Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Қадыр аялдамасы» жобасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының авторы Мөлдір Айтбаймен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Ашық-жарқын мінезді, өзін еркін ұстайтын ақын қыз көрерменді бірден өзіне баурап алды. Мөлдір ақынмен кездесу ресми сипаттағы сұхбаттан гөрі, еркін әңгіме мен шынайы сырласуға ұласты.
Оның шығармашылық жолында айтыс өнерінің де, жазба поэзияның да өзіндік орны бар. Ақынның өзі ауторлық еткен «Мөлдір өлең» жобасы да адамдардың бәрі өлең оқыса екен деген асқақ арманнан туған дүние. Кездесуде осы жобаның қалай басталғаны, оның жүзеге асу барысындағы қызықты оқиғалар мен ақындық жолда жинақталған тәжірибе ортаға салынды.
Әдеби кештің «Қадыр ізімен…» деп аталатын бөлімінде ақынға Қадыр Мырза Әлінің өлең жолдары ұсынылып, оны тосыннан жалғастыру тапсырылды. Мұнда дайындықпен келген жауаптан гөрі, сол сәттегі тапқырлық пен суырыпсалмалық маңызды еді. Ақын қыз бұл сыннан да сүрінбей өтіп, өлеңдерді мүдірмей жалғастырып кетті.
Өлеңнің әнге айналып, әуенмен әрленуі де кештің шырайын кіргізді. «Иірім» шығармашылық ұжымының өнерпаздары Мөлдір Айтбайдың сөзіне жазылған әндерді орындап, көрерменге әдемі әсер сыйлады. Өзіміз тыңдап жүрген «Мен сүйсем сүйемін», «Іздемей қойғаның не?», «13 қабырғам» әндерінің сөзінің ауторы Мөлдір Айтбай екенін сол күні білдік.
Мөлдір Айтбайдың өмір жолындағы көпшілік біле бермейтін тағы бір ерекшелігі – спортқа жақындығы. Бүгінде Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған ақын қыздың спортқа деген қызығушылығы бала күнінен басталған. Спорт саласында да биік белестерге қол жеткізген Мөлдір Айтбай қай салада да жетістікке жетуі үшін еңбек пен табандылықтың қажет екендігін атап өтті.

Әуезді ән мен әсерлі өлең тоғысқан кеште жүрекке жылылық сыйлаған сәттер көп болды. Соның бірі болашақ сәбиінің ұл не қыз екенін ақын Мөлдір Айтбайдың өз аузынан естіген жас отбасының қуанышы еді. Конвертті ашқан Мөлдір ақын сол сәтте өзі шығарған өлеңді оқып, қуанышты хабарды сүйіншіледі.
... Ғаламның тірегі – мөп-мөлдір махаббат,
Махаббат лебімен ата-ана атанад(ы).
Ғаламға басады қадамын ең алғаш,
Шаңырақ шаттығы секілді шақалақ.
Жүрегін жұбатқан түндерде жыр бөлеп,
Сезімнің демімен дүние гүлдемек.
Бір-бірін шын сүйген екеудің киелі,
Отының басына ұл келед(і), ұл келед(і), – деген жыр жолдары оқылған сәтте залдағы көрермен екі жаспен бірге қуанды.
Рухани кеште жас өнерпаздардың ақын өлеңдерін оқуы, көрерменнің өтінішімен Мөлдір Айтбайдың өзі де жырларын орындауы кездесуді шынайы әдеби жүздесуге айналдырды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»