Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 13 қазандағы №60/98 қаулысымен 29 қарашаға мәслихаттар депутаттарының сайлауы тағайындалғаннан кейін, Казталов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы да дереу іске кірісті.

Сайлауға әзірлік барысында аудандағы сайлаушылар санына байланысты сайлау округтерінің шекаралары нақтыланып, аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша 11 сайлау округі құрылды. Аудан бойынша сайлау науқанына әзірлік және өткізу жұмыстарына барлығы 47 комиссия жұмылдырылатын болады, соның ішінде 1 аумақтық, 11 округтік және 35 учаскелік сайлау комиссиялары, олардың құрамдарына 271 мүше тартылған. Біздің басты міндетіміз – науқанның ашықтығын қамтамасыз ету. Барлық ұйымдастыру шаралары бекітілген күнтізбелік жоспарға сай уақтылы жүзеге асырылуда.

Сайлау науқаны басталғаннан бері аудандық аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған 3 оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Электоралдық оқыту барысында мәслихат депутаттарын сайлаудың ерекшеліктері, сайлауға дайындық кезеңдері, кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі, сайлау алдындағы үгітті жүргізу, сайлауды қаржыландыру, шағымдар мен өтініштерді қарау мәселелері түсіндірілді. Қазіргі уақытта округтік сайлау комиссияларымен аудандық мәслихат депутаттығына кандидат болуға ниетті азаматтардың өтініштері бойынша олардың тиісті заң талаптарына сәйкестігін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Мәслихат депутаттарының сайлауы жөніндегі барлық сұрақтар бойынша БҚО, Казталов ауылы, Құрманғазы көшесі, 3, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының ғимаратында орналасқан Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясына хабарласуға болады, байланыс телефоны 31-4-88.
Казталов ауданының аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы
Ж. Темірғалиев