Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде «AQJAIYQ» телеарнасының тікелей эфирінде Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Аудан басшысы 2026 жылдың 9 айында ауданда атқарылған әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.
Атап айтсақ, бүгінгі таңда 22 ауылдық округ пен 68 елді мекенді біріктіретін Бәйтерек ауданында 63 322 адам тұрады. 2026 жылға бекітілген аудан бюджеті 11,1 млрд теңгені құраса, түзетілген бюджет 11,3 млрд теңгеге жетті. Донорлық көрсеткіштер өсіп, 2026 жылдың 1 қазанына 2,5 млрд теңгеден асты (жалпы көрсеткіш 10 млрд 150,6 млн теңгеге жетті).
Ауыл шаруашылығы — аудан экономикасының негізгі тиегі. Ағымдағы жылы жалпы егістік алқабы 267,1 мың гектарды құрады. Күздік дақылдардан гектарына орташа 31 ц/га, жаздық дақылдардан 13,3 ц/га өнім жиналып, егін орағы сәтті аяқталды. Механизаторлар мен фермерлерді мемлекеттік қолдау («ҚазАгроҚаржы» лизингі мен субсидиялар) нәтижесінде 4,8 млрд теңгеге 135 бірлік су жаңа техника (John Deere, RSM, Lovol, Беларус) сатып алынды. Мемлекет тарапынан 2,3 млрд теңгеге жуық субсидия берілді.1 қазандағы көрсеткіш бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 72,3 млрд теңгеге жетті (өткен жылмен салыстырғанда өсім — 108,3%). Ауданда 107 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Есепті кезеңде 584 бас асыл тұқымды мал сатып алынды.
2026 жылы аудан экономикасына 71,8 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған (оның 68,9 млрд теңгесі — жеке инвестициялар). Белес ауылдық округіндегі «ZhaikPetroleum» ЖШС сұйық метанол өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде (жалпы құны 77 млрд тг, биыл 30 млрд тг игеріледі). Сондай-ақ «Жайық Мұнай», «Орал Ойл энд Газ», «BR and G Company» ЖШС жобалары іске асырылуда. «Жайық Ет» ЖШС құс фабрикасын кеңейтуде (2 млрд тг), «Арыстанов» ШҚ сүт-тауар фермасын (2,5 млрд тг), ал «Орал Агро» ЖШС көкөніс қоймасын салып жатыр (2 млрд тг).
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025-2026 жылдары жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 130 жоба ұсынылып, 94 азаматқа 1,7 млрд теңгелік жеңілдетілген несие берілді. Мемлекеттік бағдарламалар мен кайтарымсыз гранттардың (400 АЕК) оң нәтижесі арқасында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасылар саны 66-дан 28-ге дейін азайған. Ауданның 8 ауылдық округінде АӘК алатын отбасы мүлдем жоқ. Ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі — 3,8% (облыстық деңгейден 0,8%-ға төмен). Жыл басынан бері 1071 жаңа жұмыс орны ашылды (жоспар 111%-ға орындалды).
Ауданда халықтың 99,5%-ы газбен, 99,9%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Тұрғын үй бойынша, 2026 жылы 13 ауылда 45 екі пәтерлі (92 пәтер) тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. Аудан орталығы Переметныйда 33 пәтерлі 3 қабатты үй салынуда. Әлеуметтік осал топтарға 92 пәтер сатып алу жоспарланып, 50-і сатып алынды. Кіреберіс жолдардың 73% жақсарған, ал ауыл ішілік жолдардың үлесі 33,1% құраған. Сұлукөл, Мирный, Жалын, Қаражар және Поливной ауылдарына баратын жолдарда күрделі жөндеу аяқталды. Сондай-ақ, 68 елді мекеннің 66-сы мобильді интернетпен қамтылған. Оған қоса шағын ауылдарға спутниктік интернет («OneWeb») орнатылуда.
Қоғамдық қауіпсіздікке тоқталсақ, 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданда қылмыстық құқық бұзушылық саны 120-дан 98-ге дейін (22 фактіге) төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстар (42-ден 36-ға), ұрлық фактілері мен алаяқтық оқиғалары едәуір азайған.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы