Оралда «БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары аясындағы кәсіподақ қызметіндегі гендерлік теңдік пен еңбек құқықтары» атты республикалық конференциясы аясында семинар-тренингтер өтті. Іс-шараны Қазақстандық оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шара «WEST PLAZA» қонақүйінде білім саласы қызметкерлеріне арналған семинармен басталды. «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова кәсіподақтардың еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында маңызды жұмыс атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, облыста 11 салалық және 13 жергілікті кәсіподақ ұйымы бар. Олар 1 150 бастауыш кәсіподақ ұйымын қамтып, 70 393 кәсіподақ мүшесін біріктіріп отыр.

– Осы ұйымдардың қатарындағы ең ірі бірлестіктердің бірі – семинарды ұйымдастырған «Қазақстандық оқуағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы. Оған 34 309 адам тіркелген. Ол білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғаумен қатар, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, еңбек қатынасын жетілдіруге, кәсіподақ мүшелеріне жан-жақты қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Кәсіподақтар жұмысының бірнеше маңызды мақсаты бар. Соның ішінде 5-мақсат – гендерлік теңдік және 10-мақсат – теңсіздікті азайту. Олар еңбек саласында тең мүмкіндіктер беруге, кемсітушіліктің алдын алуға және жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуға бағытталған. Тұрақты даму тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның басты өлшемдерінің бірі – адамның қауіпсіз еңбек етуі, өз құқығын білуі, әлеуметтік қорғалуы және болашағына сеніммен қарауы. Сондықтан кәсіподақтардың негізгі міндеті – еңбек адамының мүддесін қорғап қана қоймай, қоғамдағы әділдік пен тең мүмкіндіктерді нығайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға үлес қосу, – деді Айгүл Оразқызы.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча бейнежолдау арқылы пікір білдірді. Ол елде гендерлік теңдік қағидаттарын жүзеге асыруға қажет құқықтық негіз қалыптасқанын атап өтіп, алдағы басты міндеттерді айқындап берді.
– Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының тең ақы төлеу, кемсітушілікке жол бермеу, ананы қорғау және отбасылық міндеттері бар жұмыскерлерге қатысты маңызды конвенцияларын бекітті. Дегенмен бұл талаптарды орындау үшін әрбір мекеме мен ұйым белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Кәсіподақтар теңдікті жай сөзбен емес, нақты іспен дәлелдей алады. Бұл үшін мына үш бағытқа көңіл бөлген жөн. Біріншісі – ұжымдық шарттардың сапасын арттыру. Екіншісі – көмек көрсету жүйесін баршаға қолжетімді әрі қауіпсіз ету. Қазір талқыланып жатқан кәсіподақ жанындағы гендерлік қолдау орталығы өте пайдалы құрал бола алады. Ең бастысы – жұмыскерлер қайда жүгінетінін білуі, ақпараттың жария болмайтынына сенуі және көмекті уақтылы алуы керек. Үшіншісі – шешім қабылдауға әйелдердің өзін қатыстыру. Қызметкерлердің атынан сөйлеу ғана жеткіліксіз. Әртүрлі жастағы, түрлі мамандықтағы және әр өңірдегі әйелдерге кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің шешіміне тікелей ықпал етуге мүмкіндік беру керек. Бұл ұсыныстар тұрақты даму мақсаттарына толық сай келеді. Аталған басымдықтар БҰҰ-ның Қазақстанмен 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасында да бар. Онда тең мүмкіндіктер, лайықты еңбек және адам құқығын қорғау мәселелері басты орында тұр. БҰҰ, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымы мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Қазақстандағы әріптестермен әрі қарай да байланыс жүргізуге, тәжірибе бөлісуге және жұмыскерлердің нақты қажеттіліктеріне сай шешімдерді қолдауға дайын, – деді БҰҰ өкілі Саранго Раднарагча.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Гендерлік комиссия төрағасы Гүлнәр Жұмагелдиева өз сөзінде баршаға тең мүмкіндік беру, әділ жалақы төлеу және қауіпсіз жұмыс орнын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл басымдықтар жұмыскерлердің әл-ауқаты мен ел экономикасы үшін өте маңызды. Яғни гендерлік теңдік – дұрыс еңбек жағдайын жасаудың, тиімді серіктестік пен қуатты кәсіподақ құрудың басты шарты.

– Қазақстан Республикасы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мүшесі ретінде еңбек нарығындағы теңдікті қамтамасыз етуге және гендерлік саясатты нығайтуға бағытталған бірнеше іргелі халықаралық конвенцияларды ратификациялады.
Мәселен, «Құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы» №100 Конвенция бар. Ол жыныстық ерекшелігіне қарамастан, бірдей жұмыс атқарған жұмысшыларға тең көлемде еңбекақы төлеу принципін бекітеді. Ал №111 Конвенция нәсілі, жынысы, діні, саяси көзқарасы, әлеуметтік шығу тегі бойынша жұмысқа қабылдауда және кәсіби өсуде қандай да бір кемсітушілікке жол бермеуді талап етеді. №156 Конвенция бала күтімімен немесе басқа да отбасылық міндеттермен айналысатын азаматтардың еңбек ету құқығын қорғайды. Олардың мансап пен отбасын қатар алып жүруіне тең мүмкіндіктер жасауды көздейді. Сондай-ақ жүкті және босанған әйелдердің құқықтарын қорғайтын №183 конвенция бар. Оған декреттік демалыс беру, әлеуметтік жәрдемақы төлеу және балалы болуына байланысты жұмыстан шығарудан қорғау кепілдіктері кіреді. ҚР Еңбек кодексінде де жүкті әйелдер мен аналарға еңбек нарығында ерекше кепілдіктер мен жеңілдіктер береді. Алайда кейбір әйелдер өздерінің құқықтарын білмегендіктен мәселелер туындайды. Мәселен, жүкті болса да зиянды және қауіпті жұмысты істей беретін әйелдер бар. Ал заңнама бойынша жұмыс беруші оларға бұрынғы жұмысындағыдай орташа жалақысынан төмен емес ақы төлей отырып, басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті. Сондай-ақ кейде жүкті әйелдер өзінің орнын ауыстыратын адам болмаған соң, жұмыс істей береді. Бұл ретте жұмыс беруші оның еңбек құқығын бұзып отыр. Заңды білмеген адам өз құқығын талап ете алмайды. Сондықтан отандық қана емес, халықаралық заңдардан да хабардар болған жөн, – деді ҚР Кәсіпорындар федерациясының оқыту орталығының директоры Ләззат Есжанова.
Семинар барысында Еңбекші әйелдер ісі жөніндегі республикалық комиссия төрағасы Индира Сақауова «Ұйымшылдық әсері: ұжымдық көшбасшылықты дамытудағы әйелдер комиссиясының рөлі» тақырыбында сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Шалқыма Құрманалина, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері, облыстық еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасы Эльмара Траисова еңбек жолын баяндады. Облыстық кәсіподақтар орталығы кәсіподақ мүшелеріне арналған оқыту семинарының бірінде еңбек даулары мен даулардың алдын алу және оларды шешу жолдары талқыланды.
«Достық» үйінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы делегациясы облыстық кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Жиында кәсіподақ қозғалысының өкілдері бас қосып, еңбек құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін, цифрландыру барысын және әлеуметтік әріптестікті дамыту жолдарын талқылады. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева лайықты еңбек қағидаттары мен әлеуметтік әділдікті ілгерілетудегі кәсіподақтардың рөліне тоқталды. «Бұл қағидаттарды дәріптеуде кәсіподақтарға айрықша рөл жүктеледі. Кәсіподақтар жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды, әділ еңбек саясатын қалыптастыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кемсітушіліктен қорғау механизмдерін жетіл-діруге белсене қатысады», – деді ол.
Осы басқосуда «ҚПО б.в. және мердігер компаниялар жұмыскерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» бастауыш кәсіподағының төрағасы Медет Үмбетқалиев Қарашығанақ жергілікті кәсіподағының цифрлық кабинетін енгізу тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ ол кәсіподақ мүшелерімен байланысты әлдеқайда қолайлы әрі жедел етуге мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша жасауды ұсынды. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Махамбет Құсайынов атқарған жұмыстары туралы баяндады. Биыл филиалға еңбекақы төлеу, еңбек қатынастары мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауға қатысты 100-ден астам ресми өтініш түскен. Айта кету керек, ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Орал қаласындағы «Жайықжылуқуат» АҚ-ға барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Онда жылуэнергетика саласы мамандарының еңбек жағдайымен танысып, еңбек кепілдіктері мен өндірістік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»