11.11.2026, 11:30
Оқылды: 34

Қазыналы қартымыз

Көне шаһар Оралдың бар тарихын бойына жиып тұрған, кешегі күн  Қасым ақын тамсанып жырға қосқан, қаламыздың бас көшесінің адамдар нөпірі арасынан көне көз алдыңғы буын абыз ағалардың бой көрсетіп жүруі көңіл қуантады. Білгенге бүгінгі болған-толған қалпымыздың үлесі үлкендерімізде. Солардың бірі – тоқсан жасқа тың жетіп отырған ардагер ұстаз, ғалым Ахметов Мереке Ғұсманұлы ағамыз.

WhatsApp Image 2026-11-10 at 11.17.46

Тоқсандағы кейіпкеріміздің жүрісі ширақ, еңсесі тік, көз-құлақ қалыпты, киімі денесіне құйып қойғандай үйлесім тапқан. Бұл сыртқы келбеті болса, ішкі рухани әлемін нұры таймаған көзі, жүйелі сөзі, хатталған жады анық аңғартып тұр.

Ойпырмай дейсің, балалық шағы өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдар ашаршылығы мен қырғын соғыс тұсына тап келіп, одан кейінгі есею жылдар тауқыметі де бір қиссаға жетерлік болғанымен, райы мен шырайын бермеген не қылған сүйегі асыл азамат.

Физикалық қуаты, генетикалық коды мықты ағамыздың сексенде студенттерге дәріс оқып, тоқсанда топ алдында сапта жүруін бір адамның өмір өлшемі деп қарамай, бір ұлттың өмір сүру ұзақтығы артуының алғышарттары, ұлттық дәстүрдегі абыздық рөлдің қайта жаңғыруы деп қабылдаған дұрыс. Тәуелсіздігімізге тәубе айтып, бейбіт өмірде бала, әке, ата – үш буынның иық тірестіре қатар жұмыс істеуі санымызбен қатар сапамыздың өсуі, көштің басында көшелі аға ұрпақтың тұруы – тарих толқынында тамырынан ажырамаған тегіміздің түлеуі.

Сексен мен тоқсан жас қазақ үшін алынбаған қамал, аспаған асу емес. Әйтсе де, жұртымыздың жады жыраулық поэзияда «Сексен деген жасыңыз, Қараңғы тұман түн екен, Тоқсан деген жасыңыз, Құрулы тұрған тор екен» деп аса құштарлық шақыра қоймайды.

Сол көңілсіз сексен мен тоқсанның жаңа заман, бейбіт өмірде көбесінің сөгілгенін көзіміз көріп келеді. Мұның сырын қазақтың арғы-бергі әдебиетін жетік білетін академик Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың «сексенге дейін сапта болам» деген әңгімесін естіп түйсінгенмін. Тұрсекең: «Мына менің оқымаған, тұрмыстың тауқыметін көп көрген әкем сексен жас жасағанда, көзіміз ашық, көңіліміз хош, дәрігердің бақылауында жүрген маған сексенге дейін сапта болмау ұят» деген болатын. Жазмышта бар болар, бірақ ішкі жан-дүниенің құлақ күйін келтіріп, қайрап жігерлендіру де керек сияқты. Осындай көз көрген, сүйегі асыл ағалар сексеннің бояуын қоюлатпай, тоқсанның тұздығының кермек дәмін білдіртпей тік өтті. Уақыт өткен  сайын сексенді алқымдаған, тоқсанға қарай қара үзіп бара жатқан қазағымның қарасының көбеюі көңіл қуантады. Біздікі патша көңілден ән болып ұшқан «Қарттарым, аман сау жүрші» тілек ғана.

Осылай деп келіп, ендігі әңгімені қазыналы қартымыз Мереке Ғұсманұлының өмірі мен шығармашылығына қарай бұратын болсақ, ағамыздың өмір дерек парақшасында 1936 жыл 5 қараша Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген деген жазу бар. Жымпитылықпын деп жүретін ағамыздың Оңтүстікте кіндігі кесілуі отбасы мен өңір тарихына көңіл аудартады. Мереке ағамыздың әкесі Ғұсман Ахметов ХХ ғасырдың басында өңірімізден шыққан алғашқы мұғалімдердің бірі. Бұл кісі жөнінде толығырақ білгісі келетіндердің қаперіне 2002 жылы ұрпақтары шығарған «Өмір атты теңізде» естелік жинағы барын қайыра еске салып өтеміз. Аталмыш жинақта 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің өңірлік дерегі, Сәкен Сейфуллин сынды аяулы азаматтың Орал күндері Ғұсман ақсақалдың жазбалары арқылы боямасыз берілген. Мұнан басқа аутор тарихи тұлғалар мен тарихи мекендерді, тарихи кезең шындықтарын сол қалпында жеткізген. Естелік кітапты оқып отырып Мереке ағамыздың ұстаздық жолды таңдауына әкесі Ғұсман ақсақалдың бағыт бергендігін аңғарғандайсың.

Өмірбаян мәліметтерінде Мереке Ғұсманұлы 1962 жылы А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, №11 мектепте физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1964-1970 жылдары Орал облыстық кәсіптік білім беру басқармасының жанындағы оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері, соңынан сол кабинеттің меңгерушісі қызметін атқарады. 1968 жылы «Кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. 1970 жылы педагогикалық институттың шақыруымен физика кафе-драсына жұмысқа алынады. Жұмыс жасай жүріп, Мәскеудегі Оқытудың мазмұны және әдістемесі жөніндегі ғылыми-зерттеу институты аспирантурасында ғылыми жұмысын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады. 1991 жылы Батыс Қазақстан облыстық мұғалімдердің білімін арттыру  институтының ғылыми-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры болып тағайындалады. 2000-2002 жылдары сол институтта «Педагогика және білім берудегі менеджмент» кафедрасын құрады. 2003-2008 жылдары М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетте «Педагогика және бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасын басқарады. 2008-2019 жылдар Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Мереке Ғұсманұлы 70-тен астам ғылыми-әдістемелік еңбектердің  ауторы. Еңбек және тыл ардагері ағамыздың көп жылғы ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздық қызметі ескерусіз қалған емес. Мұның дәлелі ағамыздың кеудесіне тағылған «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», тағы басқа медальдары десек болғандай.

Жалпы педагогикалық еңбек өтілі 60 жылдан асатын Мереке Ғұсманұлының ғылыми-зерттеу еңбектері жас мамандарды оқытудың жаңа технологияларын меңгертуге, педагогика және психология пәндері бойынша тәжірибелік-экспериментальды жұмыстарды ұйымдастыру және өткізудің жолдарын үйретуге бағытталған. Солардың ішінде «Менеджмент негіздері», «Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдерістің теориясы мен технологиясы», «Внутришкольный менеджмент», «Передовой педагогический опыт», «Дипломная работа по педагогике и методике начального обучения», «Причины и коррекция трудностей при обучении младших школьников русскому языку и математике» еңбектері мамандар мен студенттердің сұранысына ие.

Жақында университет құрылтайшылары ардагерлерге дәстүрлі құрмет көрсету кешін өткізді, төрде отырған Мереке ағай көтеріңкі көңіл күймен сөз бастап, кеш соңында салиқалы батасын берді. Тұнып тұрған позитив, жарқын көңіл күй. Мүмкін, мұның сыры азан шақырып қойған Мереке деген есімде жатқан болар. Мүмкін, ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Көтеш ақын айтқан «Сексен түгіл, тоқсанға болмас едім, Ұсақ турап ет берсең балбыратып» деген отбасылық мамыражай тірлікте болар.

Сөз соңында Мереке Ғұсманұлына 90 жасыңыз құтты болсын дей келіп, сізді қадір тұтатын кейінгі буын атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Қазыналы қартымыз болып ортамызда жүре беріңіз демекпіз.

Азамат Мамыров,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық

университетінің профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале