6.11.2026, 16:30
Оқылды: 11

Ардагер ұстазға құрмет

Орал қаласындағы Достық үйінде бар ғұмырын бала тәрбиесі мен білім саласына арнаған «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының және «Офицердің анасы» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Райхан Мәжитованың мерейлі 70 жасқа толуына орай құрмет көрсетілді. Іс-шараны «Ағайын» облыстық қазақ мәдени қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.  

WhatsApp Image 2026-11-06 at 16.39.04

Райхан Есмағұлқызы – Бөкей ордасы ауданы мен Орал қаласының білім беру саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдегі ағарту ісінің дамуына үлес қосқан білікті педагог. Ол ұстаздық жолында талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін сеуіп, жас ұрпақтың қалыптасуына еңбек сіңірді. Абыройлы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Білім беру саласындағы жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал көпжылдық адал қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов ардагер ұстазға «Халық құрметі» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады.

Отырыста «Ағайын» облыстық қазақ мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Биғалиев ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың, бейбіт өмірдің қадірін атап өтіп, бірлестіктің жаңа мүшелерін таныстырды. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланып, ұлттық мәдениетті насихаттау, салт-дәстүрді сақтау, жастарға тәлім-тәрбие беру және қоғамдағы бірлікті нығайту бағытында бірқатар игі бастамалардың  жүзеге асатыны айтылды.

Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Орал қалалық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Тамара Сейтақ бала бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіруде отбасының, ата-әженің тәрбиесі мен үлкендердің өнегесі айрықша рөл атқаратыны туралы әңгімелеп, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген маңызды бастамалар мен ел дамуының басым бағыттары жөнінде пікір алмасты. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдардың да өзіндік үлесі бар екені сөз болды. Әсіресе ұлттық құндылықтарды дәріптеу,  отбасы институтын нығайту, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы айтылды.

DSC03327

– Қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осындай өнегелі басқосулар ағайын арасындағы байланысты нығайтып, отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің маңызын арттыра түсері сөзсіз. Алдағы уақытта да елдік мүдде жолында бірлесе еңбек етіп, қоғамға пайдалы істерді жалғастыра береміз, – деді отырысты түйіндеген Арман Маратұлы.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале