Республика күніне орай Жалпақтал мәдениет үйінде «Қыран елім – Қазақстан» атты мерекелік шара өтті.

Елдік пен бірлікті ұлықтаған салтанатты жиында туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, бірқатар азамат марапатталды. Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Республика күні – еліміздің тәуелсіздігін айшықтап, мемлекетіміздің мәртебесін асқақтататын маңызды мереке. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы – бірлігіміз бен ынтымағымызға, әр азаматтың адал еңбегіне байланысты. Сөз зергері, қазақ руханиятының абызы Әбіш Кекілбаевтың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан қолда барды бағалап, әрбір жетістігімізге қуана біліп, ел игілігі жолында бірге еңбек етуіміз қажет. Еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтардың жетістігі – баршамыз үшін мақтаныш, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында «Ертегі» бөбекжайының есепшісі Мәншүк Маулетова, Жаңажол ауылдық округі әкімі аппаратының күзетшісі Жанат Ахметжанов, Ақпәтер ауылдық округі әкімінің аппаратының кіші қызметкері Әлия Шамаяхова және «Балдәурен» бөбекжайының тәрбиешісі Әлия Мұхамбетқалиева, «Қашқар» шаруа қожалығының жетекшісі Естай Қуанов, Жалпақтал аумақтық пошта байланысы бөлімшесінің маманы Қаламқас Қадырғалиева, Қазталов аудандық Мансап орталығының Қараөзен ауылдық округі бойынша ассистенті Әсемгүл Қанатқалиева, Қазталов аудандық №2 ауруханасының мейіргері Рада Аманқұлова және Жалпақтал балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Гүлбаршын Тыныштықова аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Ұлттық мереке салтанатты марапаттаумен шектелмей, жалпақталдық өнер майталмандарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Әдемі Жасұланқызы,
Қазталов ауданы