Батыс Қазақстан облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына арналған түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР мемлекеттік қызмет істер агенттігінің БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР мемлекеттік қызмет істер агенттігінің БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М. Байсалов, облыстық білім басқармасының басшысы Е. Сафуллин және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, заңнама талаптарын сақтау, басқарушылық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және білім беру процесіне әдістемелік қолдау көрсету мәселелері қаралды.
Департамент басшысы М. Байсалов Мемлекет басшысы айқындаған «Адал азамат» тұжырымдамасына тоқталып, балалардың бойында адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бұл бағытта ата-аналар мен тәрбиешілердің бірлескен жұмысына назар аударды.
Іс-шара аясында қаладағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиеленушілері қатысқан «Адалдық әлемі» сурет байқауының көрмесі ұйымдастырылды. Байқауға 50-ден астам сурет ұсынылды.

Балалар тәрбиешілерімен бірге өз жұмыстарын таныстырып, суреттері арқылы адалдық, әділдік, достық және жауапкершілік туралы түсініктерін жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша I, II және III орын иегерлері, сондай-ақ түрлі номинациялар бойынша ерекшеленген қатысушылар марапатталды.