6.11.2026, 17:45
Оқылды: 19

Бәйтеректе өсім бар: өнім мол, өріс кең

Биыл Бәйтерек ауданында ауыл шаруашылығы  дақылдарының  егіс  көлемі  267,1  мың  гектарды  құрады.  Оның  ішінде  56,6  мың  гектарға  күздік,  98,5  мың  гектарға  жаздық  дәнді  дақылдар,  93,6  мың  гектарға  майлы  дақылдар  егілді.  Егін  жинау  қорытындысы  бойынша  күздік  дақылдардың  орташа  өнімділігі  гектарына  31  центнер,  жаздық  дақылдардікі  13,3  центнерге  жетті.  Майлы  дақылдарды  жинау  жұмысы  жалғасуда,  оның  орташа  өнімділігі  –  гектарына  8  центнер.  Бұл  туралы  аудан  әкімі  Марат  Тоқжанов  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  баяндады. 

WhatsApp Image 2026-10-27 at 11.45.26

Қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 72,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға өсті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі – 33,1 млрд теңге, мал шаруашылығының үлесі –  39,2 млрд теңге. Ет өндірісі 16,9 мың тоннаға, сүт өндірісі 51,8 мың тоннаға жетті. Жұмыртқа өндірісі 15,2 млн дананы құрады. Ауданда 107 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді, 2026 жылы 584 бас асыл тұқымды мал сатып алынды. Жергілікті кооперативтер мен кәсіпкерлер тұрғындардан сүт қабылдап, өнімдерін тұтынып, саттыққа шығаруда. Аудан әкімі шаруашылықтардың техникалық әлеуетін арттыруға да басымдық беріліп жатқанын атап өтті.

– Биыл 4,8 млрд теңгеден аса қаражатқа 135 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды. Сонымен қатар шаруашылықтарға осы мақсатта 2,3 млрд теңгеге жуық субсидия бе-рілді. Ауданда сүт өндіру және өңдеу бағытында жобалар жалғасуда. Ауыл тұрғындарынан сүт қабылдап, одан түрлі өнім өндіретін кооперативтердің қызметі жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

2026 жылы ауданға 71,8 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 2,9 млрд теңгесі – бюджеттік, 68,9 млрд теңгесі – жеке  инвестициялар. Қаражат өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Өнеркәсіп саласында сұйық метанол өндіретін зауыт салу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, өндірістік жабдықтарды жаңарту жобалары қарастырылған. Ауыл шаруашылығында құс фабрикасын кеңейту, сүт-тауар фермасын салу, көкөніс қоймасын ашу, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру және суармалы жер көлемін ұлғайту көзделген. Ауданда 3452 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 3166-сы жұмыс істеп тұр. Бұл салада 8 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сондай-ақ 37 шағын өндірістік цехта 252 адам жұмыс істейді. Цехтар өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,2 млрд теңгеге жетті, – деді аудан басшысы.

Ауыл кәсіпкерлерін қолдауда «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор екені белгілі. 2025-2026 жылдарды қоса есептегенде, бәйтеректіктер жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеден асатын
130 жобаны қарауға ұсынған. Нәтижесінде 94 азаматқа 1,7 млрд теңгеге жуық несие берілді. Қаржы мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, өнім өңдеуге, техника сатып алуға және шағын бизнесті қолдауға бағытталды.

Марат Лұқпанұлының сөзінше, аудан халқын жұмыспен қамту мәселесі тұрақты бақылауда. 2026 жылдың 1 қазанындағы көрсеткішке сәйкес, ауданда 1071 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 111%-ға орындалды.

– Мансап орталығы арқылы 1049 адам жұмыспен қамтылды. Ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды құрады. Одан бөлек әлеуметтік қолдау іс-шаралары да жалғасуда. Соңғы үш жылда 106 адам қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін бастады. 2026 жылы тағы алты адамға грант берілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен грант аясында қолдаудың нәтижесінде мұқтаж отбасылардың кәсіпкерлікпен айналысуына және табысын арттыруына мүмкіндік жасалуда.

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағыты да назарымызда. Бүгінде халықтың 99,9 %-ы таза ауыз сумен, 99,5%-ы газбен қамтылған. 2025 жылдан бері ауданға қарасты жеті ауылда ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, тағы 12 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылды. Раздольный ауылын газдандыру жұмысы да жалғасуда. Жол инфрақұрылымын жақсарту да маңызды міндетіміз. Аудан бойынша аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 868,6 шақырымды құрайды. Биыл Сұлукөл ауылының ішкі жолын, Мирный мен Жалын ауылдарына кіреберіс жолдарды, сондай-ақ Қаражар мен Поливной ауылдарына алып баратын жолдарды күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында 2025 жылы 10 ауылда 74 пәтер пайдалануға берілді. 2026 жылы 13 ауылда жалпы саны 92 пәтерді қамтитын тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, тапсырылуда. Сонымен қатар аудан орталығында 33 пәтерден тұратын үш қабатты тұрғын үй салынуда. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 92 пәтер сатып алу жоспарланып, оның 50-і сатып алынды. Білім беру саласында да жаңа нысандар іске қосылуда. Озерный ауылында 108 оқушыға арналған шағын жинақты мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйектен бастап пайдалануға берілді. «ҚПО б. в.»  қаражаты есебінен Достық ауылдық клубының құрылысы және «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Макаров ауылындағы және Көшім ауылында клуб ғимараттарының құрылысы аяқталды. Нысандар алдағы уақытта пайдалануға беріледі, – деді Марат Тоқжанов баяндамасында.

Аш

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысында Бәйтерек ауданында 98 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі дерекпен салыстырғанда 22-ге аз. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 42-ден 36-ға, алаяқтық дерегі 22-ден 15-ке төмендеді. Ұрлық деректері де азайған.

Жоспарға сай инвестициялық жобаларды іске асырып, жаңа жұмыс орындарын ашу және аудан тұрғындарының әл-ауқатын одан әрі жақсарту алдағы кезеңдегі маңызды міндет екенін тілге тиек етті аудан  әкімі.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале