4.11.2026, 10:00
Оқылды: 11

Кәсіпорын қарызынан қалай құтылады?

Биыл Оралдағы жылу электр орталығын іске қосуға дайындық барысында «Жайықжылуқуат» АҚ-ның табиғи газ жеткізушіге берешегі бар екені мәлім болды. Кәсіпорын «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ-ға табиғи газ бойынша 3, 542 млрд теңге қарыздар. Соның ішінде 1 млрд теңге 18 қыркүйекке дейін жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтелді.

«ЖайықЖылуҚуат» АҚ

«Жайықжылуқуат» АҚ жарық пен жылу энергиясын бірге өндіреді. Кәсіпорынның бас директорының орынбасары Бекболат Камешовтің айтуынша, компанияның қарызы 2025-2026 жылдары аралығында жиналған.

Бекболат Камешев Жайыкжылукуат

– 2025 жылы «QazaqGaz Aimaq» АҚ тауарлы газдың бөлшек саудадағы бағасын үш рет көтерді. 1 сәуірде 2,3 пайызға, 1 маусымда 26 пайызға, ал 1 қыркүйекте 3,6 пайызға өсірді. Ал былтыр 7,3 пайызға көтерілді. Сондай-ақ 2025 жылы біздің кәсіпорындағы электр қуатын өндіретін газ турбинасы істен шығып қалды. Соның салдарынан компанияның кірісі азайды. Қаражат осы құрылғыны жөндеуге жұмсалды. Осы аралықта газ таратушы компанияның алдында қарыз жиналып қалды. Бүгіндері «QazaqGaz Aimaq» АҚ-мен өзара келісімге келіп, берешек кесте бойынша төленіп жатыр. Газ турбинасы іске қосылып, электр қуаты өндіріле бастады, – деді бас директордың орынбасары. Кәсіпорын биыл да жылдағыдай қысқы жылыту маусымына дайындалған. Өз қаражаты есебінен шаһардағы ұзындығы 5,6 шақырым жылу желілерін ауыстырған. Ұзындығы 1,8 шақырым үш магистральді жылу құбыры жаңартылған. «Құрылыс» шағынауданындағы жөндеуге жоспарлаған 8,8 шақырым жылу желісінің тең жартысы жаңаланған. Жылу электр орталығындағы үш қазандық жаңадан іске қосылған.

Біз «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы директорының орынбасары Дастан Ибраимовты сөзге тарттық. Оның айтуынша, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның дебиторлық берешегі жеткізілген тауарлық газ үшін төлемнің уақтылы жүргізілмеуіне байланысты қордаланған.

WhatsApp Image 2026-10-07 at 16.48.12

– Шын мәнінде, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ алдындағы берешегі шамамен 3,5 млрд теңгені құрады. Кәсіпорынға қалыптасқан берешекті өтеу жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туралы хаттар мен талап-арыздар бірнеше рет жолданды. Алайда берешекті толық өтеуге бағытталған түбегейлі шаралар қабылданбады. Қыркүйек айында «Жайықжылуқуат» АҚ 1,352 млрд теңге төледі. Қалған берешегі – 2,5 млрд теңге. 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымының үздіксіз өтуінің маңыздылығын ескергендіктен, «QAZAQGAZ Aimaq» АҚ тауарлық газ жеткізуді тоқтатқан жоқ. Яғни қазіргі таңда қалған берешекті өтеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді Дастан Арыстанғалиұлы. Оның айтуынша, кәсіпорынның Орал қаласы үшін әлеуметтік маңыздылығы ескерілгендіктен, тауарлық газ штаттық режімде жеткізіледі. Ал берешек мәселесі бақылауда және тараптар арасында қол жеткізілген келісімдер шеңберінде шешілмек.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы директорының орынбасары Дастан Ибраимовтың айтуынша, тауарлық газ үшін басқа да тұтынушылардың берешегі бар. Атап айтқанда, бюджеттік ұйымдардың берешегі 42 902 612,07 теңге болса, тағы 70 661 993,73 теңге өзге кәсіпорындардың үлесіне тиесілі. Қазіргі таңда басқа мекемелер берешекті 2 ай ішінде өтеуде. Дебиторлық берешек бойынша қиындық туғызатын тұтынушылар жоқ.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале