10.11.2026, 12:15
Оқылды: 8

Ғылыммен өрбіген ғұмыр

Биылғы жылдың 4 қарашасында ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бейбіт Нәсиев асқаралы алпыс жасқа толды. Осыған орай Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да «Қазақстанда жайылым экожүйелерін тұрақты басқару» деген атаумен республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.

WhatsApp Image 2026-11-09 at 15.17.37

Бұл күні университеттің әкімшілік ғимаратына жиналғандар көп болды. Профессордың мерейтойына орай ұйымдастырылған семинарға облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, Ақ Жайық өңірі мен өзге облыстан келген ғалымдар және Бейбіт Нәсиұлының жақындары қатысты. Іс-шараны Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректоры, академик Асқар Наметов жүргізіп отырды. Алдымен экраннан кеш кейіпкерінің өмірі мен ғылымдағы жетістіктерін баян ететін бейнеролик көрсетілді.

Бейбіт Нәсиұлы 1966 жылы 4 қарашада сол кездегі Орда ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген. 1983 жылы туған ауылындағы Ф. Энгельс атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтының «Агрономия» факультетіне оқуға түсті. 1985-1987 жылдары әскери қызметін атқарып, жоғары оқу ордасында білімін жалғастырды. Ол 1990 жылы БҚАШИ «Агрономия» факультетін үздік бітіріп, осы институттың ғылым бөліміне жас ғалым ретінде қалды. 1991 жылы Мәскеу қаласындағы В. Вильямс атындағы Бүкілресейлік мал азығы ғылыми-зерттеу институтының күндізгі бөліміне аспирантураға түсіп, 1994 жылы ауылшаруашылығы ғылымдарының докторлары Ю. Новоселов пен А. Шпаковтың жетекшілігімен «Ресейдің орталық күлгін топырақты аймағында көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптер мен жабынды дақылдардан жоғары өнімді ақуыз агрофитоценоздарын құрастыру» атты кандидаттық диссертациясын сәтті  қорғады. Кейін 1994-2003 жылдары «Астық» қауымдастығының бас маманы, бөлім бастығы, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан облысы өкілдігінің бас маманы, «Дән қамту» АҚ (Орал қ.) учаске бастығы болып еңбек етті. 2003 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының доценті ретінде жұмысқа қабылданды.

2003-2006 жылдары ҚР ҰҒА академигі Р. Елешевтің жетекшілігімен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының докторантурасының күндізгі бөлімінде білім алып, 2007 жылы В. Вильямс атындағы Бүкілресейлік мал азығы ғылыми-зерттеу институтының диссертациялық кеңесінде «Батыс Қазақстан жағдайында дәнді және жемшөп дақылдарын өсіру жүйесін жетілдіруді ғылыми негіздеу» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 2007 жылдан бастап Жәңгір хан атындағы БҚАТУ қабырғасында түрлі қызмет атқарды. Қазіргі таңда аталмыш оқу ордасында Ветеринария және агротехнология институтының профессоры лауазымында еңбек етуде. Саналы ғұмырын ғылымға сарп еткен жан 2009, 2015 жылдары «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Профессор Б. Нәсиевтің жетекшілігімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде жемшөптің өнімділігі мен ақуыздық құндылығын 12-15%-ға дейін арттыратын, құрамында алмасу энергиясының 9,5-10 МДж/кг тең жоғарғы өнімді шабындық-жайылымдық ретінде пайдаланылатын мал азықтық алқаптар қалыптастырылды. Өндіріске енгізу барысында әзірленген технологиялар есебінен жемшөп алқаптарының өнімділігі 27-32%-ға және мал шаруашылығы өнімдері 20-25%-ға арттырылды. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданы «Мирас» шаруа қожалығында, Бәйтерек ауданы «Дәуқара» шаруа қожалығында бірнеше ғылыми-зерттеу жүргізіп, өндіріске енгізді. Бұл ғылыми жетістіктер Қазақстанның Батыс өңірінің жайылымдық шаруашылықтарында әлі күнге дейін оң әсерін беріп келеді. Профессор Б. Нәсиевтің бастамасымен Батыс Қазақстан облысының далалық және шалғындық жемшөп өндірісінің ғылыми мектебі құрылды. «Агрономия», Топырақтану және агрохимия мамандықтары бойынша 5 PhD докторы, «Агрономия», «Топырақтану және агрохимия», «Экология», «Жерге орналастыру» мамандықтары бойынша 50-ден астам ғылым магистрлері даярланды. Қазіргі уақытта 8 PhD докторанты мен 4 магистранттың ғылыми кеңесшісі-жетекшісі болып еңбек етуде.

Іс-шарада сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин мерейгерді құттықтап, басқарма алғысхатын табыстап, иығына шапан жапты. Одан кейін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Болат Мұхамбетов Б. Нәсиұлының ғылыми еңбектері көршілес өңірдегі жайылым жерлердің көркеюіне де сеп болғанын тілге тиек етті. Баяндама легін жалғаған Ш. Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің профессоры Аманбай Қарынбаев Оңтүстік Қазақстандағы аграрлық ахуалды айтып, академик Бейбіт Нәбиұлымен бірлесіп шешер мәселелер бар екенін жеткізді. Университет ректоры Асқар Наметов мерейгердің ғылымға қосар үлесі бар екенін сөзіне өзек етіп, отбасына амандық, толайым табыс тіледі.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале