10.11.2026, 10:45
Оқылды: 6

Айбатырдың алтыны

Астана қаласында кураштан өткен XV Әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде  белдескен жерлесіміз Айбатыр Миразат алтын медаль иеленді.

Айбатыр Миразат

Еліміздің бас қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған осы халықаралық додаға әлемнің 80-нен астам елінен 450-ге жуық спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде медальдарды сарапқа салды. Қазақстан құрамасы атынан 16 балуан сынға түсті. Ел намысын қорғаған спортшылар 2026 жылғы Қазақстан және Азия шемпионатының қорытындысы бойынша іріктелген бозкілем шеберлері. Оларға қазақстандық белді спортшы Ғұмар Қырғызбаев бас бапкер болды.

Жарыстың алғашқы күнінде 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Айбатыр Миразат қарсыластарынан басым түсіп, қоржынға алғаш алтын салды. «Қазинформ» агенттігінің мәліметінше, Айбатыр алдымен түрік, содан кейін қырғыз спортшысын қапы қалдырған. Жартылай финалда өзбек балуанынан айласын асырса, соңғы белдесуде тәжікстандық Хақдод Гуловті жеңген. Балуанның бала кезінен спортта шыңдалуына себепкер болған әкесі Айбек Ишанов Айбатырдың тәжік қарсыласымен бұған дейін де белдескенін  айтты.

– Ұлым осы жылдың маусымында Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен Азия шемпионатында Хақдод Гуловпен кездесіп, есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болған еді. Соның қарымтасын Астанада қайырды. Айбатыр – қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан кубогінің екі дүркін жеңімпазы, 23 жасқа дейінгілер арасында ел шемпионы және Қажымұқан атындағы әлем кубогінің күміс жүлдегері, – деді А. Ишанов.

Айбатыр Миразат 2005 жылы Жаңақала ауданындағы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының белді мүшесі, спорт шебері. Бүгінде ол Бәйтерек ауданындағы Шалғай ауылында жас спортшыларды тәрбиелеп, отандық спорттың дамуына үлес  қосып келеді.

 

Нұр-Ғұмыр Жанқожа,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале