29.10.2026, 13:00
Оқылды: 8

БҚУ-дағы басқосу

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Қазақстандағы саяси институттардың трансформациясы: реформалар және жаңа саяси парадигма» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

IMG_2708

Конференцияның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын және елдегі саяси институттардың трансформациясын ғылыми-теориялық әрі тәжірибелік тұрғыдан зерделеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Іс-шара модераторы аталған оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Қанат Әуесбай болды. Конференция барысында елдегі саяси жаңғыру, конституциялық реформалар, мемлекеттік басқару, азаматтық қоғам, демократиялық даму, жастардың құқықтық-саяси мәдениеті және ұлттық құндылықтар мәселелері талқыланды.

Махамбет университеті Қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев «Президент саясаты мен Қазақстанның саяси жаңғыруы» тақырыбын қаузады.

– Мемлекет басшысы бағдарламалық құжатында жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның өзекті мәселелеріне тоқталып, оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешудің арналарына баса мән бергенді. Олар – елімізге қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және басқа да маңызды бағыттар. Президент жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және ауқымды цифрландыру еліміздің стратегиялық бағдарының негізгі тетігі болуы керек екенін баса айтты. Мемлекет басшысы инвестициялық саясатқа ерекше назар аударады. Бұл ретте Үкіметке шетелдік капиталды тарту тетіктерінің тиімділігін қайта қарау және арттыру қажет. Өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық салаларға баса мән бере отырып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндеттелді. Саяси жаңғырудың мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, билік құрылымдарының жауапкершілігін күшейту, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайту, саяси жүйені жаңа қоғамдық талаптарға бейімдеу, елдің саяси тұрақтылығы мен дамуына жағдай жасау, – деп атап өтті профессор.

Конференцияда Астана қаласының кәсіби медиаторлар қауымдастығының мүшесі, заң консультанттары палатасының мүшесі, кәсіби медиатор Нұртай Қасымов, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті Ғылым бөлімінің жетекшісі, экономика магистрі Нартау Аманбаев, М. Өтемісов атындағы БҚУ «Қоғамдық келісім» кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев баяндама жасады. Ғылыми басқосу пікір алмасумен қорытындыланды.

 

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале