Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова аудан әкімдігінің кіші залында Астана қаласында өткен «Көшен көрпе. Тұлпар жастық» жобасы арқылы ұлттық қолөнерді дәріптеп, «Рекордтар» сертификатына ие болған ісмерлерді қабылдады.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева қатысты.
Ұлттық өнерімізді ұлықтап, ата-бабамыздан аманат болып жеткен қолөнер мұрасын насихаттап жүрген жандар қатарында Рабиға Тимиргалиева, Махаббат Лұқпанова, Зәмзәгүл Заулкашева, Жұмабике Рагалиева, Жұмагүл Хайнешева, Дина Кабулова және Рахила Искалиева төбе көрсетті.
Жиын барысында аудан басшысы меймандарға жылы лебізін білдіріп, ризашылығын жеткізді.
- Сіздердің іскерліктеріңіз бен шығармашылық ізденістеріңіз отандық қолөнердің дамуына үлес қосып қана қоймай, жас ұрпаққа ұлттық мұрамызды насихаттауға жол ашып отыр. Осы орайда ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына атсалысып жүрген барша іскер әйелдерге, қолөнер шеберлеріне алғыс білдіремін. Сіздердің марапаттарыңыз –ауданның мақтанышы. Еңбектеріңіз еленіп, бастамаларыңыз әрдайым қолдау тауып, жетістіктеріңіз еселене берсін», - деді Әлия Биғазықызы. Сондай-ақ аудан басшысы ісмер әйелдерге алғысхатын табыстап, гүл шоқтарын ұсынды.
Өз кезегінде Рабиға Телекбайқызы сөз тізгінін алып, жоба жайында бөлісті.
- Бүгін Теректі ауданының төрінде табылғанымызға қуаныштымыз. Біздің тігінші қыздар бұл іспен ақша үшін айналысып жүрген жоқ, олар қолөнерді өзінен кейінгілерге үйретіп, болашақ ұрпаққа қалсын деген оймен жүрген жандар. Жуырда «Аламан құрақ» атты жобаға қатысып, Гиннес рекордтар кітабына енгенбіз. Кейін «Көшен көрпе» жобасына барып, Подстепный ауылынан жеті адам қатыстық. Сол кезде біз сияқты бір ауылдан жеті адам болып барған қатысушылар болмады. Қолөнершілер әр өңірден жиналған. Одан бөлек ауылымызда әкімшілік қолдауымен тігін клубы ашылып, нәтижесін көріп отырмыз», - деді қолөнерші. Сонымен қатар аталған жобаға көрсетілген қаржылай қолдауы үшін аудан әкіміне Азия және Африка елдерінің әлемдік рекордтарын тіркейтін «Global Best of Record» халықаралық ұйымы және ауданның тігіншілер клубы атынан алғысхатын табыстады.
Жүздесу барысында жиналғандар пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтып, алдағы жоспарларын талқылады.
Айта кетейік, «Көшен көрпе» ауқымды рекордтық жобасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған ісмер қыз-келіншектер мен шеберлер бірігіп, Гиннес рекордтар кітабына немесе отандық рекордтар тізіміне ену үшін құрақ және ою-өрнек стилінде көрпе тігіп, өз өнерлерін көрсетеді.
Қ.Саясатова,
Теректі ауданы