29.10.2026, 12:45
Оқылды: 43

Әкеміздей жанашыр еді...

Ғалым-ұстаз Серікқали Шарабасовтың туғанына 80 жыл

WhatsApp Image 2026-10-28 at 15.09.23

Бүгіндері біздің облыстың аумағында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасовтың 80 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Бұл заңдылық. Өйткені ол көпке жаққан тұлға еді, өрімталдай студент жастарға құдды туған әкесіндей жанашыр қамқор еді. Бұрынғы С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың, ал қазіргі  Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің қазақ бөліміне оқуға түсіп, студент атанған жастар профессор  Шарабасовтың шарапатын көп көрді. Ғалым-ұстаз Серікқали  Ғабдешұлы әр студенттің тек сапалы білім алып қана қоймай,  саналы тәрбиемен сусындауына да әрдайым мүдделілік танытты. Иә, ол шын мәнінде жастарға әкесіндей жанашыр еді.

...Педагогикалық арнаулы орта оқу орнын тәмамдағандықтан мен университеттің екінші курсына қабылдандым. Серікқали Ғабдешұлы кураторымыз болды. Студент-тік  топқа жаңадан қосылған маған куратор ағайымыз бастапқыда тап бір жылы шырай танытпағандай көрінді. Мұның мәнісі былай болып шықты. Серікқали ағайдың бірінші курстан қабылдаған бір жігіт шәкірті  көше бұзақыларының кесірінен жала жабылып, істі болып, оқудан шығарылған екен. Курстастарымның айтуынша, әлгі жігіт білімді, Отан алдындағы әскери азаматтық борышын өтегеннен кейін  өз күшімен грантқа оқуға түсіп, 23 арудың арасында оқыған ойлы азамат көрінеді. Ағай сол жігітке қанша араша түссе де, оны түбегейлі қорғай алмаған екен. Жоғарыда айтқанымдай, көше бұзықтарының кесірінен заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған деседі. Абырой болғанда ол жігіт кейін толық ақталған. Әлгі оқиғаның салдарынан ағай маған әуелкіде «Бұл қандай сабаз екен, өзі?» деп екі ойлы болған секілді. Қанша тырыссам да, ағайым мені өзінен алыс ұстады. Сөйте тұра мен ұстазымның мейірімді жан, шуақты кісі екендігін іштей сезетінмін. Араға уақыт салып, ағайдың өзі жақын тарта бастады.  Кейде таңертеңмен жатақханаға келіп мені оятып, Жайықтың жағасымен серуендеп, суға шомылып, рухани әңгімелерін айтып, жанымды жадырататын. Сондай-ақ ол қаумалаған шәкірттерін рухани кештерге ертіп барып, жаны жайсаң азаматтар мен ғалымдардың жанына апарып, суретке тү-сіргізіп, өзі балаша қуанып жүретін.

Соңғы курста ұстазым мені университет жанынан шығатын «Өркен» газетінің тілші қызметіне орналастырды. Сол газеттің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті факультетіне арналған «Жалын» қосымшасына мақала жазып, материалдар жинақтауды маған жүктеді. Сәтті шыққан жазбаларымды атап өтіп, орынды мақтап, қанаттандыра түсетін. Әлі есімде, 2005 жылы соңғы курста оқып жүрген кезім еді. Бір күні ағай мені деканатқа шақырып алып, сол кездері абыз ақын Қадыр Мырза Әлидің қалың оқырманның қолына енді тиіп жатқан «Жазмыш» пен «Иірім» атты қос кітабынан дипломдық жұмыс қорғайсың деді. Содан соң көп ұзамай Қадыр Мырза Әлимен таныстырып, кітабы мен қолтаңбасын алып берген де ұстазым. Әкемдей жанашыр болған Серікқали ағайдың ақыл-кеңесі, бағыт-бағдарымен  дипломдық жұмысымды өте жақсыға қорғап, жоғары білім жөніндегі дипломға қол жеткіздім. Ағайдың тарапынан маған қарата «Ғылым жолына түс. Алматыда тұратын мықты ғалым-әдебиетші  Серік Мақпыровпен таныстырайын. Сол кісінің ақылымен кандидаттық тақырып таңдап, ғалымдыққа біржола бағыт ұста» деген ұсыныс та айтылды. Бірақ өзім ұстаздық қызметімді практикалық педагогикадан бастағанды қош көрдім. Сөйте тұра ғылыми ізденістен біржола қол үзгенім жоқ. Араға біразырақ жыл салып, магистрлік дипломымды сәтті қорғадым. Әрине, бұл да Серікқали Шарабасов, Зейнолла Мүти сынды ұстаздарымның арқасы.

Осыдан біраз жыл бұрын өзім дәстүрлі исламға ден қойдым. Ағай менің бұл ниетімнен хабардар еді. Айықпас дерті әбден дендеген кезде ұстазым өзін ақыреттік сапарға ата-бабамыз мойынсұнған ислам ғұрпымен аттандыруды маған аманаттады. Мен ол аманатын орындадым. Уақыт жылжыған сайын ұстазыма деген сағынышым өрши түсуде.  Рухани әкемнің рухына арнап жетінші тамызда,  жыл сайын әр туған күнінде Құран кәрім оқып, дұға бағыштаймын.

2022 жылы кіші ұмрада кіші қажылығымды атқарып жүргенде де ұстазымды ұмытпай, рухына Құран бағыштадым.  Серікқали ағаның жұбайы Әспет апаға айтып, үйінде дұға оқыдым. Жасаған Иеміз Әспет анамызға, ағайдың көзінің ағы мен қарасындай қос ұлы Жайық пен Еділ бауырларыма, келіндері мен немерелеріне, бүкіл үрім-бұтағына ұзақ ғұмыр, мәнді өмір мен баянды бақ нәсіп еткей! Ал ұстазымыздың жатқан жері жарық, мәңгілік мекені пейіш болғай.

 

Нұрлан Саматұлы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале