Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында Бәйтерек ауданында айтулы датаға арналған жергілікті кәсіпкерлердің, мекемелер мен жастардың жетістіктерін паш ететін танымдық көрме ұйымдастырылды.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Марат Тоқжанов, жергілікті ардагерлер, кәсіпкерлер, білім, спорт және әлеуметтік сала өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын аясында ұйымдастырылған көрме ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және аграрлық әлеуетін қамтыды. Атап айтсақ, көрмеде ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде, жергілікті диқандар өсірген дақылдар мен дәнді дақылдардың үлгілері, ұн-нан және тағамдық өнімдер қойылды. Сонымен қатар аграрлық салада қолданылатын техникалар мен жабдықтардың макеттері де көрермен назарына ұсынылды. Жергілікті шеберлер ағаштан жасалған шеберлік бұйымдары, балаларға арналған ағаш ойыншықтар мен автокөлік макеттері таныстырылды.

Көрмеге қатысушылар отандық өнімнің сапасы мен өзгешелігіне мән берді. Сондай-ақ жастар саясаты мен туризм орталығының да жетістіктері де көрініс тапты. Мәселен, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы жыл бойы атқарылған нәтижелі жұмыстарын, соның ішінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жетістіктері мен марапаттарын таныстырды. Сондай-ақ «Жас туристер станциясы» ұжымы жастар туризмі мен өлкетану саласындағы жетістіктерін, жорық жабдықтары мен экспонаттарын көрермен назарына ұсынды.

Ал арнайы бұрышқа аудан спортшылары бағындырған биік белестер, түрлі облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың кубоктары мен медальдары орналастырылды.

Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы