануға берді.

Ауылда мемлекеттік бюджет және демеушілер есебінен де бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Тамыз айында облыстық бюджет есебінен Ветеринариялық станса ғимараты мен типтік үлгідегі мал моласының құрылысы басталып, екі нысан да жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарлануда. Оған қоса электр желілерін жаңарту аясында 3 дана трансформатор, 2,8 шақырым 10 кВ және 2,2 шақырым 0,4 кВ электр бағандары мен сымдары ауыстырылып, қыркүйек айында құрылыс толық аяқталды. Жергілікті демеуші, «Қалдығайты» ЖШС директоры А. Нұрмұханбетовтің қолдауымен Ж. Жабаев және Қ. Жұмалиев көшелеріне 20 дана жаңа көше шамы орнатылды. Бұдан бөлек «Еркеназ» жеке кәсіпкерлігімен жасалған келісімшарт негізінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

1001039683

Жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Қаратөбе ауданы бойынша жол инфрақұрылымын дамытуда атқарылған ауқымды шаруаларға тоқталды. Жалпы ұзындығы 358,7 шақырымды құрайтын аудан жолдарының соңғы жылдары 31,1 шақырымына (12 жоба бойынша 3 миллиард 636,9 миллион теңге) жөндеу жүргізілген. Оның ішінде Қаратөбе ауылының 13 көшесі (9,2 км), Шөптікөлге кірме жол (1,7 км, 222 млн теңге), Қоскөлге кірме жол (8,6 км, 896,6 млн теңге), Қарақамыс ауылішілік жолдары (2,2 км, 331,1 млн теңге) мен Сулыкөл ауылішілік жолдары (2,9 км, 372,5 млн теңге) пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2025 жылы Шалғын ауылына дейінгі 10,4 шақырым жолға (341,9 млн теңге) және Қаратөбе-Ақтайсай жолының 1,2 шақырымына (41 млн теңге) қиыршық тасты құмды қоспа төселген.

1001039835

Жиын барысында ауыл ақсақалы Жеңіс Қуанышкереев ауданмен қатынайтын жолды уақтылы тегістеп тұру мәселесін көтерсе, ауыл тұрғыны Айнагүл Қызғожина атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Есептік жиналыс аяқталған соң аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале