23.10.2026, 19:00
Оқылды: 7

Ақ Жайықты әнмен тербеген кеш

Бақыт Шадаева салған әннің өзі ностальгия. Олай дейтінім, тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы тұтас бір буын Бақыт Шадаеваның әндерін тыңдап өсті. Шарықтата шырқаған әнімен жаныңды баурап, естелігімен емінтіп тұрады. Есті ән. Сөзі мен әуені үндес. Нәзік лирикаға толы. Сағынышқа бөлеп, жан дүниеңді тербетіп өтеді.

IMG-20261023-WA0072
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Бақыт Шадаеваның «Сені іздеп табамын» атты ән кеші арнасы кең, өрісін көкке толтырып, толқыны тулап ағатын Ақ Жайықты әнге бөледі. Оралдықтардың өткенге деген сағынышын оятып, ертеңге деген үмітін еселеді.
Азия мен Еуропаның түйіскен жері саналатын, екі өркениеттің тоғысқан тұсындағы Жайық жұрты сүйікті әншісін ыстық ықыласпен қарсы алды.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз бастаған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Мерғалиев, Жастар мәдениет сарайының директоры Шайхин Асыланбек өңірге өнер сапарымен келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шадаеваны құрметпен күтіп алды. Азаматтарға көрсеткен сый, ілтипаты үшін алғысымыз шексіз. Өнерге деген құрмет осылай аласармаса екен.

Нұрділдә Ораз Бақыт Шадаеваға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысын жеткізіп, өнер мен мәдениет дамуына үлес қосып жүрген әншіге ілтипат көрсетті. Сондай-ақ өнерпаздың өнер әлеміндегі 40 жылдық белесіне тоқталып, Орал қаласына арнаған жаңа әніне жоғары баға берді. Оның алдағы жоспарын тыңдап, өңірдің мәдени-рухани тынысы туралы емен-жарқын әңгіме өрбітті. Сондай-ақ меймандарға естелік сыйлықтар табыстады.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған концертте Бақыт Шадаева жанды дауыста ән шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Жүргізушінің әндердің тарихынан сыр тартып, әнші мен тыңдарманды қанаттандыра отырып сөз саптағаны ән кешінің шырайын аша түсті. Екі араны бос кеңістік бөліп жатпағандай, тыңдаушысының да, өнер иесінің де риясыз диалогы әнмен өрілді. Бақыт Шадаеваның орындауындағы лирикалық әндер талай тыңдарманның жүрегіне жетті. Көпшіліктің ыстық ықыласы әншіге қанат бітірді. Оның ән орындаудағы өзіндік стилі бөлек. Әуені ырғақты, айтар ойы бар.

Бағдагүл Рахметқызы,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале