11.11.2026, 10:00
Оқылды: 36

Жастарды газет оқу мәдениетіне баулиық!

Газет атаулы мерзімді, уақытша не бір рет қана шығатын басылым емес пе? Әрине, көпшілік осылай ойлары хақ. Тарихи қатпарына бойласақ, бәрі ежелгі Шығыс қалаларында көпшілік орындарға ілінетін хан жарлықтарынан бастау алған.

WhatsApp Image 2026-11-10 at 11.18.16

XVI ғасырда Венецияда «жаңалық жазушылар орталығы» құрылып, арнаулы ақпараттарын «газета» (италияша gazzetta – «базар нарқы туралы ақпарат сатып алуға арналған ұсақ ақша» мағынасында) деп аталатын тиынға сатқан. 1631 жылы француздық «La Gazzette» мерзімді басылымының шығуына байланысты «газета» термині осы заманғы мағынасына ие болған. Ал қазақ тіліндегі тұңғыш басылымдар «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1882 ж.ж.) мен «Дала уәлаятының газеті» (1888-1902 ж.ж.) екені мәлім. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары ұлттық мүддені көздеп, бұқаралық сананы оятуға ұмтылған «Қазақ» газеті (1913), «Серке» (1907) басылымдарын шығаруды қолға алған. Қазіргі кезде елімізде қазақ тілінде 100-ге тарта газеттер шығарылады («Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» т.б.). Олар шартты түрде ресми, тәуелсіз, партиялық т.б., сондай-ақ орталық (республикалық), облыстық, қалалық, аудандық газеттерге бөлінері белгілі.

Анығы, газет несімен құнды? Қазіргі ақпараттық дәуірде газеттің орнын әлеуметтік желі, кітаптың орнын планшет басып жатқаны жасырын емес. Бұған интернеттің барлық жерде қолжетімді болуы өз әсерін тигізуде. Алайда бұл дәстүрлі басылымның күні қараң деген сөз емес. Мүлдем олай емес. Дүние жаңарып, жаңа технология өмірімізге толығымен енген күннің өзінде газет елмен бірге жасай бермек. Себебі дәстүрлі басылым – тұнған тарих, құнды құжат. Десе де, ел ішінде «Газеттің дәуірі өтті, енді керегі жоқ» деген кертартпа пікір білдіретіндер де жоқ емес.

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтама бергені белгілі. Ол – ел бойынша тұңғыш «Қазақ» газетін шығарып, күллі алаштың көзін ашқан ағартушы ғалым. Асылы, «Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» болатын газет – түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына. Халықты сауаттандырып, көзін ашатын ақпарат құралы.

Газетке деген немқұрайлылық та жоқ емес. Десек те, әлемнің кез келген озық мемлекетінде қағаз түріндегі басылымдар тұрақты түрде шығуда. Мәселен, технология жағынан дамыған Жапонияның өзінде күніге екі рет – таңертең және кешке тоғыз миллион таралыммен шығатын газеттер бар. Себебі дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Тіпті АҚШ елінде, мына тұрған Түркия жерінде ай, апта емес, күн сайын миллиондаған таралыммен газет шығады және олар оқылады. Бұл елдердің қарқынды түрде дамып, өркендеп жатуының құпиясы да осы жерде жатуы әбден мүмкін. Өйткені газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болары сөзсіз. Ал ғылымы бар елдер міндетті түрде алға дамиды. Демек, газет – бұл қоғамдағы маңызды жаңалықтарды, оқиғаларды, мақалалар мен талдауларды тұрақты түрде (күнделікті немесе апталық) жариялап тұратын мерзімді баспа немесе электронды басылым.

Жинақтай айтсақ, газеттің қажеттілігі адамдарды елдегі және әлемдегі соңғы саяси, экономикалық, мәдени және спорттық жаңалықтардан хабардар етуінде, оқырмандардың білімін арттырып, танымдық мақалалар мен ғылыми деректерді таратуында, түрлі мәселелерді талқылау алаңына айналып, халықтың көзқарасына ықпал етуінде, кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы байланысты қамтамасыз етуінде. Ал газеттің құндылығы әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпараттарға қарағанда, газеттегі мақалалар журналистік сүзгіден, редакциялық тексерістен өтуінде. Газет – өткен күннің құжатталған тарихы. Ол белгілі бір дәуірдің тыныс-тіршілігін, мәдениетін сақтап қалатын құнды жәдігер. Газет беттерінде сауатты, әдеби тіл нормалары сақталады, бұл ана тілінің тазалығын сақтауға көмектеседі.

Негізгі артықшылығы – ақпараттың шынайылығы мен сапасында. Әлеуметтік желілердегі «фейк» (жалған) ақпараттармен салыстырғанда, газет-журналдардағы мақалалар мұқият тексерістен, редакциялық сүзгіден және корректорлық бақылаудан өтеді. Бұл оқырманға нақты әрі ресми ақпарат алуға мүмкіндік береді;

Талдамалы мазмұнында. Газет беттерінде тек құрғақ жаңалықтар ғана емес, оқиғаның мән-жайын тереңінен ашатын сараптамалар, белгілі тұлғалармен сұхбаттар мен зерттеу мақалалары жиі жарияланады;

Көз бен психологияға әсерінде. Экранға қарап ақпарат оқығаннан көрі, қолына газет немесе сапалы суреттері бар журналды ұстап оқу – адамға ерекше эстетикалық ләззат сыйлайды және зейінді шоғырландыруға көмектеседі;

Тіл мен стиль ерекшелігінде. Мерзімді басылымдар – ана тіліміздің тазалығын сақтаушы басты құралдардың бірі. Газет-журналдарды тұрақты оқу сөздік қорды байытады, сауаттылықты арттырады және ойды жүйелі жеткізуге баулиды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған журналдардың тәрбиелік мәні өте зор деп білеміз. Қысқасы, мерзімді басылымдар – бұл жай ғана қағаз емес, бұл – елдің шежіресі, мәдениеті мен руханияты. Заман ағымына сай олардың электронды нұсқаларының (PDF немесе сайт түрінде) қатар дамуы өте құптарлық жайт. Сапалы зерттеулер мен шынайы ақпарат іздеген әрбір саналы азамат үшін газет-журнал оқу әлі де трендте қалуы  тиіс...

Өңірлік төл басылымымыз «Орал өңірі» газетіне дәстүрлі дағдыммен бір жылға толық жазылуды ұйғардым. Мені бір топ шәкірттерім де қолдай кетті. Олар – магистрант Айкөркем Қалекесова, Қазақстан Республикасы Президенті атындағы шәкіртақы иегерлері Айша Хансұлтанова, Аяжан Абухан, дипломшы студенттерім Нұрайна Аманғалиева, Жанайна Сейітжанова,  Жұлдыз Қуандықова сынды таланттар.

Ізгі құндылықтар қоғамымыздың иммунитеті емес пе? Басылым беттерінде еліміздегі реформалардың түпкі межесі ұлт сапасын жақсарту бағытындағы материалдарды көргіміз келеді-ақ. Әрине, «Орал өңірі» басылымы бетінде мемлекеттік тіл мәселесі және кітап оқу дағдысы туралы тұрақты әрі жиірек жазылып, журналистік зерттеулерге көбірек орын берілсе, нұр үстіне нұр болар еді...

Абат Қыдыршаев,

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қоғамдық даму  департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының  докторы,  профессор, Қазақстан  Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Ұлттық құндылықтар  академиясының  академигі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің  иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале