4.11.2026, 9:30
Оқылды: 23

Күретамыр сала: сілкіністер мен іркілістер

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жұмысы сараланып, ауыл мен қала арасындағы тең мүмкіндік, балалардың қауіпсіздігі, кадр тапшылығы және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері талқыланды. Жиынды кеңес төрағасы Бауыржан Атауов жүргізіп отырды.

DSC01169

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жарқынай Темірханова өңірдегі білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіштері жөнінде баяндады. Кейінгі жылдары мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мекемелерінің саны артып, мектептердегі білім сапасын жақсартуға, дарынды балаларды қолдауға және қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыс жүргізілген.

Бүгіндері облыста 571 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 380-і – мемлекеттік, 191-і – жекеменшік. Бұл мекемелерде 32 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Соңғы екі жылда 42 жаңа ұйым ашылып, 3067 қосымша орын құрылған. Нәтижесінде 3-6 жас шамасындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға жетсе, 2-6 жас аралығындағы балдырғандарды қамту көрсеткіші 93,8 пайызды құрады. Орта білім беру саласында да бірқатар оң өзгеріс бар. Өткен оқу жылында облыстың 382 білім беру ұйымында 126 мыңнан астам оқушы білім алған. Білім сапасының көрсеткіші 64,2 пайызды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артқан.

Өңір оқушыларының республикалық және халықаралық білім додаларындағы жетістіктері де көңіл қуантады. Өткен оқу жылында сегіз оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанса, 57 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлдегер болған. Республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңінде облыс өрендері үш алтын, 11 күміс және 14 қола медаль иеленген. Осы нәтижелердің негізінде өңір командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағының екінші дәрежелі дипломымен марапатталған. Бұған қоса, оқушылардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға бағытталған қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы да нәтижесін көрсетіп келеді. Облыстағы 50 қосымша білім беру ұйымында 63 мыңнан астам жеткіншек қамтылған. Кәсіптік-техникалық білім беру саласында да мамандар даярлау жалғасуда. Өңірдегі 35 колледжде 15 мыңнан астам студент білім алуда.

Оқушы азайғанымен, жауапкершілік төмендемейді

Қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығына ерекше назар аударды. Облыста 205 шағын жинақты мектепте 14 мыңға жуық оқушы білім алады. Мұндай мектептер үшін оқушы санының аздығы, маман тапшылығы және оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері өзекті. Әсіресе шекара маңындағы елді мекендерде мектептің болуы тек білім беру қызметімен шектелмейді. Өйткені елдің шетіндегі, желдің өтіндегі елді мекеннің сақталуы, жас ұрпақтың туған жерінде білім алуында мектептің айтарлықтай маңызы бар. Отырыста шекараға таяу ауылдардағы шағын жинақты мектептерде аз ғана оқушыға сабақ беріп жүрген мұғалімдердің еңбекақысын сақтау мәселесі көтерілді. Оқушы санының аздығы мұғалім жүктемесі мен еңбекақысына әсер етуі мүмкін екені айтылды. Сондықтан мұндай мектептердегі педагогтердің еңбек жағдайын назардан тыс қалдырмау қажеттігіне мән берілді. Кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берген Ақжарқын Мүтиғоллақызы шекара маңындағы мектептерді жабу мәселесі тоқтатылғанын айтып, оқушы саны біреу болса да, мектепті сақтап қалуға күш салынып отырғанын жеткізді. Ал облыстық қоғамдық кеңестің кеңес мүшесі Бауыржан Ғұбайдулин бұл мәселенің астарында бір ғана мектептің тағдыры емес, тұтас ауылдың болашағы бар екендігін екпін түсіре айтты. Өйткені мектеп жабылған жағдайда балалардың басқа елді мекенге қатынап оқуы ата-аналардың тұрмыс-тіршілігіне қосымша салмақ түсірері анық. Ал мұғалім үшін оқушы саны аз болғанына қарамастан, әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасау – басты міндет. Сондықтан шағын жинақты мектептерді қолдау кезінде тек оқушы санын ғана емес, ауылдың географиялық орналасуын, әлеуметтік жағдайын және балалардың білімге қолжетімділігін де ескерген жөн.

Қоғамдық кеңесте балалардың қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, буллингке жол бермеу, психологиялық қолдауды күшейту және ата-аналармен байланысты нығайту қажеттігі талқыланды. Қазіргі кезеңде баланың қауіпсіздігіне тек мектеп қабырғасында жауап беру жеткіліксіз. Оның көңіл күйі, отбасындағы жағдайы, қатарластарымен қарым-қатынасы мен әлеуметтік ортасы да айрықша мән-маңызға ие. Кейде балаға дер кезінде көрсетілген психологиялық көмек үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін. Сондықтан мектептегі психологтердің жұмысы үстірт, атүсті есеппен шектелмей, оқушымен сенімді байланыс орнатуға бағытталуы керек. Мұға-лімдер, ата-аналар және мамандар баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оған қолдау көрсетуге дайын болғаны жөн.

DSC01173

Облыстағы білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жауапкершілік пен еңбекқорлықты қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық берілген. Дегенмен мұндай жұмыстардың нәтижесі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, балалардың өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетінімен және қиын жағдайда көмек сұрай алатынымен бағалануы керек. Доғарыстағы полиция полковнигі, облыстық қоғамдық кеңестің белсенді мүшелерінің бірі Манарбек Ғабдуллин «Заң мен тәртіп» қағидаттарының талаптарын жас ұрпақтың санасына мектептен сіңіру қажеттігін екпін түсіріп айтты.

Нұрлан Сәдір көтерген тағы бір мәселе – мектеп жиһаздарының оқушылардың бойына сәйкестігі. Бастапқыда қарапайым тұрмыстық мәселе болып көрінгенімен, бұл баланың денсаулығы мен оқуына тікелей әсер етеді. Оқушы күн сайын бірнеше сағатын партада отырып өткізеді. Егер орындық пен үстел баланың бойына сай келмесе, оның дұрыс отыруына, дене қалпын сақтауына және сабақ кезінде өзін жайлы сезінуіне кедергі келтіруі мүмкін. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жарқынай Темірханова жаңадан салынған мектептерде парталар мен орындықтардың оқушылардың бойына сәйкес реттелетінін айтып, облыстағы барлық мектептің жиһазы балалардың бойына толық сәйкес келмейтіндігін жасырмады.

Табиғи өсім төмен...

Қоғамдық кеңесте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі, кадр тапшылығы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, аурухана-емханаларды жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары туралы мәлімет берді. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерінің бірі – халықтың өмір сүру ұзақтығы. Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш былтыр 74,17 жас болса, биыл 74,92 жасқа жеткен. Яғни халықтың өмір сүру ұзақтығы бойынша ілгерілеу баршылық. 2026 жылдың алғашқы сегіз-тоғыз айындағы мәліметтер бойынша, ана өлімі тіркелмеген. Нәресте өлімі 12,2 пайызға төмендеген. Туберкулезге шалдығу мен осы аурудан болатын өлім-жітім де азайған. Алайда жалпы өлім-жітімнің 3,7 пайызға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімнің 4,7 пайызға және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің 1,7 пайызға өсуі алаңдаушылық туғызады. Туу көрсеткішінің төмендеуі де демографиялық жағдайға жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл деректер денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, аурулардың алдын алу мен ерте диагностиканы күшейтудің маңызын көрсетеді. Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологиялық дерттерді ерте анықтау, халық арасында профилактикалық тексерулердің тиімділігін арттыру маңызды.

Медпунктке айналған мал ұрықтандыру пункті...

Денсаулық сақтау саласы да, білім беру жүйесі де өз міндет-миссиясын күн сайын қалың бұқарамен тығыз қарым-қатынаста, ел-жұртпен етене байланыста атқаратын әлеуметтік күретамыр, қос арна. Сол себепті облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан біраз мәселе есеп берген лауазым иелеріне кесе-көлденең тартылды. Оның біразына Жарқынай Темірханова мен Айнаш Ғұбайдуллина көңіл көншітерліктей жауап та берді. Дегенмен ішінара жауапсыз қалған сауалдар да болды. Мысалы, Бауыржан Ғұбайдуллин Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы медпункт үшін арнайы салынған ғимарат осыдан 25 жылдай бұрын совхоздың ізін басқан ЖШС-ның мал маманына үй ретінде берілгендіктен медпункт бұрынғы совхоздың мал қораларының жанындағы бұрынғы мал ұрықтандыру пунктіне көшірілгенін тілге тиек етті. Осыдан пәленбай жыл бұрын! Арада қанша жыл өтті, қанша рет құс келіп, құс қайтты. Бірақ Қызылжардағы медпунктке қатысты жағдай «Баяғы жартас, сол жартас», сол бәз-баяғы таз қалпында.

Өзіңіз ойлаңызшы, ХХІ ғасырдың екінші ширегінде Әділетті Қазақстан мен Цифрлық Қазақстан дәуірінде мал қорасының маңындағы бұрынғы мал ұрықтандыру пунктінде медициналық мекеменің қоныстануы адам шошырлық жағдай емес пе?! Орынды жерінде айта кетейік, тұрмыс-тіршілікке, яғни шаруаға бек қолайлы әрі табиғаты да әсем Қызылжарға көшіп келушілер де бар, әрі аталмыш ауылдың тұрғындары табиғи өсім есебінен де көбеюде. Мәселенки, биылғы жазда тілге тиек болып отырған елді мекенге төрт-төрттен сегіз перзенті бар екі отбасы көшіп келген. Және бір қуанарлығы, жаңағы қос жанұядағы екі әйелдің де аяғы ауыр көрінеді.

Күні кешегі ел халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы таяу жылдары еліміздің өлке-өңірлерінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысандары салынатындығын айтты. Бәлкім, медпункт жөнінен қызылжарлықтардың енді бағы жанар...

161 дәрігер жетіспейді

Қазіргі таңда облыстың денсаулық сақтау саласында 1810 дәрігер мен 6427 орта буын медицина қызметкері қызмет істейді. Соған қарамастан, өңірде дәрігер тапшылығы 161,75 штаттық бірлікті құрайды. Жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтер, терапевтер мен психиатрларға сұраныс жоғары. Кадр тапшылығын азайту үшін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, білім беру гранттарын бөлу, қызметтік тұрғын үй ұсыну және біржолғы төлемдер беру шаралары жүзеге асырылуда. Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, ағымдағы жылы облысқа 151 дәрігер келіп, қызметке орналасқан. Оның 72-сі ауылдық жерлерге жіберілген. 29 маманға қызметтік тұрғын үй беріліп, 58 дәрігер біржолғы төлем алған.  Алайда кадр тарту – мәселенің бір бөлігі ғана. Мамандарды ауылға әкелумен қатар, олардың сол жерде ұзақ уақыт қызмет істеуіне мүмкіндік жасау қажет. Қолайлы еңбек жағдайы, тұрғын үй, кәсіби даму мүмкіндігі және заманауи медициналық құрал-жабдық – дәрігер атаулыны өңірде тұрақтандырудың маңызды шарттары. Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту бағытында да жұмыстар жүргізі-ліп келеді. 2023-2025 жылдары 50 жаңа медициналық нысан салынған. Оның ішінде 17 медициналық пункт, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт және 12 дәрігерлік амбулатория бар. Сонымен қатар Ақсай қаласы мен Казталов ауылындағы екі көпбейінді орталық аудандық аурухананы жаңғырту жұмысы жалғасуда. Ақсайдағы нысанның дайындығы 92 пайызға, Казталовтағы аурухананың дайындығы 50 пайызға жеткен. Бұл нысандарды іске қосу арқылы күрделі ауруларды емдеу, инсульт кезінде жедел көмек көрсету, хирургия, травматология және басқа да медициналық қызметтердің мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Мұндай жобалардың маңызы зор. Өйткені ауыл тұрғындары күрделі медициналық көмек алу үшін үнемі облыс орталығына баруға мәжбүр болмауы керек. Медициналық көмектің тұрғылықты жерге жақын болуы уақытты үнемдеп қана қоймай, науқастың өмірін сақтап қалуға да тікелей ықпал етеді.

Денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Өңірдің медициналық ұйымдарында «Damumed», «Авиценна» және «Smart103» ақпараттық жүйелері қолданылады. Жасанды интеллект негізіндегі Cerebra бағдарламасы инсультті ерте анықтауға бағытталған. Ол қалалық көпбейінді аурухана мен Ақжайық аудандық ауруханасында енгізілген. Сонымен қатар медициналық құжаттаманы автоматтандыруға арналған «ALIMA» цифрлық дәрігер көмекшісі қолданылуда. Мұндай технологиялар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, диагноз қою мен медициналық шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Кеңесте қаладағы №1 емханаға қосымша ғимарат салудың жай-жапсары, науқастың қажет дәрілермен уақытында қамтамасыз етілуі, ауыл тұрғындарының дәрігерге дер кезінде қаралуы, онкологиялық ауруханадағы анализдерді тапсыру мәселесінің пациенттерге жайсыздығы жөнінде бірқатар мәселе көтерілді. Сондай-ақ кеңесте жер үсті су нысандарының су қорын пайдаланғаны үшін 2026 жылға арналған төлемақы мөлшерлемелері мен құрылыс, сәулет, қала құрылысы басқармасының ережелері бекітілді.

 

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале