Оралдағы «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына ізгі тілегін жеткізді. Қоғамда мейірім мен ізгіліктің орнауына үлес қосып жүрген әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің еңбегі ерекше маңызды екенін атап өтті.
Жүрегі жылы, жаны жомарт мамандар мемлекет пен көмекке мұқтаж азаматтар арасындағы алтын көпір іспетті. Әлеуметтік қызметкер болу үшін тек диплом жеткіліксіз. Бұл мамандық ерекше төзімділікті, мейірімділікті, жанашырлықты және жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Іс-шара барысында саланың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерге облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және ҚР Кәсіподақтар Федерациясының марапаттары табысталды.

«Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» ҚБ төрағасы Жұмажан Қожжанов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бөкей ордасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ерболат Сержанов аталған министрліктің «Салаға қосқан үлесі үшін» медалін өңіріне тақты. «Бәйтерек» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шаруашылық меңгерушісі Дәулет Ахметқалиев, «Шапағат» арнаулы әлеметтік қызмет көрсету орталығының директоры Кемел Садбеков бастаған сала мамандары облыс әкімінің алғысхатына ие болды.

Салтанатты іс-шарада Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония әншілері мен саланың өнерпаз қызметкерлері әннен шашу шашты.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz
Толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы нөмірінен оқи аласыздар