Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің концерттік залында Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының 60 жылдық мерейтойы аясында дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері, дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартқан «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімовтің қатысуымен «Мұхит мұрагерлері» атты концерт өтті.

Концерттің шымылдығы филармонияның дәстүрлі әншілер бөлімі хақында арнайы дайындалған фильммен түрілді.
Кеш басында мекеме директоры Бауыржан Ергенұлы алматылық жұртшылыққа «қош келдіңіз!» айтып, әріптестерге сәттілік тіледі.
Концерт барысында Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімов көрерменге дәстүрлі ән өнерінің терең тамырын, кең тынысын, көркемдік қуаты мен қайталанбас болмысын танытты.

Әрбір орындауында ұлттық өнерге деген адалдық пен ұстаздар аманатына деген құрмет айқын сезіліп, Алатау төрінде Ақ Жайықтың әсем әуені әуеледі.
Кештің шырайын ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Дәулеткерей Құсайынов жүргізушілік шеберлігімен аша түсті.

Кеш барысында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің қос бірдей майталманы Хатимолла Бердіғалиев домбыраның қоңыр үніне күйсандықтың сырлы сүйемелін үйлестіре отырып, ән әуелетсе, Қайрат Кәкімов домбырамен дәстүрлі әннің нақышын келтіріп, әсем сазымен көпшілікті тәнті етті.
Өнер иелерінің әрбір орындауы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қошеметке ұласты.
Сондай-ақ кештің қадірін арттырып, сәнін келтірген танымал өнер және қоғам қайраткерлері де арнайы қатысып, қос әншінің өнеріне тәнті болды.
Концерттен кейін мекеме басшысы кеш қонақтары мен әріптестерге арнап қонақасын берді.

Алатау төрінде шырқалған Ақ Жайықтың әні көрермен жүрегіне жол тауып, дәстүрлі өнердің мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте айшықтады.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі