ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан дәуірі» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналының әрі «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбаева Теректі ауданына ат басын бұрды. Сондай-ақ БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Әділет Орынбасаров мейманмен ілесе келді. Аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев мәртебелі қонақтарды қарсы алып, оларды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Алыстан келген мейман алдымен аудандық «Қазына» коворкинг орталығына барып, кітапхана кеңістігімен танысты. Кітапхана ұжымы қонаққа құрмет көрсетіп, гүл шоғы мен ақтан дәм ұсынды.
Құрметті қонақ балалар кітапханасының жабдықталуымен, кітап қорымен танысып, Теректі өңірінен шыққан танымал тұлғалар мен тарихи орындар туралы мәлімет алды. Сәуле Мешітбайқызы қазақтілді балалар әдебиетін көбейту мәселесін шешу жөнінде өз ұсынысын білдіріп, лебіз-тілектер кітапшасына естелік қолтаңбасын қалдырды.
Жиын дөңгелек үстел аясындағы пікірталасқа ұласты. Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Айгүл Кайрова аудандағы кітапхана саласында жасалған жобалар мен жаңартулар жайында баяндады. Атап өтсек, «Кітап оқитын ұлт», «Оқырман LIVE» жобалары және жасанды интеллект қолданылуымен өткізілген шаралар жайында тоқталды. Сонымен қатар жыл бойы өткізілген ауқымды шаралар туралы бейнеролик көрсетілді. Сәуле Мешітбаева кітапхана жұмысына ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.

Кейін Сәуле Мешітбайқызы аудандық мәдениет үйіне бет алып, аудан жұртшылығымен кездесті. Жүздесуге білім саласының мамандары мен аудан жастары қатысты. Қоғам қайраткері өзінің өмірбаяны, ұстаздық жолы мен журналистика саласындағы тәжірибесі туралы айтып, газет-журналдың маңызына тоқталды. Сондай-ақ өмірден түйген ойларымен бөлісіп, бала тәрбиесіндегі кітап оқудың пайдасын баса айтты. Спикердің сөзінше, жасанды интеллект адамның қызметін тартып алмас үшін ойлау қабілетін дамыту маңызды, ал оны қалыптастыратын — оқу дағдысы. Сондықтан сандық технологияны тек дұрыс бағытта пайдалану қажет екенін жеткізді.

Өз сөзінде ұстаз: «Кітап оқу мәдениеті, оның алғышарты газет-журналдан басталады. Газет-журнал оқымаған адам том-том кітапты да оқымайды», — деді.
Кездесу барысында журналистика саласына, бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына қатысты сұрақтар қойылды.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Темірболат Мұхитұлы мейманға жылы лебізін білдіріп, аудан әкімінің атынан алғыс хат табыстады.
Осылайша, бейсенбінің кеші аудан тұрғындары үшін мазмұнды әрі тағылымды жүздесумен аяқталды.
Қ.Саясатова,
Теректі ауданы